19.05.2025
15:30
801
Қарағандыда жұмысшы мамандықтарының беделін көтеруге арналған чемпионат басталды

Қарағандыда жұмысшы мамандықтарының беделін көтеруге арналған чемпионат басталды

Қарағанды қаласында жастардың кәсіби бағдарын қолдауға бағытталған ауқымды екі шараның тұсауы кесілді. Бұл – «Жұмысшы мамандықтар жылы: шеберлікке бастар жол» атты аймақтық форум мен «WorldSkills Karaganda» өңірлік чемпионаты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.  

Серік Сәпиев атындағы бокс орталығында өткен салтанатты ашылу рәсіміне 700-ден астам қонақ жиналды. Шараға 38 колледждің студенттері мен аймақтың ірі өндірістік кәсіпорындарынан 10 әлеуметтік серіктес қатысты. Бұл кездесулердің басты мақсаты — жастардың кәсіби бағыт-бағдарын айқындау, жұмысшы мамандықтарының мәртебесін арттыру және өңірдегі техникалық білім мен бизнестің байланысын күшейту. 

Қарағанды облысында бүгінде 52 колледжде 32 мыңнан астам студент 126 мамандық бойынша білім алуда. Өңірдің 800-ден астам кәсіпорны мен колледждері тығыз әріптестік орнатқан. 37 кәсіпорынмен бірлесіп 152 жаңа оқу бағдарламасы әзірленсе, 38 колледж дуальды оқыту жүйесіне көшкен. Бұл — студенттердің теориямен қатар өндірістік тәжірибе алуына мүмкіндік береді.

Жастар форумында қонақтарға түрлі белсенділік алаңдары ұйымдастырылып, қатысушыларға арнайы естелік монеталар табысталды. Форумның басты ерекшелігі — әр қатысушы өз болашағына қатысты нақты ақпарат пен бағыт ала алды.

Форум аясында «WorldSkills Karaganda» чемпионаты да ресми түрде ашылды. Бұл жарыс 20–23 мамыр аралығында өтеді. Оған 38 колледжден 286 үміткер қатысып, 46 түрлі құзырет бойынша бақ сынайды. Сайыс алаңдары алты колледж бен 13 оқу орнында өтпек.

Айта кету керек, Қарағанды облысының командасы WorldSkills ұлттық чемпионатында тұрақты түрде жоғары нәтиже көрсетіп жүр. Былтыр қарағандылық студент прототип жасау бойынша ел чемпионатында 1-орын алып, халықаралық жарыстарда Қазақстан атынан өнер көрсетті. Қытайдың Шэньчжэнь қаласында өткен жарыста облыс өкілі «Өнеркәсіптік дизайн» бағыты бойынша жеңіске жеткен.

Форум аясында өткен форсайт-сессияда түрлі сала мамандары жастармен еркін пікір алмасты. Қатысушылар қатарында шетелдік университет өкілдері, отандық кәсіпкерлер, ірі өндіріс орындарының басшылары мен табысты студенттер болды. Олар жұмысшы мамандықтарының болашағы, цифрлық дәуірдегі жаңа құзыреттер, кәсіптік білім мен еңбек нарығының байланысы туралы ой бөлісті.

Айта кетейік, «WorldSkills Karaganda» чемпионаты 20–23 мамыр аралығында жалғасады.