19.12.2025
17:10
1025
Қаңтардағы ҰБТ-ға тіркеу басталады

Қаңтардағы ҰБТ-ға тіркеу басталады

Ғылым және жоғары білім министрлігі қаңтар айында өтетін Ұлттық бірыңғай тестілеуге (ҰБТ) қатысу үшін өтініш қабылдау мерзімін жариялады. Ведомствоның мәліметінше, өтініш қабылдау 22 желтоқсанда басталып, 30 желтоқсанға дейін жалғасады, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Министрлік хабарлағандай, талапкерлер ҰБТ-ға Ұлттық тестілеу орталығының app.testcenter.kz сайтында немесе UTO мобильді қосымшасы арқылы тіркеле алады. Ал тестілеудің өзі 10 қаңтар мен 10 ақпан аралығында өтеді.

Министрлік өкілдері қаңтардағы ҰБТ-ға кімдердің қатыса алатынын да нақтылады.

Тестілеуге шартты түрде ақылы негізде күндізгі оқу нысаны бойынша жоғары оқу орындарына қабылданғандар, жазғы ҰБТ нәтижесі бойынша шекті балл жинай алмағандар, шығармашылық білім беру бағдарламаларынан басқа дайындық бағыттарына немесе педагогикалық мамандықтарға ақылы негізде ауысқысы келетіндер қатыса алады. Сондай-ақ өткен жылғы мектеп пен колледж түлектері, шетелде білім алған Қазақстан азаматтары, ҚР азаматы болып табылмайтын ұлты қазақ талапкерлер және биыл мектеп бітіретін түлектер де ақылы негізде оқуға түсу үшін ҰБТ тапсырады, - делінген мәліметте.

Министрліктің мәліметінше, өтініш беру барысында талапкерлер тестілеу өтетін орынды, күнін және уақытын өздері таңдай алады.

Сонымен қатар ведомство 2026 жылы ҰБТ форматы өзгеріссіз қалатынын атап өтті. Тестілеу құрылымы бұрынғыдай болады: талапкерлер үш міндетті пәнді және екі бейіндік пәнді тапсырады.

Жалпы тапсырмалар саны – 120. Оның ішінде «Қазақстан тарихы» пәнінен – 20, «Оқу сауаттылығы» мен «Математикалық сауаттылықтан» – 10 тапсырмадан, ал екі бейіндік пәннің әрқайсысынан 40 тапсырма беріледі. Ең жоғары балл – 140, - деп қосты ведомство.

Айта кетейік, биыл Ұлттық тестілеу орталығы талапкерлерге мамандық таңдауда көмектесетін edunavigator.kz кәсіби бағдар беру платформасын іске қосты. Бұл платформа талапкердің жеке ерекшеліктерін ескере отырып, Қазақстандағы оқу орындарынан лайықты білім беру бағдарламасын таңдауға мүмкіндік береді.

ҰБТ-ға дайындық сапасын арттыру үшін байқау сынақтары да енгізілген. Оқу жылының басынан бастап Ұлттық тестілеу орталығының ресми сайтында талапкерлерге арналған көмекші материалдар жарияланған. Олардың қатарында ұсынылатын әдебиеттер тізімі, «Қазақстан тарихы» мен «Дүниежүзі тарихы» пәндері бойынша 100 негізгі тарихи дата, «Информатика» пәні бойынша терминдер тізімі, сондай-ақ «Қазақ әдебиеті» мен «Орыс әдебиеті» пәндерінен міндетті шығармалар бар.

Министрлік тестілеу кезінде барлық талапкерлер үшін калькулятор, химиялық элементтердің периодтық жүйесі және тұздардың ерігіштік кестесі қолжетімді болатынын еске салды.

ҰБТ тапсыру уақыты 4 сағатты (240 минут) құрайды. Ал ерекше білім беру қажеттіліктері бар талапкерлер үшін қосымша 40 минут уақыт сақталады.