Қаңтардың шындығы әлі ашылған жоқ – саясаттанушы

3 Қаңтар 2023, 18:56 3906

Саясаттанушы Қайрат Айтбай қанды қаңтардың бір жылғы қасіретіне қатысты пікірін білдірді

Қанды қаңтар оқиғасына да бір жыл болды. Жыл өтсе де бұл қасірет ұмытылмақ емес. Саясаттану ғылымдарының  докторы Қайрат Айтбай бұл мәселеге қатысты тұщымды ойын ортаға салды, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

Алдымен саясаттанушы рақымшылық туралы заңға тоқталды. Айтуынша, Президенттің бұл шешімі елдің ішіндегі ауызбіршілікті қалыптастыруға септігін тигізеді.

«Елімізде қаңтар оқиғасына қатысты талай өзгерістер орын алды. Оның ішінде әлуметтік, саяси өзгерістер болып жатыр. Сол өзгерістің бірі - Президенттің рақымшылық туралы заңға қол қоюы. Осындай трагедиялық жағдайда жасалып отырған алғашқы заң болғасын, оған елдің көзқарасы оң деп ойлаймын. Себебі ел-жұрт болып, ауызбіршілік жолында бірігу үшін мұндай заңның өте қажет екенін білеміз. Өзім ҚХА қауымдастығының төрағасы және саясаттанушы ретінде осы мәселеге өте терең қарап, зерделеп, елдің арасында жүріп, олардың көзқарасын айқындай келе, уақытымен келген орынды заң деп қабылдаймыз. Бұл заңның орындалуы елдің ішіндегі ауызбіршілікті қалыптастырып, болашаққа деген сенімді нығайта түседі деп санаймын», - дейді.

Сарапшы қанды қаңтардың орын алуының өзіндік себебі мен салдарына қатысты былай деді.

«Себептеріне қатысты айтатын болсам, объективті түрде болды деп есептеймін. 30 жыл ішінде елімізде біраз жұмыстар атқарылды. Тәуелсіздікке қол жеткізіп, шекарамызды бекітіп, елдің арасында бейбітшлікіті сақтау жолында көп жұмыстар істелгені белгілі. Бірақ соңғы жылдары шамалы тоқырау болып, екпіннің тоқтап қалғаны сезіліп, елдің арасында түсінбеушілікке ұласты. Оның салдары осындай жағдайға алып келді. Демократия орнаған елдерде объективті тұрғыда Президенттің ауысуы, саяси өзгерістер орын алады. Ал дәл қаңтардағы жағдайға жеткізбеуге және жол бермеуге тырысады. Бізде шамалы тоқырау болып, әлеуметтік-экономикалық өзгерістер орын алды. Әлемдегі болып жатқан жаңдайлар Қазақстанның оқшаулануына жол бермеді. Бұл өзгерістер елдің және халықтың күткеніндей болмай, халыққа ауыр тиюінің салдарынан ел ішінде наразылық туғаны рас. Басында бейбіт болып, соңы үлкен дүмпуге ұласты. Мұны пайдалунышылар арандатушылыққа алып келді», - деді.

Яғни, салдары ауыр жағдайға алып келіп, ақыры соңында халықтың жүрегіне жара салғанын және ауызбіршілікке, билікке сенімсіздік туғызғанын саясаткер жоққа шығармайды.

«Қаңтар оқиғасының себебін зерделей келе, салдарын анықтай отырып, өзімізге үлкен сабақ алуымыз керек деп ойлаймын. Ал қаңтардың шындығы ашылды ма және оған қатысты жауапты болмаса, түрткі болғандар жазасын толық алды ма деген сұрақ туындайтын болса, әлі анық-қанығына жете қойған жоқпыз дер едім. Қатысы барлардың жазасын алуын ел-жұрт әлі де күтуде. Соттың шешімі шығып, тартылған жауапкершіліктің қаталдығы мен сәйкестігін ескере отырып, жазасын алды ма, я бомаса алмады деп сол кезде айтуға болатын шығар. Неге десеңіздер «естуші мемлекет» деп жатырмыз, егер сот процестері жауапқа тартылғандарға қатысты үкімді ашық жүргізетін болса, қатысы барлар мен жауаптылардың жазасын қаншалықты сәйкесінше алған-алмағанын білетін едік», - дейді сарапшы.

Қаңтар оқиғасы болған кезде қарапайым халықтың ішінде өзі де болғанын айтты.. Бұл оқиға саясаткерлер мен мемлекеттік қызметкерлердің ғана емес, жалпы елін-жерін ондағы ынтымақты ойлап жүрген кез келген салиқалы ұрпақ пен зиялы қауымның ой-түсінігінің өзгеруіне алып келді деп есептейді.

«Себебі, біз бейбіт жолмен шешілуін қалаған едік. Жаңа саяси бағдарлама қабылданғаннан кейін оның артынан экономика, әлеуметтік өзгерістерді күттік. Сондықтан бұл болмағасын, халықтың түсінігі өзгерді. Енді қаңтардан билік және Мемлекет басшысы ғана емес, еліне қызмет істеп жүрген әр азамат сабақ алу керек деп ойлаймын. Жаңа Қазақстанда әркім шетте қалмай, өз үлесін мүмкіндігінше қосып, саяси-әлеуметтік өзгерістерді бірлесе, ақылдасып байсалды түрде шешуіміз қажет. Президенттің бастамасына және Ата заңға немқұрайлы қарамай, оң көзқараспен атсалыссақ, сонда ғана ойға алған мақсаттың жүзеге асуына мүмкіндік болады», - дейді.

Бұл жағдайда халықтың белсенділігі де маңызды. Елді аралып, халықты көп тыңдайтын болсақ, билік бұл оқиғадан сабақ алу керек дейді.

«Әрине, биліктегілер де басқа бір әлемде өмір сүріп жатқан жоқ. Олар да өзгерісті байқап отыр. Бірақ байқау бір бөлек, оны жүзеге асыру және сабақ алу болашақта мұндай жағдайға жеткізбеу жолында қандай жұмыс жасау керек екенін ойластыру керек. Неғұрлым өзгерістер енгізуге атсалысу қажет деп санаймын. Жаңа адам мен белсенділерді көріп, билікті халқына қызмет етуге жаңа жүйеге түсірек, елдің әлеуметтік заңнамасын туралайтын заңдарға қол жеткізіп, халықтың жағдайын жақсартатын үлкен бір жолды саралап беру кере деп ойлаймын. Сонда ғана бұл оқиғадан сабақ аламыз. Әрине, Президенттің жасап жатқан реформалары аз емес. Бұл қазіргі заманның талабына сәйкес келеді. Бірақ оның жүзеге асуы Мемлекет басшысының командасына ғана емес, жаңа құрылып жатқан  партиялар мен депуттар, жеке тұлғаларға да қатысты», - деді ол.

Саясаткер ел басқарудың ең бір тетігі, елді тыңдау деп санайды. Жаңа Қазақстаннан халық үлкен үміт күтеді. Президенттің жасап жақан реформасы тоқтап қалмай, оны жалғастырып, жүзеге асыратын мемлекеттік және қоғам қайраткерлері бірге атсалысу қажет деген ойда.

«Біз әр өңірді аралай келе, халықтың әл-ауқатын көріп, ашық түрде сөйлеген сөздерін ескеріп, біздің түсінгеніміз елдегі өзгерістерге үлкен үміт артатынын байқадық. Сондықтан үкілеген үміт ақталсын деген ниетпен қай қоғамда және қай жерде жүрсек те, осы халықты тыңдауымыз керек деп санаймын. Әрине, ел басқару оңай емес. Ел басқарудың ең бір тетігі – елді тыңдау. Кейде байқап қаламыз. Мемлекеттік қызметкерлер болмаса депуттар тек ұран тастау үшін сөйлеп жатады. Неғұрлым көп сөйлемей, соғырлым жұмыс жасау керек. Біз өзімізге осы мақсатты қойып отырмыз. Депуттар мен өкімет мүшелерімен бірлесе отырып, Президенттің ұстанымын толығымен орындалуын талап етеміз. Екіншіден қол құсырып отырмай үлес қосып, өзіміздің көмегімізді беруге дайынбыз», - деді.

Қаңтар оқиғасы бізді ғана емес, шеттегі елді де ойландырды. Елдің және халықаралық ұйымның алдында Қазақстанның беделінің биік болуы үшін өз жерімізде тыныштық болу қажет деп есептейді.

«Қазақстанның өзге елдерге қолұшын беруі қазақ халқы әр уақытта ел татулығы үшін күрескенін көрсетеді. Оған өткен тарихымыз куә. Халықтың ішінен шыққан тұлғалар ел билігінде отыратын болса, онда біздің болашағымыз жарқын деген сенімдімін», - деді саясаттанушы Қайрат Айтбай.

Амангүл Тілейқызы
Бөлісу: