Қарағанды облысының халқы 4-5 жылдан бері жанар-жағармайдан қол үзіп қалған – депутат

27 Желтоқсан 2023, 13:26 807

Мәжіліс депутаты Қарағанды облысының халқы 4-5 жылдан бері жанар-жағармайдан қол үзіп қалғанын айтты, деп хабарлайды El.kz  ақпарат агенттігі.

Депутаттың сөзінше, Қарағанды облысының Нұра ауданының халқы үшін аудан орталықтарымен қатынайтын мүмкіндік жоқ. Бұған себеп жол емес, жанар-жағармай станциясының болмауы.

Бұрын Баршын ауылыңың маңында жұмыс істеп тұрған жанармай құю бекеті 200 шақырымға созылған облыстық маңызы бар Құланөтпес-Баршын-Шұбаркөл тас жолының бойында қаңырап бос тұр. Баршыннан облыс орталығы Қарағандыға дейін 350 км жерде де бір бекет таппайсыз, - деді мәжілісмен.

Депутат 4-5 жыл жанар-жағармайдан қол үзген халық әбден шаршағанын айтты.

Аудан тұрғындары азық-түлік алу үшін күнде орталыққа қатынау керек. Көгілдір отыны атымен жоқ ауылдар газ баллондарымен күнелтеді. Ал оған ай сайын қанша баллон тасып әкелу керек? Көліксіз шаруа бітпейді, шаруашылық қызметі тікелей осы жанар-жағармайға байланысты. Әрине, жалға алып, жанар-жағармайды жеткізген азаматтар болды. Бірақ оның бәрі шығын боп қалтаға соқты. Бензиннің қолжетімсіздігінен оның бағасы да шарықтап кетіп отыр. Жанар-жағармай бекетін қамтамасыз ету шағын мекемелер үшін тиімсіз, сондықтан бензинді тасымалдап, жеткізуді тек ірі компаниялар жүзеге асыра алады, - деді Қарақат Әбден Қарағанды облысының әкімі Ермағамбетов Бөлекбаевқа жолдаған сауалында.

Миражан Махан
Бөлісу: