Қаралы қаңтар: Бөлімшелерге оқ атылып, фронт-кеңселері өртенді

11 Қаңтар 2023, 15:00 3819

Қатардағы қызметкерлер төтенше жағдай кезінде заң аясында әрекет етті

Бір жыл бұрын елде орын алған қақтығыста батылдық танытқандар мен зардап шеккендердің барлығы дерлік өздерінің құқықтарын қорғауды көздеді. Бұл оқиғадан кейін көптеген тергеу жұмыстары мен қатар үлкен өзгерістер орын алды. Осы ретте жергілікті атқарушы органдар, заң аясында жұмыс жасайтын мамандар да көп күш жұмсады. El.kz ақпарат агенттігінің тілшісі ішкі істер министрлігінің өткізген тексерісінің қорытынды есебі бойынша қызметкерлердің еңбегіне шолу жасады.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша төтенше жағдайдан кейін арнайы комиссия құрылып, заңнамалар бекітіліп, қызметтік акт бойынша тексеріс жұмыстары басталды. Үкімет пен жергілікті атқарушы органдар бекітілген тапсырманы орындау үшін барлық күш-жігерін жұмсады. Нәтижесі оң десек те болады. Әрине, қайғылы қаңтар халық жадынан кетпесе де, кейбіріне орны толмас қайғы әкелсе де, мемлекет тарапынан ешқайсы елеусіз қалмады. Бұл туралы ҚР ІІМ кадр жұмысы департаментінің бастығы Ораз Жолдасов баяндап берді.

"Елімізді қорғауда бірінші қатарда тұрған жауынгерлер аталмыш жағдай орын алғанда күн-түн демей қызмет етті. Жиналғандардың арасында көпшілік пікірін саналы түрде басқара отырып, халық атынан жаңа талаптар қойған кәсіби арандатушылар болды. Дәл сол адамдар қатардағы жауынгерлерге залал келтірді. Оларды тоқтату мақсатында қызметкерлер 60-бапта көрсетілген "құқық қорғау қызметі туралы" заңға сәйкес  "Арнайы құралдар мен дене күшін қолдану" аясында күш қолданды", - дейді ол оқиғаны еске алып.

Террористер 7 қару-жарақ дүкені шабуыл жасап, 1 440 бірлік қару ұрлаған. Қаруланған лаңкестер бірден полиция департаменті мен оның аудандық бөлімшелерін қарулы басып алуға кіріскен.

"Бөлімшелерге барлық жағынан оқ жаудырылы, фронт-кеңселерді өртеді. Кіреберіс қақпаны автокөлік және арнайы техникамен қоршалды. Әскери қызметкерлер айналмалы қорғаныс ұйымдастырып, барынша төтеп берді. Дәл осы кезеңде қаруды қолдану "құқық қорғау қызметі туралы" Заңның 61-бабына сәйкес қолданылды. Тәртіпсіздіктердің салдарын азайту мақсатында қарулы қылмыскерлерге оқ жаудырылды".

Еске алсақ, әскери қызметкерлер қару қолдана бастағанда халық одан сайын дүрлігіп, наразылықтарын білдіре бастаған. Дегенмен егер қызметкерлер қару қолданбаса, трагедия одан да ушығуы мүмкін еді дейді Ораз Жолдасов.

"Өкінішке орай, күш органдарының 19 қызметкері мерт болды. Оның 8-і ІІМ-нің қызметкері болатын. Мемлекет тарапынан күштік құрылымның қаза тапқан барлық қызметкерлерінің отбасыларына материалдық жәрдем көрсетілді. Жарақат алған полицейлер мен әскери қызметшілер саны - 3 037-ге жетті. Олардың 28 – атыс, 177-сүйек сынықтары, 2707-көгеру фактілері тіркелді. Жеке-емделуді әлі де жалғастырып жатқандар бар. Өкініштісі болашақта қызмет атқара алмайтындықтары",- дейді Ораз әріптестерінің батылдығын асқақтатып.

Сын сағатта көз жұмған 19 әскери қызметшілердің әр отбасына 7 миллион теңгеден және оның кәселетке толмаған балаға 2 млн. теңгеден төлемақы берілген. Ауыр жарақат алған 111 қызметшіге 3млн. теңге. Батылдық танытқан азаматтарды балаларына да мемлекет тарапынан түрлі жеңілдіктер қарастырылған.

Негізінен кісі өлтіру - 91, ұрлық - 2504, қару-жарақтың заңсыз айналымы - 440, бұзақылық -368, бөтеннің мүлкіне қасақана зиян келтірудің 188 фактісі тіркелді. 20 мыңнан астам азаматтан жауап алынып, 5 мыңнан астамының түсініктемелеріне сараптама тағайындалған. Мұның барлығы құқық қорғау органдарының қызметкерлерінің атқарған жұмыстары.

"Тергеу қылмыстық процестің үш буынды моделі аясында жүргізілді.  Яғни, полиция, прокуратура, сот. Бүгінгі таңда көптеген қылмыстық істер бойынша түпкілікті іс жүргізу шешімдері қабылданды. 629 айыпталушы сотқа тартылды. Оның ішінде 451 адам бас бостандығынан шектеліп, 122 – бас бостандығынан айырылды. 6-уы қоғамдық жұмыстарға, айыппұлға да алты адам ілікті. Бірқатар күдіктілер жәбірленушілерге келтірілген залалды өз еркімен өтеді. Кейбір істер екі тараптың татуласуына байланысты сотқа дейін шешілді".

Жоғарыда айтылғандай лаңкестер полиция бөлімшелерін басып алуға тырысқа. Салдарынан 25 полиция ғимараты және 19 модульдік бекет бүлінген. Шығын 3 млрд. теңгені құрады.

"Ғимараттарды қалпына келтіруге Үкімет резервінен қаражат бөлінді. Бірақ 16-сы қалпына келтіруге жатпайды. Сонымен қатар, қаңтар айындағы оқиғалар барысында 900 бейнебақылау камерасы зақымданды. Бұл Алматы, Шымкент, Ақтөбе Қызылорда, Талдықорған және Тараз қалаларына қатысты", - дейді ол.

P/s. Тарих пен халық жадында қасіретті қаңтар деп есте қалған бұл кезеңнен барлығы дерлік үлкен сабақ алды. Арандатушылардың қақпанына түскен азаматтық қоғам мемлекет ісіне саналы түрде араласып, саяси тұрғыда шешуге болатынын түсінді. Зардап шеккендерге барлық жағдай жасалды. Полиция қызметкерлерінің әлеуетін жоғарылату мәселесі алдағы уақытта күн тәртібінен түспесі анық. 

 

Айым Даниярқызы
Бөлісу: