Қарағандылық оқушы Джон Хопкинс университетіне оқуға шақырылды

7 Наурыз 2023, 07:13 1005

Адина Жайловаға Американың үздік төрт университетінен ұсыныс түскен

Қарағандылық оқушы Адина Жайлова Американың үздік төрт университетіне оқуға шақыру алды, деп хабарлайды El.kz облыс әкімдігіне сілтеме жасап.

Ол Джон Хопкинс университетін таңдап, биохимияны зерттеуді жоспарлап отыр.

Адина 12-сыныпта оқиды. Ол өз өтінімдерін бірнеше әлемдік жоғары оқу орындарына жіберді. Джон Хопкинс университетіне (John Hopkins University), сондай-ақ Питтсбург (University of Pittsburgh), Мичиган штатындағы (Michigan State University) және Бостондағы (Northeastern University) университеттерге оқуға шақыру алды, ‒ делінген Қарағанды NIS таратқан ақпаратта.

John Hopkins University университетінде іріктеуден өту өте қиын. Жыл сайын оған 30 мыңнан астам адам түсуге тырысады, бірақ үміткерлердің тек 6% ғана өтеді. Бұл АҚШ-тағы оқыту мен ғылымды біріктірген алғашқы оқу орны. Джон Хопкинс университетінің түлектері арасында Нобель сыйлығының 27 лауреаты бар.

‒ Университетте биохимияны оқығым келеді. Менде екінші курстың соңында мамандық туралы шешім қабылдауға мүмкіндігім бар. Қазақстанда ғылымның дамуына өз үлесімді қосу үшін PhD алуды жоспарлап отырмын, ‒ дейді Адина Жайлова.

Оның айтуынша, қазір ол бар күш-жігерін оқуға және өзін-өзі дамытуға толығымен аударып отыр, бірақ спортқа да уақыт қалады. Футболды жақсы көреді.

EL.KZ
Бөлісу: