18.11.2025
12:40
537
Қарақат Әбден аралас неке жайлы даулы ұсынысы туралы пікір білдірді

Қарақат Әбден аралас неке жайлы даулы ұсынысы туралы пікір білдірді

Мәжіліс депутаты Қарақат Әбден El-Women жобасына берген сұхбатында қоғамда қызу талқыланған бастамаларының бірі — қазақстандық қыздардың шетел азаматтарына тұрмысқа шығуына салық енгізу туралы ұсынысына қатысты пікірін жаңадан түсіндірді, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Депутаттың айтуынша, бұл сөз президенттік сайлау науқаны кезінде қысқа лозунг ретінде айтылған. 

Бұл - президенттік сайлау кезінде айтылған нәрсе. Сол уақытта айттым, енді мойындамаймын дегенім дұрыс емес. Ол қысқаша лозунг түрінде айтылған еді. Бірақ оның астарында біздің салт-дәстүрімізге, мәдениетімізге құрметпен қарау деген сөз жатыр. Ал сол қысқа уақытта, бір айдың ішінде халық пен сайлаушылар дұрыс түсінуі үшін сондай түрде айтылды. Бірақ, әрине, бұл жағдайда әр адамның оқиғасы бөлек қаралуы керек. Ең бастысы, екі адам бір-бірін жақсы көрсе, есеппен үйленбесе болды. Жақында ұлты өзбек досымның қызы италиялық жігітке күйеуге шықты. Енді оны қалай дұрыс емес деп айтасың? Екеуі бір-бірін шын жақсы көріп тұр. Тіпті, анау италиялық жігіт мұсылмандық алып, дінін де ауыстырған. Міне, жақсы көргені соншалықты өзінің дінінен біздің дінге көшкен. Бұл тренд қуу емес, шынайы адамның сезімі, - деді депутат.

Қарақат Әбден бүгінде бұл мәселені жалпыға бірдей ереже ретінде қарастыруға болмайтынын атап өтті. Оның айтуынша, әр адамның өмірлік жағдайы ерекше және аралас некелердің бәрін бір өлшеммен бағалау дұрыс емес.

Ол қазақ тарихында да аралас некелердің болғанын, бұл құбылыстың табиғи екенін, бірақ ұлттық деңгейдегі тенденцияға айналуы тиіс емес екенін қоса айтты. 

Біздің ата-бабаларымыз да сөйткен. Басқа ұлттың қыздарына қызығып, алған. Немесе біздің қазақтың қыздары да басқа ұлт өкілдеріне күйеуге шыққан кездері болды. Бұл негізінен тенденция болмауы керек, - дейді Қарақат Әбден.