Қарағанды облысында екі қызын тұншықтырып өлтірген әйел сотталды

9 Тамыз, 09:40 608

Қарағанды облысында екі кішкентай қызын тұншықтырып өлтірген 20 жастағы келіншек 20 жылға сотталды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Тұңғышын 16 жасында босанып, одан кейін тағы екі бала тапқан әйел кейінгі уақытта басқа еркекпен азаматтық некеде болған. Екеуі Теміртау іргесіндегі Гагарин ауылында тұрған.

КТК телеарнасының мәліметінше, 4 сәуірде күйеуі жұмысымен қалаға кеткен. Соттағы түсініктемелеріне сәйкес, ол тамақ сұрап жылай берген екі және төрт жастағы қыздарын тыныштандырмақ болған. Төсекке жатқызып, үстіне көрпе жауып тапжылтпай басып отырады.

«Жылағанын қойғанда ашсам, өліп қалыпты» деп ақталған. «Байқаусызда болды» деп жазаны жеңілдетуді сұрады, бірақ оның істегені «Қасақана кісі өлтіру» бабына жатқызылды. Тіпті емізулі баласы бар екені де жазаны жеңілдеткен жоқ.

Әйелдің екі қызын қасақана өлтіргені жөнінде кінәсі іс материалымен, сараптама қорытындыларымен дәлелденді.

Тірі қалған бір жасқа толар-толмас нәрестесі балалар үйіне өткізілді.

Мөлдір Қайнар
Бөлісу: