Қарағандыдан ақша ұрлағандар Астанада қолға түсті

8 Мамыр 2023, 17:55 1023

Қарағандыда микроқаржы ұйымына қарақшылық шабуыл жасаған екі ер адам Астана қаласында ұсталды, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

5 мамыр күні сағат 18:00 шамасында Қарағанды қалалық полиция басқармасына қарасты Оңтүстік-Шығыс полиция бөлімінің кезекші бөліміне хабарлама түскен. Онда белгісіз екі адам шағын несие беру ұйымына бас көктеп кіргені, 30 жастағы менеджер әйелді тапаншаға ұқсас затпен қорқытып, кассадан 1 млн 29 мың теңге алып кеткені туралы айтылған.

Аталған дерекке қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 192-бабы 2-бөлігіне сәйкес қылмыстық іс тіркелді.

Ауыр қылмысты ашу мақсатында департамент аппаратының криминалдық полициясының, сондай-ақ Қарағанды қалалық полиция басқармасының және оның аумақтық полиция бөлімдерінің тәжірибелі қызметкерлерінен жедел-іздестіру тобы құрылды. 7 мамыр күні жүргізілген кешенді іс-шаралар барысында Астана қаласында күдіктілер – 23 және 25 жастағы екі ер адам ұсталды. Айғақ заттар тәркіленді, - деп хабарлады Қарағанды облыстық Полиция департаменті бастығының орынбасары Әбіл Әбілдин.

Қазіргі уақытта күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалған. Қылмыстық кодекстің санкциясына сәйкес, ұсталғандарға бес жылдан он жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.

Асқар Таудай
Бөлісу: