Қаңтарға қатысты Құқық қорғау органдары 5 мыңнан астам қылмыстық істі тіркеді

14 Желтоқсан 2022, 17:52 1788

Қаңтар оқиғасына қатысқан 471 адам сотталды

Жалпы «қаңтар оқиғалары» бойынша 1 350 адамға қатысты 673 іс сотқа жіберілді Бұл туралы баспасөз мәслихатында айтылды деп, хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

Бас прокуратураның Қылмыстық қудалау қызметі бастығының орынбасары Елдос Қилымжанов құқықтық қорғау органдары барлығы 5 мыңнан астам қылмыстық істерді тіркегенін мәлім етті.

«Тергеу кезеңінде 4,5 мың сараптамалық зерттеулер жүргізілді. Жаппай тәртіпсіздіктерге қатысу және ұйымдастыру фактісі бойынша 131 сотқа дейінгі тергеп-тексеру тіркелген. Осы қылмыстарды жасағаны үшін 931 адам күдікті деп танылды, 96 адам қамауда, 471 адам сотталды. Тергеу барысында бейбіт азаматтар мен полицейлерге қатысты зорлық-зомбылық жасау үшін импровизацияланған құралдарды ұйымдастырылған тасымалдау жүзеге асырылғандығы анықталды. Мысалы арматура, таяқ, төсеніш, тастар мен ғимаратты өртеу үшін және автокөліктерді өртеуге бензин жеткізген. 5 қаңтардың бір күнінде сағат 6.00-ден 23.00-ге дейін Алматы қаласындағы ғимараттарға: қала әкімдігіне, Резиденцияға, әуежайға, «Хабар», «Қазақстан», «Мир 24» телеарналарының кеңселеріне және Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің басқармасы ғимаратына шабуыл жасалды», – деді.

Бұдан бөлек Шымкент қаласында қала әкімдігінің ғимараты, көрме орталығы, театр басқа да ғимараттар зақымдалғанын атап өтті.
Тараз қаласында облыс және қала әкімдігінің, полиция және Ұлттық қауіпсіздік комитеті департаменттерінің, қалалық бөлімдер мен полиция басқармасының ғимараттары зақымданды.

Талдықорған қаласында облыс және қала әкімдіктерінің, облыс әкімінің резиденциясы, полиция мен Ұлттық қауіпсіздік комитеті департаменттері, қалалық бөлімдер мен полиция басқармаларының ғимараттары зақымдалып, басып алынды.

Қызылорда қаласында қалалық полиция басқармасының ғимаратына қарулы шабуылдар жасалып, облыстық және қалалық соттардың ғимараттары басып алынып, өртенді.
Басқа қалаларда 1 466 ғимарат пен мекеме қирады, оның ішінде 1 395 бизнес нысаны және 71 мемлекеттік мекеме бар. Төтенше жағдай, полиция, жедел жәрдем басқа да мемлекеттік қызметкерлердің 345 қызметтік автокөлігі және 116 азаматтық автокөлік жойылып, зардап шекті. 16 медицина, 34 өртке қарсы қызмет және 8 құтқару қызметінің қызметкерлері дене жарақатын алды. Қылмыскерлер бейбіт тұрғындарды үгіттеп, такси және автобус жүргізушілерінің жолын жауып тастауға мәжбүрледі.

«Ұрлық фактісі бойынша 2645 сотқа дейінгі тергеп-тексеру тіркелді. Осы қылмыс үшін 484 тұлға күдікті деп танылып, 2 адам қамауға және 460 адам сотталды. Тонау фактісі Алматыда орын алды. Бірқатар дүкендер желісі және сауда ғимарат нысаны тоналғандығы анықталды. Талдықорғанда да және Жетісу қаласында да мұндай жағдай тіркелді. Қылмыстық әрекеттің салдарынан бизнес субъектілеріне 92 млрд.теңге сомасында залал келді.

Қаруды ұрлау және сақтау фактісі бойынша 519 сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілді. Бұл қылмыс үшін 183 тұлға күдікті деп танылып, 11 адам қамауға және 154 адам сотталды. Оның ішінде 27-сі бас бостандығынан айырылды. Сондай-ақ, 10 аңшылық дүкені тоналды. Аталған жерден 1672 мылтық ұрланып, 1288 қызметтік қару ұрланды. Осы көлемнің үштен бірі немесе 958 бірлігі табылды, ал 2 мыңнан астам оның ішінде, граната, мылтық, автоматтар мен атқыштар әлі күнге дейін табылмай жатыр. Қаруды ерікті түрде тапсыру бойынша жұмыс жүруде. Азаматтар бойынша барлығы 119 бірлік тапсырылды. Бұл қару қылмыскерлердің қолында болуы мүмкін», – екендігін атап өтті бас прокуратураның Қылмыстық қудалау қызметі бастығының орынбасары Елдос Қилымжанов.

Жалпы «қаңтар оқиғалары» бойынша 1 350 адамға қатысты 673 іс сотқа жіберілді, оның ішінде 1 113 азамат сотталды және 315 адамға қатысты 127 қылмыстық іс тергеу сатысында.

Амангүл Тілейқызы
Бөлісу: