Бүгін Қарағанды қаласында «WordSkills-Karaganda 2025» өңірлік чемпионаты басталды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Бұл чемпионат жастар арасында жұмысшы мамандықтарын насихаттауға және кәсіби құзыреттерді дамытуға бағытталған.
Іс-шараны Қарағанды облысының Білім басқармасы ұйымдастырды. Чемпионатқа колледж студенттері мен жас мамандар қатысып, өндірістік ортаға барынша жақын жағдайда өздерінің кәсіби шеберліктерін көрсетуде.
Биылғы чемпионат сантехника және жылыту жүйелері, плиткамен қаптау, қабырғалық кірпіш қалау, сәндік және сырлау жұмыстары, жиһаз өндірісі, шатыр жабу жұмыстары, гүл өнері, визуалды мерчендайзинг және витринистика, өнеркәсіптік дизайн сынды құзыреттер бойынша өтуде.
Басты мақсат – талантты жастарды анықтап, оларға қолдау көрсету, жұмысшы мамандықтардың беделін арттыру, сондай-ақ техникалық және кәсіптік білім беруді еңбек нарығының нақты талаптарымен ұштастыру.
Айта кетейік, аталған чемпионат 22 мамырға дейін жалғасады. Өңірлік кезең жеңімпаздары Қарағанды облысының намысын WorldSkills Kazakhstan ұлттық чемпионатында қорғайды.