Қарағандылық полицейлер боранды күнде жолға шыққан жүргізушілерді жазалауда

8 Қаңтар 2023, 10:45 1451

Боранды күндері жолға шыққан жүргізушілер 15 күнге қамалады

Қарағандылық полицейлер заңды талапқа бағынбаған жүргізушілерді жауапкершілікке тартты, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

5 қаңтар күні ауа райының қолайсыздығына байланысты Алматы – Екатеринбург тас жолының Қарағанды және Балқаш қалаларының учаскесі басқа да республикалық маңызы бар тас жолдар сияқты жабылған болатын.

Азаматтардың қауіпсіздігін сақтау мақсатында Балқаш қаласынан шыға беріс жолға қалалық полиция бөлімі қызметкерлерінен блок-бекет қойылды.

Полиция қызметкерлерімен жасалған шектеулерге қарамастан, үш жүргізуші полицияның заңды талаптарына бағынбай Қарағанды қаласына қарай жолға шығып кеткен.

Сол күні сағат 20:00 шамасында полиция қызметкерлерімен Қарағанды қаласында 41 жастағы елордалық тұрғынның басқаруындағы Hyundai Creta автокөлігі тоқтатылды. Көлік тізгінінде отырған азаматшаға қатысты Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 667-бабына сәйкес хаттама толтырылды.

7 қаңтар күні облыстық Полиция департаменті Жергілікті полиция қызметі басқармасының іздестіру бөлімі қызметкерлерімен Түркістан қаласының 37 жастағы тұрғынының басқаруындағы Toyota Prado және Астана қаласының 32 жастағы тұрғынының басқаруындағы Lada-21144 көліктері анықталды. Құқық бұзушыларға Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 667-бабы бойынша «Құқық қорғау органы қызметкерлерінің заңды талаптарына бағынбау» хаттама толтырылды.

Бұл баптың санкциясына сәйкес құқық бұзушыларға айыппұл немесе 15 тәулікке қамауға алу әкімшілік жазасы көзделген. Жинақталған материалдар жүргізушілердің тұрғылықты жерлері бойынша шешім қабылдау үшін сотқа жіберілді.

Қарағанды облысы Полиция департаменті жүргізушілерден ауа райы болжамдарына назар аударып, жол жабылған жағдайда жолға шықпауды, сондай-ақ полицияның заңды талаптарын орындауды сұрайды. 

EL.KZ
Бөлісу: