Қарағандыда пәтер ұрлығымен айналысқан қылмыскер ұсталды

Қарағандыда пәтер ұрлығымен айналысқан қылмыскер ұсталды

Қарағанды қалалық полиция басқармасының криминалдық полиция қызметкерлері зергерлік бұйымдарды ұрлаумен айналысқан ұрыны құрықтады, деп хабарлайды El.kz интернет порталы. 

Полицияға 36 жастағы қала тұрғыны пәтерінен алтын әшекейлердің қолды болғаны жөнінде арызданған. Тергеу барысында күдікті пәтерге терезе мен балконнан кіріп, жалпы құны 675 мың теңге болатын әшекейлерді ұрлағаны анықталып отыр. 

Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қылмысты ашу үшін тәжірибелі қызметкерлерден арнайы жедел-тергеу тобы құрылып, бейнебақылау камераларының жазбалары талданды. Нәтижесінде 30 жастағы қала тұрғыны анықталып, ұсталды. Оның айғақтары бойынша ұрланған әшекейлер қаладағы ломбардтардың бірінен тәркіленді, - деп жазылған ІІМ хабарламасында. 

Сонымен қатар тергеу кезінде күдікті тағы бір пәтер ұрлығына қатысы барын мойындаған. Ол кезде ол 28 жастағы тұрғынның пәтеріне балкон арқылы кіріп, 300 мың теңгеден астам мүлікті ұрлап кеткен екен. 

Қазіргі таңда тергеу амалдары жалғасып, күдіктінің басқа да ұқсас қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексерілу үстінде.