Қарағанды облысында Нұра өзенінен екі адамның денесі табылды

21 Маусым 2023, 15:15 908

Қарағанды облысы, Абай ауданының Самарка ауылының маңында Нұра өзенінен екі адамның мәйіті табылды, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

18 маусымда сағат 21:50-де Абай ауданы Самарқа ауылының маңында 1986 жылы туған әйел мен 1987 жылы туған ер адам жоғалып кеткені туралы хабар келіп түсті. Іздестіру-құтқару жұмыстарын жүргізу үшін Қарағанды облысы Төтенше жағдайлар департаментінің күштері жұмылдырылды. Келесі күні сүңгуір құтқарушылар жоғалғандардың денелерін Нұра өзенінен тауып, алып шықты.

19 маусым сағат 15:25-те ТЖД сүңгуір-құтқарушыларының күшімен Нұра өзенінен жоғалған әйелдің денесі табылды. Екінші жоғалған адамның денесі 20 маусымда сағат 16:05-те іздеу басталған жерден 3,5 шақырым жерде Нұра өзенінен табылды, - деп хабарлады Қарағанды облысы ТЖД баспасөз қызметі.

Қазіргі уақытта полиция бұл адамдардың өлімінің мән-жайын анықтап жатыр.

Бұл факт полицияда тіркелген. Қажетті сараптамалар тағайындалды, олардың нәтижелері бойынша процессуалды шешім қабылданады, - деп хабарлады Қарағанды облысы ПД баспасөз қызметі.

ТЖД қызметкерлері шомылу кезеңінде қайғылы жағдайға жол бермеу үшін қауіпсіздік шараларын сақтау керектігін тағы да еске салады.

Қарағанды облысы ТЖД баспасөз қызметі

Равиль Ашығали
Бөлісу: