Қарағандыда биыл 511 төтенше жағдай тіркеліп, 89 адам зардап шеккен

2 Желтоқсан, 19:39 442

Қарағанды облысында биыл 10 айда 511 төтенше жағдайлар мен өрт оқиғалары тіркеліп, 89 адам зардап шеккен. Оқыс оқиғалардың басым көпшілігі техногендік сипатқа ие. Өкінішке қарай, 28 адам қайтыс болған. Бұл туралы Қарағанды облыстық Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Роллан Есмағанбетов айтып берді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Ведомство бастығы орынбасарының сөзінше, биыл департамент бөлімшелерімен барлығы 5309 авариялық-құтқару және кезек күттірмейтін жұмыстар жүзеге асырылған. Облыс бойынша тіркелген төтенше және өрт оқиғаларының 511-інің 475-і техногендік сипатқа ие екен. Соның 465-і  өндірістік және тұрмыстық өрттер, 3-уі ірі көлік апаттары мен оқиғалары болса, 2-уі өндірістік апаттар. Ал қалған 5 оқиға тіршілікті қамтамасыз ету жүйесінде орын алған. Бұдан өзге табиғи сипаттағы 36 төтенше жағдай орын алып, ол жерлерде 18 адам зардап шеккен.

Биыл 10 айда 112 шұғыл қызметіне келіп түскен қоңырау саны - 296 мыңға жеткен. Ал 101 желісіне 92 мың шақырту түскен. Роллан Есмағанбетов барлық қоңырауға дер кезінде ден қойылып, шұғыл жұмыстар атқарылды деп отыр. Департамент қызметкерлерінің көмегімен төтенше жағдайлар аймақтарынан 1172 адам құтқарылып, 2094 адам эвакуацияланған.  

Жылыту маусымы басталғалы бері өңірде 5 адам жарақат алып, 4 адам қаза тапқан.

Биылғы жылыту маусымы басталғалы бері Қарағанды облысында  тұрғын үй секторында 75 өрт оқиғасы тіркелді.  Өрт салдарынан 5 адам жарақат алып, 4 адам қаза тапты. Сонымен қатар, өрт шықпай-ақ көмірқышқыл газымен уланудан 5 адам зардап шекті. Оқыс оқиғалардың алдын алу, өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында біздің департаментте бірқатар шаралар қабылданып, жүзеге асты. Атап айтар болсам, «Өрттен сақ бол!», «Сіріңке – бір өмірдің бағасы!», «Қауіпсіз пеш», «Таза мұржа» және ауқымды «Сіздің үйіңіздің қауіпсіздігі» акциялары өткізілді. БАҚ беттерінде 378 ақпараттық хабарлама таратылды. Сондай-ақ әлеуметтік осал топқа жататындардың тізімі түзіліп, бұл санатқа жататын 4059 үй тіркеуге алынды. Биыл тамыз айынан бастап әлеуметтік осал топқа жататындардың тізіміне енген 7490 адамды қамтитын алдын алу жұмыстары жүргізілді. Әлеуметтік осал тұрғындардың үйлеріне 3954 арнайы өрт дабыл құрылғысы орнатылды. Жалпы 2018 жылдан бастап Төтенше жағдайлар департаменті мен жергілікті атқарушы органдардың күшімен 7597 өрт дабыл құрылғысы орнатылған. Биылғы жылыту маусымы басталғалы бері 34 мыңнан астам үйді аралау жұмыстары жүргізілді, қамтылған адам саны – 65 мыңнан астам. 370 рет тұрғындармен кездесу өткізіліп, оған 7 мыңнан астам адам қатысты,-деді облыстық ТЖД бастығының орынбасары.

Бұдан өзге Роллан Есмағанбетов Өңірлік коммуникациялар алаңында өткен брифингте төтеншеліктер тарапынан қабылданған шаралардың арқасында биыл облыста былтырғы жылмен салыстырғанда өрт оқиғалары 17 пайызға төмендегенін атап өтті. Мәселен, 2023 жылы тіркелген өрт саны 549 болса, биыл 455 өрт оқиғасы орын алған. Сондай-ақ қызыл жалын салдарынан ажал құшқандары саны 7,7 пайызға кеміген. Өрттен келтірілген шығын көлемі де биыл едәуір азайған.

(Фото: instagram.com/112qaragandy_tjd)

Спикер жылыту маусымындағы өрт қауіпсіздігі шараларына тағы бір тоқталып өтті. Оның айтуынша, егер белгілі бір ережелер сақталса, кез келген қайғылы оқиғаның алдын алуға болады. Ол үшін пеште сөнбеген темекі қалдықтарын қалдырмау, тек ақаусыз пештерді, газ және электр құралдарын пайдалану керек. Сонымен қатар пешті шамадан тыс қыздырмау, балалардың отпен ойнауына жол бермеу, балаларға пешті жағуды немесе оның жұмысын қадағалауды сеніп тапсырмау, жанып тұрған пешті қараусыз қалдырмау, пештің үстіне немесе маңайына киім мен басқа заттарды кептіруге қоймау қажет. Жалпы жылыту маусымы барысында анықталған барлық жарықтар мен ақауларды уақытылы жөндеу маңызды.  

ТЖ бастығының орынбасары өз баяндамасында  төтенше жағдайларға дайындық жұмыстары туралы да тоқталды. Мәселен, азаматтық қорғаныс саласында Төтенше жағдайлар департаментінің аумақтық бөлімшелері жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп биыл жыл басынан бері 3552 оқу-жаттығудан өткен. Бұл кешенді оқу-жаттығу шаралары Балқаш, Қарағанды қалалары мен Бұқар жырау және Абай аудандарында ұйымдастырылған. Төтеншеліктер  21 командалық-штабтық, 161 арнайы тактикалық оқу-жаттығудан, төтенше жағдайлардың туындау және жою қаупіне байланысты іс-шараларды әзірлеуді ұйымдастыру үшін 17 кешенді оқу-жаттығудан өткен.  Облыста 50 мыңнан астам адамды қамтитын 4333 азаматтық қорғаныс құрылымы құрылған. Азаматтық қорғау желісі бойынша ағымдағы жылы Төтенше жағдайлар департаментінің базасында азаматтық қорғау мемлекеттік жүйесінің басқару органдарының 466 қызметкері, Алматы қаласындағы азаматтық қорғау саласындағы ұлттық ғылыми зерттеулер орталығының базасында 50 қызметкер білімін  шыңдаған. Сондай-ақ, азаматтық қорғау тақырыбында 90 мыңға жуық адамды қамтыған 685 интерактивті сабақ өткізілген.   

Төтенше жағдайлардың алдын алу, олардың салдарын болдырмау мақсатында облысқа қарасты аудан, қалаларда  төтенше жағдайлар жөніндегі комиссияның 90 отырысы өткізілді. Оның 51-і жоспарлы тәртіпте, қалған 38-і маусымдық төтенше жағдайларға байланысты жоспардан тыс  ұйымдастырылды. Отырыстарда су тасқыны, өрт қаупі кезеңі, шомылу  және жылыту маусымына қатысты өзекті мәселелер қаралды. 2025 жылғы су тасқыны кезеңіне дайындық шеңберінде облыс бойынша жазғы-күзгі кезеңде инженерлік іс-шаралар жоспары жүзеге асырылуда. Жалпы жоспарға сәйкес 161 іс-шара қарастырылған. Бүгінгі күнге дейін олардың 119-ы іске асырылды, қалған шаралар 2025 жылдың көктеміне дейін жүзеге асырылады деп жоспарлануда,-деді Роллан Есмағанбетов.

Облыста су тасқыны қаупін азайту мақсатында 50 шақырымнан астам қорғаныс бөгеттері салынған. 18 шақырым өзен арналары мен 6 шақырым нөсер су құбырлары тазартылған. Сондай-ақ облыстық және республикалық маңызы бар 49 жол учаскесінде су өткізгіш қабілеті ұлғайтылған. Бұл шаралар 2025 жылдың көктемінде су тасқыны қаупі бар елдімекендерді су басу қаупін төмендетуге септігін тигізеді деп күтілуде.

(Фото: instagram.com/112qaragandy_tjd)

Қысқы кезеңдегі төтенше жағдайларды жою үшін жұмылдырылатын күштер мен құралдарға тоқталатын болсақ, облыста бүгінгі таңда бұл жұмыстарға 5056 адам және 1773 арнайы техника сақадай сай дайын тұр. Облыс аумағындағы жылыту пунктері туралы жаңартылған мәліметтерге сәйкес, өңірде 177 стационарлық  және 161 жылжымалы жылыту пунктері бар. Қар көшкіні қаупі бар учаскелер белгіленген карта әзірленген.

Аймақтарды қысқы кезеңге жан-жақты дайындау мақсатында облыс әкімінің бұйрығына сәйкес 1 қарашадан бастап азаматтық қорғау мемлекеттік жүйесі жоғары дайындық режиміне көшірілді. Тәжірибеге сүйене отырып, ұзындығы 513 шақырым болатын облыстық және республикалық маңызы бар автожолдарда қар басатын 590 учаске күшейтілген бақылауға алынды. Жол қызметтері 772 жол техникасын дайындап, олардың жауапкершілік аймақтары бекітілді. Зардап шеккендерге көмек көрсету үшін республикалық және облыстық маңызы бар жолдарда 19 жылыту пункті ұйымдастырылған. Қысқы жағдайларда жұмыс істеу үшін Төтенше жағдайлар департаменті  жоғары өтімді және инженерлік 74 техниканы дайындады. Азаматтық қорғау және басқару органдарының күштері мен құралдарының дайындығы 2024 жылғы 21-22 қарашада өткен республикалық "Қыс-2024" командалық штабтық оқу-жаттығу аясында тексерілді,-деді Қарағанды облыстық ТЖД бастығының орынбасары.

Роллан Есмағанбетов қазіргі уақытта Қарағанды құтқарушылары әкімдік және полиция қызметкерлерімен, еріктілермен бірге қысқы кезеңде су айдындарында төтенше жағдайлардың алдын алу бойынша профилактикалық жұмыстар жүргізіп жатқанын хабардар етті. Бұл іс-шаралар республикалық "Мұз-2024" акциясы аясында жүзеге асырылуда. Акция халық арасында қауіпсіздік мәдениетін арттыруға бағытталған. Өз сөзінде спикер мұздың беріктігі жеткіліксіз жағдайда, ең төменгі қауіпсіздік қалыңдығы 10-15 сантиметр болуы қажет екенін ескертіп өтті. Профилактикалық іс-шаралар бүкіл маусым бойы жүргізілетін болады. Негізгі міндет – азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, олардың өмірі мен денсаулығын сақтау. Осыған баланысты төтеншеліктер халыққа   мұздағы қауіпсіздік ең алдымен өздеріңіздің жауапкершіліктеріңіз екенін еске салады. Бұл ретте тұрғындарға қауіпсіздік ережелерін сақтап, қауіпсіздігі тексерілмеген мұз айдындарына шықпауға кеңес беріледі.   

Айта кетсек, еліміздің барлық өңірінде кез келген төтенше жағдайлар болуы ықтимал кезде және ауа райының қолайсыздығына байланысты тұрғындардың ұялы телефондарына тұрақты түрде SMS хабарламалар жіберіліп отырады. Мәселен, биыл жыл басынан бері Қарағанды облысында азаматтарға мұндай 920 хабарлама жолданған. 

Зарина Арман
Бөлісу: