Қарағанды облысында өрт болған шахтада қайтыс болған адамдар саны 28-ге жетті

28 Қазан 2023, 15:43 899

Қарағанды облысында "Костенко" шахтасында қайтыс болған адамдар саны 28 адамға жетті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Сонымен қатар, апат болған шахтада 18 адам іздестіріліп жатыр. Бұдан бөлек «АрселорМиттал Теміртау» АҚ көмір департаментінің шахталарының жұмысы алдағы тәулікте тоқтатылғаны белгілі болды. Компанияның баспасөз қызметінің хабарлауынша, газды қорғау бойынша тексерулер жүргізіледі.

Апат аймағына барған Мемлекет басшысы жер астында қалған кеншілерді құтқару, зардап шеккен және қаза болған азаматтардың отбасыларына жан-жақты көмек көрсету – кезек күттірмейтін міндет екенін атады.

Ең алдымен, құтқару жұмыстары жүргізіледі. Екіншіден, зардап шеккендер мен медициналық көмекке мұқтаж азаматтардың нақты санын анықтауымыз керек. Үшіншіден, осы апаттан зардап шеккендердің барлығының отбасына материалдық көмек көрсетеміз. Егер қажет болса, арнайы қор ашамыз. Мұнымен өзім айналысамын, - деді Президент.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы қазіргі уақытта кеншілердің зейнетке шығу жасына қатысты мәселе қарастырылып жатқанын айтты.

Асқар Таудай
Бөлісу: