«Қанды жер». Депутат жөндеу көрмеген тас жолдар мәселесін көтерді

27 Наурыз, 14:42 656

Мәжіліс депутаты Қарақат Әбден кеңестік кезеңнен күрделі жөндеу көрмеген Қызылорда-Жезқазған тас жолының мәселесін көтерді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Қызылорда-Жезқазған, Қарағанды-Жезқазған тас жолдарының «жыры» таусылар емес. Мысалы, қазір көктем уақытында құрылыстың нағыз қызатын әрі қолайлы уақыты. Жобалық-сметалық құжаттамамен айналысып жүргенде, жол салудың маусымы тағы да өтіп кетеді. Қызылорда-Жезқазған жолының жайы маған бала кезден таныс. Бұл мәселе сол кезде өзекті еді, қарап тұрсаңыз, қанша жыл өтсе де, «баяғы жартас – сол жартас» болып тұр, - дейді депутат.

Қарақат Әбденнің сөзінше, Жезқазған-Қызылорда автомобиль жолы бойынша мердігер компаниялардың өтінімдері әлі бағалану сатысында. Құжаттардың рәсімделуі «Госэкспертиза» мен «ҚазАвтоЖол» арасында ілгері-кейін допша домалап жүр. Ал Жезқазған-Қарағанды тас жолына қатысты мердігерлік компанияларды анықтау әлі жоспарланып отырғанға ұқсайды. Демек нақты іске қашан көшіп, құрылыстың қашан басталатыны белгісіз.

Жезқазған-Қарағанды тасжолы кеңестік кезеңнен күрделі жөндеу көрмеген, жиектері әбден мүжіліп, тарылып барады. Міне, содан бұл жол «қанды жер» аталып кеткені баршаға аян. Дәл осы жолда 2023 жылы 129 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 167 адам дене жарақат алған, 37-сі қаза тапқан. Ал биылғы екі айда 23 жол-көлік оқиғасы болып, 37 адам жарақаттанып, екі адам мерт болды. Тас жолдың «жыры» таусылғанша, әлі қанша жан тауқымет тартады? - деді мәжілісмен.

Ол үшінші құрылтай өткенде президент Қасым-Жомарт Тоқаев: «Жол салу және оны жөндеу жұмыстары экономиканың дамуына тың серпін береді» деп атап көрсеткенін тілге тиек етті.

Жол болмаса, қандай серпін, қандай даму болады? Жолымыздың түрі анау болса, қандай қарқынды экономика, қандай табысты туризм күтеміз? Халықтың әл-ауқаты осы жолға байланысты. Облысаралық жолдардың сапасыздығы өңірдің дамуына, инвестицияның тартылуына кедергі, сондай-ақ жол тасымалының қиындығын себеп қылып, азық-түлік те қымбаттайды. Бұл тағы қарапайым халықтың қалтасын қағатыны белгілі. Ұлытау облысының күретамыры осы жолдар. Сондықтан президенттің артқан сенімі мен халықтың «алақайлаған» қуанышы сол жолда қалып қоймасын! Көтерілген мәселе өз шешімін табуы тиіс. Жобалық құжаттамалар әлдеқайда шешіліп, құрылыстың қазір басталып-ақ кетуі қажет еді! - деді депутат.

Осы орайда депутат Қызылорда-Жезқазған, Қарағанды-Жезқазған тас жолдарының салынуы мен жөнделуіне сараптама жасалып, нақтыланған жұмыс жоспарын сұрады. Оның ішінде:

- қаржының бөлінуі;
- анықталған мердігер компаниялар;
- келісімшартқа отыруы;
- келісімшарт бойынша белгіленген уақыт;

Миражан Махан
Бөлісу: