Қарағанды облысының полицейлері үлкен есірткі плантациясын жойды

1 Шілде 2023, 10:55 1018

Қарағанды облысында полиция қызметкерлері ауыл тұрғынынан 7291 түп қарасора және алты қап кептірілген марихуана тәркіледі, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

Қарағанды облыстық полиция департаменті есірткіге қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері “Қарасора” жедел алдын алу іс-шарасын өткізу барысында Шет ауданына қарасты ауылдардың бірінің тұрғыны құрамында есірткі бар қарасора өсімдігін өсірумен айналысатынын анықтады.

30 маусым күні оқиға орнына шыққан жедел-тергеу тобы аталған ақпаратты растады. 62 жастағы ауыл тұрғынының жеке үйінің ауласынан полиция қызметкерлері құрамында есірткі бар қарасораға ұқсас өсімдіктердің плантациясын анықтады, - делінген хабарламада.

Полиция қызметкерлері оқиға орнынан 7291 түп тәркіледі. Сондай-ақ қора ішінен алты қап және екі бөтелке жасыл түсті кептірілген марихуана есірткісіне ұқсас зат табылды.

Аталған дерек бойынша ҚР ҚК-нің 300-бабына “Құрамында есiрткi заттар бар, өсiруге тыйым салынған өсiмдiктердi заңсыз егіп-өсіру” сәйкес қылмыстық іс қозғалды. Тиісті сараптамалар тағайындалып, тергеу амалдары жүргізілуде.

Ақмарал Ағзамқызы
Бөлісу: