Қаңтар оқиғасынан кейінгі қазақстандық бизнес

27 Қазан 2022, 12:39 3303

Қаңтар оқиғасы қазақстандықтар үшін сынақ қана емес, құнды сабақ болды.

Қаңтар оқиғасы Қазақ елінің тарихының ақтаңдағына айналғаны ақиқат. Оның бақылаудан шығуына және әрі қарай стихиялық түрде дамуына қатысты қоғамда қарама-қайшылы пікір әлі де бар. Мәселеге мемлекеттік маңыз артылды. Мемлекет басшысы Қасым Жомарт Тоқаев бұл оқиғаға бұрын-соңды болмаған мемлекет тұтастығына төнген қауіп деген баға берді. 

Қаңтар оқиғасы қазақстандықтар үшін сынақ қана емес, құнды сабақ болды. Біздің мемлекеттігіміз, елдігіміз бен егемендігіміз қыл үстінде тұрған қиын қыстау күндерде ел президенті Қасым Жомарт Кемелұлы өз халқының жанынан табыла білді. Мемлекет басшысының жағдайды ашық баяндап, әділ бағалауының арқасында халық президенттің жанына топтасты, онымен бірге екенін білдірді. Бұл жәй ғана бас көтеру емес еді, шынтуайтына келгенде, бұл алдын ала бүге-шігесіне дейін жетік жоспарланған, мемлекеттің қазіргі басшысылығының өз халқымыз бен халықаралық аренадағы беделін аяққа таптап қана қоймай, оны төңкеріс жасап басып алмақшы болған мемлекеттік сатқындардың ел ішіне тастаған бықсық қоламтасынан тұтанған өрт еді.  Төңкеріс жасамақшы болғандар бұл үшін арнайы әскери жаттығудан өткен топты еш шімірікпестен халықтың арасына қосып, солардың қолымен от көседі. Көздегені ақордаға жету болған бүлікшілер, бірінші кезекте еліміздің ең үлген мегаполисі, халық көп шоғырланған қала Алматының көшелеріне лаң салып, дүрбелең көтерді. Әрине, қалың дүрмекке халықтың да еруі табиғи заңдылық еді. Алматы көшелерін бірнеше күн үрейде ұстаған, аңдаусызда үй сыртына аяқ басқан жазықсыз баланы да нысанаға айналдырған қайғылы қаңтар оқиғасы қай қазақтың болмасын, қабырғасын қайыстырмай қоймады. Қаңтар оқиғасы 227 адамның өмірін жалмады.

Жеке сектор шығынға белшесінен батты

Бұл оқиға ел ішіндегі геосаяси ахуалды ғана шиеленістіріп қоймады, мұның салдарынан ішкі экономика да едәуір көлемде зиян шеккен еді. Жалпы экономиканың жеке секторына келтірілген шығын көлемі 50 млрд теңгеге жуық соманы құрады. Ұлттық экономика министрлігінің мәлімдеуінше дәл сол уақытта 1630-ға жуық шағын және орта кәсіпкерлік субьектілерінің есігі заңсыз қиратылып, мүлкі тоналған немесе бүлдірілген. Мемлекет кәсіпкерлердің басым бөлігінің шығынының орнын толтырып беруге тырысты. Сондай-ақ, кәсіпкерлікке қолдау көрсету мақсатында жеке және заңды тұлғаларға рәсімделген несие-қарыздар бойынша төлем мерзімін кейінге қалдыруды және салықтық, кедендік тексерулерді тоқтатуды, салықтық жеңілдіктер беруді жүйеге енгізді.

Шығынға ұшырағандардың арасында шағын дүңгіршек ұстап, күндік нәпақасын тауып отырғандардан бастап, тәуліктік тауар айналымы жүздеген миллионмен есептелген алып сауда желілері де бар болатын. Басқыншылар бұзақылардың өз халқын тонауына жол ашып берді. Сол уақытта желіде тараған бейнематериалдарда бұзақы топтардың және оған ерген тобырдың есігі қиратылып, ойраны шыққан, қарауылы қалың нөпірден әрең бас сауғалап үлгерген дүкендер мен сауда үйлерінен ашық-шашық қалған тауарлар мен азық-түліктерді қойны-қонышы толғанша, қос қолы көтергенше талап әкеткенін көруге болады. Бұл расында, COVID-19 эпидемиясының кезінде орын алған коронадағдарыстың салдарынан енді ес жиып, еңсе көтерген қазақстандық бизнес үшін ауыр соққы, тауар айналымын ойсыратып кеткен қомақты шығын болды.  

Бүгінде бизнесмендер бұл күнді есіңе алғысы да келмейді екен. Біз сөзге тартқан, сол уақыттағы қаңтар оқиғасынан зиян шеккен кәсіпкерлердің бірнешеуі жабулы қазанның бетін ашқылары келмейтінін білдірді. Олардың бірқатары тарихтың ақтаңдағына айналған бұл күндер туралы қазір қайтадан естеріне алудың аса қиын екендігін алға тартып, журналистермен сұқбаттасудан бас тартты. Бар айтатындары, мемлекет қиын-қыстау кезде кәсіпкерлерді өз қаржылық проблемаларымен бетпе-бет жалғыз қалдырмады, жандарына жалау болды, және ең бастысы келтірілген шығын үшін өтемақының төленуіне кепілдік берді. Одан бөлек кіші және шағын кәсіпкерлік нысандары үшін біраз салықтық жеңілдіктер көрсетілді.

 Шағын және орта бизнес қайта аяғынан тұрды

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тасырмасы бойынша бизнеске келтірілген шығынның орнын толтыру бойынша тәсілдер әзірленді. Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Склярдің төрағалығымен тәртіпсіздіктің салдарын жою жөніндегі үкіметтік комиссия «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлік палатасымен бірге бірталай жұмыстар жүргізді. Сол жұмыстардың нәтижесінде бизнес өкілдеріне келтірілген мүліктік залалды өтеу тетіктері әзірленген болатын. Ол үшін InfoKazakhstan.kz электронды платформасында кәсіпкерлерге келтірілген шығындар бойынша өтемақы алу туралы өтініш беру мүмкіндігі ашылды. Өтініш аймақтық комиссияның қарауына жіберіледі. Аймақтық комиссия мемлекеттік бюджеттен өтемақы бөлу туралы шешімді дербес қабылдайды.  Ары қарай қаражат комиссия ұйғарым еткен кәсіпкердің есепшотына аударылды.

Өтемақы келтірілген шығынның үш түрі бойынша төленді. Біріншіден, жылжымайтын мүлік бойынша, яғни бүлдірілген, қиратылған ғимараттар үшін, зиян келтірілген жылжымалы мүлік пен құрал-жабдықтаға және қолды болған яғни ұрланған тауарлар бойынша.

Келтірілген залалды нақты есептеп, анық-қанығына көз жеткізу және оның бағасын анықтау мақсатында комиссия жұмысына бағалаушылар да тартылды. Сондай-ақ, осы уақытта яғни 11 қаңтар күні құрылған «Күшіміз Бірлікте» қоры да шығынға батқан кәсіпкерлердің еңсесін көтеріп, бизнесін жылдам қайта аяғына тұрғызуға қолдау болды. Бұл қорға сүрінгеннің қолтығынан сүйеуді парызым деп білетін жекелеген азаматтар үме ретінде көмек қаражат аударды. Және ол зиян шеккен бизнес өкілдерін бағытталды.   

Алматы қаласында бизнеске өтемақы айқындау жөніндегі аймақтық комиссия жалпы шығын құны 14,5  млрд теңгені құрайтын 1594 өтініш бойынша өтемақы төлеу туралы ұйғарым шығарған. Комиссия өкілдерінің мәліметінше, зиян шеккен кәсіпкерлердің 95% өтемақы алған. Бүгінде олардың барлығы қалыпты тіршіліктеріне қайта оралып, жұмыстарын жүргізуде. Алматыда экономикалық өсім мен іскерлік белсенділіктің қайта қалпына келуінде мемлекеттік қолдаудың дер уақытылы әрі жүйелі түрде көрсетілуінің маңыздылығы жоғары болды.

ШОБ табыс салығынан босатылды

«Kimex» және «Grazie» дүкендер желісінің заңгері Динара Жемекешованың айтуынша, сауда үйлерінде орналасқан бұл екі дүкеннен тауарлар тоналып қана қоймай, оның ойранын шығарып кеткен. Дүкендердің иелері комиссия бекіткен тәртіпке сай, оған келтірілген шығынды есептеп, және бұл тауарлардың дәл сол уақытта дүкен сөресінде болғанын және оның қолды болғанын дәлелдейтін құжаттарды ұсынған. Өтініш қабылданғаннан кейін арнайы экспертиза тағайындалып, оның қорытындысымен расталған шығын көлемі үшін мемлекеттен өтемақы төленген. «Одан бөлек біз белгіленген заң көлемінде салықтық жеңілдіктер алдық, оның ішінде, келтірілген шығын мен мемлекеттен төленген өтемақы үшін табыс салығынан босатылдық» дейді Д.Жемекешова.

Қазақстан Республикасының 2022 жылғы 11 шілдедегі № 135-VII ҚР Заңымен Салық Кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Ол төтенше жағдай кезеңінде шағын және орта бизнес өкілдеріне келтірілген мүліктік шығынға төленген өтемақыға салық салу тәртібін реттейді. Салық кодексінің 241 бабының 1 тармағының 28 тармақсшасында төтенше жағдай кезінде келтірілген мүліктік шығын үшін төленген өтемақы сомасын жалпы жылдық жиынтық табыстан алып тастау көзделген.

Одан басқа, Салықтық кодектің 404 бабы 2 тармағы 2 тармақшасына сәйкес төтенше жағдай кезінде қолды болған немесе бүлінген тауарлар үшін ҚҚС (қосымша құн салығы) қолданылмайды. Әлбетте, ол үшін кәсіпкердің қолында дәл сол кезеңде тауарының бүлінгені немесе ұрланғаны туралы дәлел құжаты болуы керек. Егер, қазақстандық салық жүйесінде қосымша құн салығының тауар құнының 12 пайызы көлемінде есептелетінін ескерсек, бұл кәсіпкерлер үшін аса үлкен салықтық жеңілдіктердің бірі болып табылады. Және бұл жеңілдіктер 2022 жылдың 1 қаңтарынан бастап 2023 жылдың 1 қаңтарына дейін қолданыста болады.

Яғни, шағын және орта бизнес өкілдері жылдық жиынтық кірістеріне түзету енгізе алады. Алайда, ол үшін кәсіпкердің қолында тиісті комиссияның шешімінің және кәсіпкерлік субъектісі арнайы жасақталған реестрде болуы міндетті.

Осылайша, Мемлекеттік кірістер комитетінің желіде таралған түсіндірмесіне сүйенсек,  қаңтар оқиғасынан зиян шеккен шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері төтенше жағдай кезінде келтірілген мүліктік шығын үшін төленген өтемақы үшін табыс салығынан босатылады. Және келтірілген шығын үшін қосылған құн салығына түзету енгізуге құқылы. Алайда, ол тауарлар салық кезеңі үшін тапсырылатын ҚҚС бойынша декларацияда көрсетіледі.  

Ірі бизнес субъектілері бойынша әлі шешім қабылдануда

Қазақстан Республикасының Сауда желілер одағының ЗТБ Басқарма төрағасының орынбасары Эльбеги Абдиевтің айтуынша, қаңтар оқиғасы кезінде 59 ірі кәсіпкерлік субъектісі зиян шеккен. Және оларға келтірілген мүліктік шығын көлемі қаржылай сомада 40 млрд теңге шамасында есептеліп отыр.

Бүгінде ірі кәсіпкерлік субъектілеріне мемлекеттік қолдау көрсету механизмі әлі де бекітілген жоқ. Алайда, ірі кәсіпкерлік субъектілерінің де аса қомақты көлемде зиян шеккені белгілі.

«Бизнес қауымыдастықпен қаңтар айында болған кездесуде Мемлекет басшысы қаңтар оқиғасында зардап шеккен ірі кәсіпкерлікке келтірілген шығынды өтеу туралы тапсырма берген болатын. Нарық қатысушыларының жан-жақты талқылаулары мен келісулерінен кейін төтенше жағдай кезеңінде ірі бизнес субъектілеріне келтірілген залалдың өтелуге жататын сомасына сәйкес кәсіпкерлерді корпоративті табыс салығынан бірнеше салықтық кезеңге босату немесе оны азайту туралы ұсыныс берілді. Логикалық тұрғыдан қарағанда, біз ұрланған тауар, бүлінген мүлік үшін табыс салығын және қосымша құн салығын төлеуіміз керек және мұның дұрыс емесін бәріміз де түсінеміз.  Бүгінде заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы біздің ұсынысымыз Атамекен кәсіпкерлер палатасымен, тиісті уәкілетті ведомстволармен пысықталып, Парламент Мәжілісіне ұсынылды. Және біз бұл мәселе бойынша шешім осы жылдың 1 желтоқсанына дейін қабылданады деп күтіп отырмыз», - дейді Э.Абдиев.

Бөлісу: