Қанша мүгедектігі бар адам жеңілдікті ипотекалық қарыз алды

6 Қараша, 11:21 378

Тоғыз айдың қорытындысы бойынша І және ІІ топтағы мүгедектігі бар адамдарға төмендетілген мөлшерлемелер бойынша 851 жеңілдікті ипотекалық қарыз берілді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Тұрғын үй қатынастары саласында ерекше қажеттіліктері бар азаматтар үшін бірқатар мемлекеттік қолдау шаралары көзделеді. Үкімет отырысында өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Қуандық Қажкенов тұрғын үй алуға кезекте 1 және 2 топтағы мүгедектігі бар 56 мың адам және мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеп отырған 25 мың отбасы тұрғанын баяндады.

Жеңілдетілген ипотекалық қарыздар бойынша бастапқы жарнаның бір бөлігін жабу үшін азаматтарға тұрғын үй сертификаттары беріледі, олардың ең жоғарғы мөлшері жергілікті бюджет есебінен іске асырылатын 1,5 млн теңгені құрайды. 1 және 2 топтағы мүгедектігі бар азаматтарға 474,8 млн теңгеден астам сомаға 423 сертификат және мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларға жалпы сомасы шамамен 344,1 млн теңгеге 305 сертификат берілді, — деп мәлімдеді Қуандық Қажкенов.

2022 жылдан бастап Президенттің тапсырмасы бойынша азаматтардың жекелеген санаттарына жеке сектордағы тұрғын үйді жалға алу құнының бір бөлігі субсидияланады. 9955 отбасы төлем алады, оның ішінде 1 және 2 топтағы мүгедектігі бар 854 адам және мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеп отырған 703 отбасы.

Бұдан бөлек, кезекте тұрған азаматтар жеңілдетілген ипотекалық қарыздарды Отбасы банкі арқылы 2% және 5% төмендетілген мөлшерлемемен ала алады. Биылғы 9 айдың қорытындысы бойынша жеңілдікпен кредит беру тетігі бойынша 5 746 кезекте тұрғандар тұрғын үй сатып алды, 1 және 2 топтағы мүгедек адамдарға 851 қарыз, сондай-ақ мүгедектігі бар балалары бар немесе оларды тәрбиелеп отырған отбасыларға 644 қарыз берілді.

Қолданыстағы мемлекеттік қолдау шараларымен қатар тұрғын үй саясатын реформалау бойынша жұмыстар жүргізілуде. Заң жобасына сәйкес 1 және 2 топтағы мүгедектігі бар адамдар коммуналдық тұрғын үйді тегін жекешелендіре алады, бірінші кезекті тұрғын үй алу құқығын беру қарастырылған.

Мадина Асылбекова
Бөлісу: