Қанттан бас тартып, арықтауға бола ма?

30 Маусым 2023, 18:39 1486

Қанттан бас тартаңыз қандай нәтижеге жетесіз? Күнделікті өміріңізге мұндай тәртіп қойсаңыз ол салмақ тастауға немесе дене бітіміңіздің жақсаруына әкеле ме? Ұйқы мен дұрыс тамақтанудың оған қандай қатысы бар? El.kz тілшісі қанттың адам ағзасына әсері толық сараптама жасап көрді.

Қанттың тарихы

Адамзат қанттың зиян екенін білгеніне бір ғасырдан асты. Содан бері оны тұтыну 10 есе өсті. Оның салдарынан сирек кездесетін атеросклероз, қатерлі ісік және қант диабеті айтарлықтай көбейді.

Қанттың шыққан жері – Жаңа Гвинея. Шамамен 10 000 жыл бұрын сол жердің халқы қамыстың тәтті сығындысынан қолданудан бастады. Кейін 3 мың жыл бұрын қамыстан алынған шырын римдіктерге, мысырлықтарға және үнділерге тарай бастады. Кейбір тарихшылардың болжауынша, кейін қант қамысы Үнді елінде жеткен. Қантты әлемге жайылуына үлесін қосқан  Александр Македонский. Ол б.з.д. 325 жылы қазіргі Үндістан жеріне жорық жасаған еді. Нәтижесінде қант Таяу Шығыс пен қазіргі Иран жеріне дейін жайылды.

Қант қызылшасы алғашқы рет АҚШ-қа 1751 жылы жеткізілді. Сол уақыттағы түрлі діни ағымдардың миссионерлерінің бірі қантты Гаитиден Жаңа Орлианға, содан Луизиана штатына алып барған. Қант -1795 жылы тұрақты экспорт көзіне айналады.

Әлемдегі ең алғашқы қант зауыты Польшада 1801 жылы ашылды.

Көрші Ресейге қант 11-12 ғасырлардан бастап келген. Қантты алғаш әкелгенде тек ханзада мен оның қасындағылар көп тұтыған. 18 ғасырдың басында Петр I Ресейге қантты шикізат ретінде әкелді. Ал 1809 жылы елде қант қызылшасын өндіру қыза түсті.

Жалпын, Еуропада 19 ғасырдың ортасында бір адамға шаққандағы қанттың орташа жылдық тұтынуы 2 кг, 1920 жылы – 17 кг, 2000 жылы – 37 кг болған.

21 ғасырдың есіртікісі

Асқазанда қант фруктоза мен глюкозаға ыдырайды. Глюкоза - мидың, бұлшықеттердің және ішкі органның қалыпты жұмыс істеуі үшін қажетті энергия көзі. Егер қант денеге түспесе, адам өзін әлсіз сезінеді, ол адамның бір нәрсеге зейінін қоюы, физикалық жұмыс істеуі және  қозғалу қиындауы мүмкін. Глюкозадан біраз уақыт шектелу ас қорыту жүйесінің бұзылуына да әкелуі мүмкін.

Ұлыбританияның Ұлттық денсаулық сақтау қызметі ересек адам күніне шамамен 30 грамм қант жеуі керек дейді. Бұл 6 шай қасық қант, бірақ бұл жай ғана қант емес, табиғи қант. Жалпы, дәрігерлер оларды күнделікті калорияның 5 пайыздан аспауы керек деп кеңес береді. Сол себепті күнделікті тұтынатын 30 грамм жемістер, көкөністер, сүт, сияқты тағамдарда табиғи түрде кездесетін қантты қамтуы керек.

Алайда, қант адам тұтынатын табиғи өнім емес. Ол тағамдарға қоспа үшін өсімдіктерден алынатын химия. Қант құрамында пайдалы витаминдер, ақуыздар, минералдар мен майлар жоқ. Қант пайдалы минералдарды қажетсіз қылатын көмірсу десек болады.

Мамандардың айтуына қарағада, қантқа деген тәуелділік бала кезден басталады. Бұл әдетті көбіне ата-ана бастайды. Қазіргі таңда балаларының түрлі жетістігі мен қуанышы үшін ұсынылатын бірден-бір өнім тәттілер (торт, бәліш), газдалған сусындар және түрлі шоколодтар және т.б. Мұның бәрі арта келе, организмді қантқа үйретуге әкеледі және уақыт өте ағза қантты көптеп қалайтын болады. Қантқа байланысты бірнеше қате түсінік бар. Адамдар көп жағдайда қантты тек шай мен кофеге қосып ішемін деп бейжай қарайды. Алайда, қант ұннан жасалатын тағамдардың бүкілінде кездеседі.

Қант алмастырғыштар екіге бөлінеді:

Табиғи;

Синтетикалық;

Дамыған мемлекеттер тіс мәселесін шешу үшін салық енгізген. Аталған мемлекеттер қатарында Ұлыбритания, Норвегия, Франция және Мексика бар. Мәселен, Ұлыбританияда 100 г сусынның құрамында 5 грамнан артық қант болса, салық төлейді. Яғни қант пайызы неғұрлым жоғары болса, салық сомасы соғұрлым жоғары. Бірақ бұл шара ештеңе шеше алмады деп айтуға болады. Нарықта арзан химиялық қант алмастырғыштар пайда болды. Ол денсаулыққа қатысты адамзат мәселесін тіпті ушықтырды.

Қант және күйзеліс

Адамды қантқа тартып тұру стрестен болуы мүмкін. Әртүрлі күштегі созылмалы күйзелісті адамдардың 70-90 пайызы бастан кешіреді. Онымен күресудің бірден бір жолы- тәтті нәрсе жеу.

Қант физиологиялық деңгейде ұзақ уақыт болмаса да, стрессті азайтады. Ғалымдар пациенттердегі стресс гормоны кортизол деңгейінің өзгеруін екі жағдайда бақылаған: олар қант қосылған сусындарды немесе аспартам қантын қолданған кезде.

Қанттың аспартамға қарағанда стресс кезінде де кортизол деңгейін төмендететіні белгілі болды. Ол сондай-ақ әдетте стресстік жағдайда тежелетін гиппокамптың белсенділігін қолдайды. Бұдан шығатын қорытынды: қант созылмалы күйзеліске төтеп бере алмайтын адамдарда тәуелділік тудыруы мүмкін.

Дәрігерлер қандағы қант деңгейін бірден көтеретін тағамдар қандай?

Мамандардың айтуынша, жоғары гликемиялық индекске ие тамақты жеу зат алмасудың бұзылуына әкеледі. Ондай тағамдар қарынды аштырып, майдың жиналуын белсендіреді. Гликемиялық индексі жоғары тамақты жеу екінші деңгейлі қант диабетіне шалдықтырады. Мұндай тағамға тәттілер, бидай ұнынан пісірілген бәліштер, картоп, күріш, кеспе, газдалған сусын мен жылдам дайындалатын тағадамдар жатады. Одан басқа, бұл қатарға сәбіз, қауын мен қарбыз сынды жеміс-жидектерді де қосуға болады.  Диетологтар артық салмақ жинамас үшін таңғы асты дұрыстап ішуге кеңес береді. Оянған соң бірден бір стақан су ішкен абзал деп отыр. Су метаболизмді іске қосып, тамақ ішпеген бірнеше сағат ішінде организмдегі сұйықтықтың мөлшерін қалпына келтіруге көмектесіп, тамақ ішуге асқазан сөлін бөлуге жол ашады.   

Қантсыз өмір туралы зерттеу авторларының бірі доктор Джейкоб Тейтельбаум қантқа деген құмарлықты азайтуға көмектесетін бірнеше ұсыныс айтады. Олар:

Медициналық тексеріс. Егер сізде қантқа тәуелділік диагнозы анықталмаса, бірақ тәттіге деген құштарлығыңыз болса, бұл ағзаның дұрыс жұмыс істемей тұрғанынан хабар береді.

Тәртіп. Диетаны бірте-бірте өзгерту керек, бәрін бірден тастаймын деп ойламаңыз. Ақуызға бай тағамдарды тұтынған жөн олар қантты алмастыра алады.

Ұйқы. Ұйқысы аз адамдар энергияның аздығынан оның орнын  тәтті кофемен толтырады. Бірақ бұл адам энергиясын көбейтпейді, жалпы қате жол десек болады. Тәтті сусындар уақытша ғана әсер береді, кейін күш тез таусылады. Сондықтан тәттіге әбден тәуелді болып қалмауы үшін уақытылы ұйқы аса маңызды.

Физикалық белсенділік. Тіпті жарты сағаттық жаттығудың өзінен бақыт гормондары қалыпа келеді, бұл гормондарды дене шоколодтардан іздемейді.

Эндокринолог Махаббат Ибрагимқызының айтуынша, қанттқа тәуелділіктің түп төркіні адамның дұрыс ұйықтамауында жатыр. Адам ағзасының биологиялық сағатына көңіл бөлуі тиіс. Өйткені бұл миллиондаған жыл қалыптасқан процес.

Қант диабетінің ашық және жасырын түрі болады. «Мен суды көп ішпеймін» немесе қанша қант жей берсем де ештеңе болмайды деп ойлайтындар бар. Бұл дұрыс емес.

Биологиялық сағат дегеніміз не?

Біздің ата-бабаларымыз күннің атысымен тұрып, батысымен ұйқыға кеткен. Былайша айтқанда, табиғаттың тілімен өмір сүрген. Бізді таңертең кортизол гормоны оянады. Ол кешке 21:00 қарай ұйқыға кетуі керек. Алайда, қазіргі таңда көбі түн жарымға дейін әлеуметтік желіге телміріп, уақыт өткізеді. Кейін табиғат тілін сақтамағандықтан кортизол гормоны стреске айналады, - деді Ибрагимқызы.

Эндокринолог бұл мәселенің дұрыс тамақтанбаудан шығып отырғанын айтты.  

Біріншіден, көпшілікте тамақтану мәдениеті әлі қалыптасқан жоқ. Екіншіден, гормондар түзілетін биологиялық сағаттың бұзылуынан болады. Мәселен, әр адам ол уақытты ұстанбаса, ағза бұған кері байланыс беріп, кейін белгі бере бастайды. Олар: артық салмақ, инсулиннің көтерілуі, қант диабеті және т.б. Осылайша біз өзімізді өзіміз нешетүрлі ауруға алып келеміз. Үшінші себеп – 8-9 сағат қозғалмай бір орында отырып жұмыс істеу. Қозғалыстың аздығы көптеген аурудың бастауы көпке мәлім, сондықтан қантқа деген тәуелділікті тудыратын басты фактордың бірі ретінде қарастыруға болады. Кейбір адамдар 10-11 сағат орындықта отырады. Бұрын әйел затында бедеулік көп дейтін едік, қазір ерлерде белсіздік деңгейіне көтеріліп келе жатыр. Жалпы, егер жұмыста тапжылмай отыратын болсаңыз күніне кем дегенде жарты сағат жаттығу жасауыңыз керек.

Бәрі кофені энергия алу үшін ішеді. Оның үстіне нешетүрлі сироп қосады. Таңертең жұмысқа келе сала энергия алуға тырысамыз. Мұның басты себебі – адамға сапалы энергияның жетіспеуі. Өйткені сіз ұйқыңыз қанбай келіп, кофе ішкеннің өзінде белсенділік пайда болмайды. Оның күші көп болса 10-20 минутқа жетеді.

Тәтті жей берсек бізде не болады? Іштектің сілекей қабыршағы қып-қызыл болып, қабына береді. Егер ішегіңіз қабынса, миыңыз да сондай болады. Ал балалардың қантқа тәуелді болуының себебі анасынан деп ойлаймын. Тәттінің дәмін сезген бала үшін ол есірткі сияқты. Әр дүкенге барған сайын іздеп тұратын болады. Сондықтан өз әдетіңіз бен, баланы кішкентай кезінен тәртіпке салу аса маңызды, - деді маман.

Диетолог Арай Әміре салмақ қосу мен қан диабетінің қатысы бар екенін айтады.

Қанттан бас тартамын деп жеміс-жидекті жемей қойған дұрыс емес. Себебі, фруктозаның құрамындағы табиғи глюкоза адам миының дұрыс жұмыс істеуіне, оның энергетиясының көп болуына көмектеседі. Сондықтан біз өндірілген қанттардан бас тартуымыз керек. Жеміс-жидектегі қант пен өндірістегі қанттың құрамы мүлдем екі бөлек. Қазіргі таңда жасырын қанттар өте көп. Көбі шайға салатын қантты жемесем болды деп тыйылып жатады, бірақ қарапайым бауырсақ, нанда да қант бар екенін ескеруіміз керек. Сондықтан адамдарда қант мөлшері күнделікті рационынан тез асып кетіп жатады. Салдарынан жастардың арасында аурулардың жиілегенін байқаймыз. Меніңше, ер адамдар тәттінің мөлшерін назарда ұстауы керек. Себебі, ерлер арасындағы қантқа тәуелділік көп жағдайда олардың салмақ қосуына әкеледі. Бұл тәуелділік ақыр соңында ер адамның гормондарына әсер етіп, тестостеронның орнына әйел гормоны эстроген көптеп бөлінуі мүмкін. Мұндай жағдайда ерлердің қарны үлкейіп, салмақты тез қосады, - деді диетолог.

Ал тағамтанушы әрі диетолог маман Жанна Нұрбергеннің айтуынша, газдалған және энергетикалық сусындарда кездесетін синтетикалық қант және басқа дәрумендердің таза өнімдерден айырмашылығы бар.

Сарапшы энергетикалық және газдалған сусындарды ішуге мүлдем кеңес бермейді. Ол энергетикалық сусындарды күнде тұтынатын адамдарға кофеин, аспартан және тауриннің мөлшері адам ағзасында тез жиналатынын айтады.

Бұл өз кезегінде психологиялық тәуелділікке, бұлшық еттердің әлсіздігіне және диабет ауруына шалдықтырады. Энергетикалық сусынды аптасына бір рет тұтынса, ол зиян емес. Бірақ бұл пайдалы дегенді білдірмейді. Оның құрамындағы синтетикалық қант түрі саналатын аспартан адам бойына тәуелділік туындатады. Салдары уақыт өте келе адам бойында жалпы әлсіздік пен орталық ағза жүйелерінің зақымдануына алып келеді, - деді диетолог.

Сонымен қатар Жанна Нұрберген жастар арасындағы қант диабетінің көбеюі туралы осындай пікірде:

Қантқа тәуелділік тудыратын энергетикалық сусындардың құрамында таурин мен кофеин адамның ағзасына қатты әсер етеді. Егер адам жиі ішетін болса, ең алдымен бауырдың жұмысы нашарлайды. Кейінен барып, қан тамырларының жұмысына әсер етеді. Көп тұтынудың салдары бір жылдан кейін біліне бастайды. Онымен қоса адамға тәуелділік тудырады. Әрине, тәуелділіктен құтылу әркез қиын.  Иә, бұл сусындар әр адамның ағзасына байланысты әсер етеді. Яғни энергетикалық сусын ішкен кезде берілетін уақытша күш бұл сіздің ішкі күшіңіз, демек сізді іштегі қорыңызды шығарып жібересіз деген сөз. Нәтижесінде адамда жалпы әлсіздік пайда болады. Оның бұлшықеттері де бос болады.

Энергетикалық сусындардың құрамына синтетикалық қант қосылады, құрамында E-952, аспартам атты қант алмастырғыштар бар. Бұл адам иммунитетінің әлсіреуіне деп алып келеді. Себебі, адам иммунитетінің 80-85 пайзы ішек құрылысының жұмысына байланысты. Онда ағзаға тиімді бактериялардың қызметі болады. Егер біз пайдасыз сусындарды жиі тұтынсақ, ішектегі бактериялардың балансын бұзып аламыз, - деді Жанна Нұрберген.

Әділет МҰСАХАЕВ
Бөлісу: