Қаңтар оқиғасы халықтың, әсіресе, менің есімде қалады – Асқар Жұмаділдаев

23 Желтоқсан 2022, 15:26 5839

Асқар Жұмаділдаев мемориалдың ашылуы жайында пікір білдірді

Алматыда Қаңтар оқиғасының құрбандарына арналған «Тағзым» мемориалы ашылды. Бұл мемориал сол кездегі талай азаматты еске салады. Ашылу салтанатында болған математик ғалым және академик Асқар Жұмаділдаев мемориалдың ашылуы жайында ой-пікірін ортаға салды.

«Еліміз Тәуелсіздік алғалы 31 жыл болды. Он жыл сайын бір проблема шығып отырады. Енді қырық жылда не болады деген ой мазалайды. Былай қарасаң, бәрінің жұмысы жүріп жатыр. Бұл арада құндылық болу керек, яғни елдің шаңырағының шайқалмауы. Осыдан бір жыл бұрын сұйытылған газ қымбаттады деп соның желеуімен бірталай адам көшеге шықты. Өкінішке қарай, әділетті митингтің соңын бұзақылар жалғастырып кетті. Алматы отқа оранып, талай ғимарат, машина өртеніп, бизнес күйреп, жазықсыз жандар қаза тапты. Міне, бүгін Алматыда қанды қаңтардың болғанына бір жыл толғанына байланысты тағзым ету мақсатында «Тағзым» мемориалы ашылып отыр. Олардың арасында кездейсоқ шейіт болғандар мен шын ниеті бар азаматтар да болды. Шын патриоттар мен бұзықтар да бар. Сондықтан, олардың ешқайсысын бөліп-жармай, алаламай, жіліктеп жатпай ортақ мемориал ашты. Онда ақ пен қара түс үйлесім тапты», – дейді.

Ғалымның айтуынша әдетте, қазақтың ескерткіштерінде «Отан ана» деген сияқты аталы мағыналы сөздер көрсетіледі. Ал шетелдік үрдісте мүлде басқа дейді.

«Мәселен Америкада 11 қыркүйекте болған жарылыстан құрбан болғандарға арналған ескерткіш бар. Ең биік екі ғимаратқа сол елге барған сапарымда кірдім. Оның орнына зәулім ескерткіш қоя ма деп ойлап едім, керісінше құдық сияқты қылып төмен қарай бір ескерткіш орнатты. Қаңтар құрбандарына қойылған Алматыдағы мемориалда осындай бір архитектуралық стильдің нышаны байқалады», – деді.

Ескерткіш әртүрлі түстен тұратын төрт эмоционалды-архитектуралық бөлікке бөлінген. Әр бөлікте халқымыздың ұлы тұлғаларының қанатты сөздері жазылған тастар мен стеллалар орнатылған.

«Мемориалда қазақтың игі жақсыларының да сөзі жазылған. Төле би, Әйтеке билердің сөзімен басталады. Әріқарай қазақтың аузы дуалы азаматтарының сөзі келтірілген. Барлығы да елді құрметтеуге, отаншылдыққа, бірлікке шақырады. Азаннан кешке дейін қайғырып отыра беруге де болмайды. Қайғының да өз шегі бар. Біруақытта осыдан бір белгілі қорытынды шығарып, одан сабақ алып, енді мұндай оқиғаның қайталанбауы үшін жағдай жасауымыз керек. Қаңтар оқиғасы бәріміздің, әсіресе менің есімде қалады», – деді.

Академиктің әсіресе, менің есімде қалады деп отырғаны қаңтар кезіндегі жантебірентерлік оқиғаның куәгері болғандығы себеп.

«Менің үйімнің төменгі қабатында Ербол дейтін бір жас отбасы тұрады. Жақын арласып-құраласып жүретін азамат еді. Қазақтың екі момын баласы болса, соның бірі осы Ербол болатын. Күнде далаға шығып темекі тартып тұратын. Осы жігіт дәлі осы қырғын күні аяқастынан дүние салды. Сол күні әйелі босанып, перзентханада жатқан еді. Бір досы үйіне әке атануымен құттықтауға келді. Екеуі үйде біраз отырды. Содан кейін Ербол досын шығарып салмақ болып, көше бойымен бойлап келе бергенде Дикий арманның бандиттері ұстап сабап жатқанда, сол жерден полицияға ұсталады. Суық гаражға тастап, бір күн сонда түнегесін ертесінде бір лагерьге апарады. Босаған шығармыз деп автобустан бірінші шыққанда момын азаматты бірден солдаттар ұстап сабап, автоматтың ұшымен ұрған кезде басы жарылып ауыр соққыдан сол жерде бірден қайтыс болды. Артында үш-төрт баласы тұл жетім қалды. Жөргектегі сәбиін көре алмай кетті», – деп қынжылыспен әлі күнге дейін жазықсыз жапа шекен Ербол батырдың аты аталмай кеткенін еске алды.

Бұл бір ғана қазатың момын қара баласының оқиғасы емес. Қаңтар жазықсыз талай боздақтарды өзімен бірге ала кетті. Оларға енді тағзым етіп, еске алу мақсатында  осындай мемориалдың ашылуы да заңды.

«Бұл ескерткіш осы оқиғаны еске салатын бірден-бір мемориал болды. Мақсаты – оқиғадан сабақ алу. Қазақтың мемлекетінің шаңырағы шайқалмайтындай етіп, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып осындайға үндейтін ескерткіш. Орнатылған жерінде көтеріліс болды. Әріқарай парк салынады, саябақтан адамдар жүреді, бәрі осыны көріп, тағзым ететін болады», – деді ғалым.

«Тағзым» мемориалы қаңтар оқиғасының эпицентрі болған жерде салынды. Республика алаңы халқымыз үшін киелі орын саналады. Мемориал тағзым ететін және еске алатын, сондай-ақ халқымыздың даналығын, батылдығы мен күш-қуатын көрсететін орынға айналмақ.

Амангүл Тілейқызы
Бөлісу: