Алматы облысы ҰҚКД экс-бастығына қаңтар оқиғасына байланысты үкім шықты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі қалалық соттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Сотпен анықталғаны келесідей:
«К. Алматы облысы ҰҚКД бастығы бола тұра, өзінің лауазымдық өкілеттігінен асыра пайдалана отырып, 2022 жылғы 5 қаңтарда болған оқиғаларды ескере отырып, өзінің лауазымдық міндеттерін елемей, жеке құрамға Департамент ғимаратын қорғау жөнінде шаралар қолданбауға; әкімшілік ғимараттан кетуге; қызметтік және құпия құжаттаманы жоюға және тұрғылықты жерлеріне тарауға заңсыз бұйрық берген. Нәтижесінде ҰҚКД ғимаратын басып алуға әкеп соқты («құпия» деген белгіге байланысты басқа мән-жайларды жария ету мүмкін емес)», - делінген соттың баспасөз қызметі таратқан хабарламада.
Сот үкімімен ҰҚКД бұрынғы бастығы ҚР ҚК 362-баптың 4-бөлігі бойынша кінәлі деп танылды. Оған 10 жыл мерзімге құқық қорғау органдарында белгілі бір лауазымдарды атқару құқығынан айыра отырып, 6 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
Қазақстан Республикасының Президентіне К-ге қатысты Ұлттық қауіпсіздік генерал-майоры арнаулы атағынан және мемлекеттік наградалар мен ордендерден айыру туралы ұсыныс енгізілді.
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.