30.07.2025
20:05
352
Қанат Бозымбаев Бішкек пен Ташкентте келіссөздер жүргізді

Қанат Бозымбаев Бішкек пен Ташкентте келіссөздер жүргізді

Қанат Бозымбаев Қазақстанның оңтүстік өңірлеріне су жеткізу мәселелері бойынша Бішкек пен Ташкентте келіссөздер жүргізді, деп хабарлайды Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап El.kz интернет порталы.

Премьер-министр Олжас Бектеновтің тапсырмасы бойынша Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев Қырғыз Республикасына жұмыс сапарымен барып, Қырғызстан Министрлер кабинетінің төрағасы Адылбек Касымалиевпен және жауапты ведомство басшыларымен кездесті.

Тараптар Нарын су электр стансалары каскадының, Талас бассейнінің, сондай-ақ Киров және Орто-Токой су қоймаларының тамыз айындағы жұмыс режимін талқылады. Кездесу нәтижесінде бұрын бекітілген келісімдер аясында қуаңшылык пен судың аз келуі салдарынан жеткізілмей қалған су көлемін қосымша жеткізу жөнінде келісімге қол жеткізілді.

Бұдан өзге вице-премьер Қанат Бозымбаев Ташкент қаласында Өзбекстан Премьер-министрі Абдулла Ариповпен және су-энергетика саласындағы жауапты басшыларымен келіссөздер жүргізді. Кездесу барысында екі апта ішінде су жеткізу кестесіндегі кідірісті жою бойынша бірлескен шаралар келісілді.

Осылайша, Жамбыл, Қызылорда және Түркістан облыстарында вегетациялық маусымды толық аяқтау қамтамасыз етіледі және бұл мәселе Үкімет пен өңірлік әкімдіктердің тұрақты бақылауында тұр.