27.01.2023
19:08
3435
Қаныш Сәтбаев туралы фильм көрерменге жол тартады

Қаныш Сәтбаев туралы фильм көрерменге жол тартады

«Қазақстан» телерадиокорпорациясы түсірген «Қаныш. Қазына» тарихи телехикаясының негізіндегі «Қаныш» көркем фильмі кинотеатрлардан көрсетіледі, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

Тарихи туынды 2 ақпаннан бастап еліміздің барлық кинотеатрлар желісі арқылы үлкен экрандардан көрсетіледі.

«Қаныш» фильмінің сюжеттік желісі геолог-ғалым, академик Қаныш Сәтбаевтың өмірі мен еңбек жолына негізделген. Кинотуынды жас Қаныштың қазақ халқының басына күн туған – ашаршылық және қуғын-сүргін жылдарындағы геология саласындағы алғашқы қадамдарын баяндайды.

Режиссері - Ерлан Нұрмұхамедов, сценарий авторлары - Әмір Әменов және Ален Рахметалиев. Фильмде Қаныш рөлін Әсет Есжан сомдайды.

6 бөлімді «Қаныш. Қазына» телехикаясын «Qazaqstan» ұлттық телеарнасы 2021 жылы түсірген. Жоба 2022 жылы толықметражды фильм ретінде халықаралық «Literature in Cinema» кинофестивалінде «Үздік фильм» («Best film») жүлдесіне ие болды.