25.08.2025
10:14
538
Қара шоколад қан қысымына қалай әсер етеді?

Қара шоколад қан қысымына қалай әсер етеді?

Қара шоколадтың денсаулыққа пайдалы қасиеттері бұрыннан белгілі. Бірақ оны күнделікті жеу қан қысымына қалай ықпал етеді? Бұл сұраққа кардиолог, медицина ғылымдарының докторы Элизабет Клодас пен диетолог Мишель Рутенштейн жауап берді, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Қара шоколадтың пайдасы

Дәрігерлердің айтуынша, құрамында талшық, омега-3 май қышқылдары мен антиоксиданттары мол тағамдар қан тамырларының серпімділігін сақтап, қабынуды азайтып, қысымды қалыпқа келтіреді. Ал тұзы көп, қант пен зиянды майға бай тағамдар, керісінше, қысымды көтереді.

Қара шоколад жүрекке пайдалы антиоксиданттарға бай. Әсіресе оның құрамындағы флавоноидтар – табиғи өсімдік қосылыстары – қан тамырларын кеңейтіп, қан айналымын жақсартады. Бұл ми мен жүрекке оттегінің жақсы жетуіне және қысымның төмендеуіне ықпал етеді.

Зерттеулерге сүйенсек, флавоноидтарға бай тамақтану қан қысымын аздап төмендетеді. Мысалы, 2020 жылғы бір шағын зерттеу 85% какао қосылған қара шоколадтың стресс жағдайындағы әйелдерде қысымның күрт көтерілуін тежейтінін көрсетті. Дегенмен тыныш жағдайда ол систолалық қысымды сәл арттырған.

Жақында жүргізілген ауқымды зерттеулер қара шоколадты қалыпты мөлшерде тұтыну гипертония қаупін төмендетуі мүмкін екенін дәлелдеді.

Қауіптері мен шектеулері

Клодастың айтуынша, кез келген пайдалы тағамды шамадан тыс жеу зиянға айналуы мүмкін. Қара шоколад та калориясы, майы және аздаған қанты бар өнім, сондықтан оны көп жеп қою оңай.

Сондай-ақ какаоның табиғи құрамындағы кофеин мен теобромин кей адамдарда жүрек соғысын жиілетіп, ұйқыны бұзуы ықтимал. Асқазан рефлюксі бар адамдарда да белгілерді күшейтуі мүмкін.

Кейбір өндірушілердің шоколадтарында ауыр металдардың (қорғасын, кадмий) іздері кездескен. Сол себепті сарапшылар тексерілген брендтерді таңдауға кеңес береді.

Дәрігерлер ұсынатын норма

Мамандардың айтуынша, жүрекке пайдасын барынша сезіну үшін какао мөлшері кемінде 70% болатын шоколадты таңдаған жөн.

Күндік норма – шамамен 28 грамм (2-3 бөлік). Ең бастысы – тұрақтылық: флавоноидтардың әсері ұзақ уақыт бойы үзбей қолданғанда ғана білінеді.

Қан қысымын қалыпты ұстаудың 6 тәсілі

Дұрыс тамақтаныңыз – калий, магний, кальцийге бай тағамдар (банан, жаңғақ, көкөніс) жеп, тұзды шектеңіз.

Ішек денсаулығын күтіңіз – талшық пен ашытылған тағамдар жеңіз.

Қозғалыста болыңыз – спорт жүрек пен қан қысымын тұрақтандырады.

Стимуляторлардан аулақ болыңыз – алкоголь мен кофеинді азайтыңыз, темекіден бас тартыңыз.

Жақсы ұйықтаңыз – ұйқының жеткіліксіздігі қысымды көтереді.

Қара шоколад жеңіз, бастысы, дәрігеріңізбен кеңесіңіз, егер ол қарсы болмаса, аз мөлшерде күн сайын тұтыныңыз.