Қан доноры болу үшін нені білу керек?

6 Тамыз, 13:17 710

Донор болу – сауапты әрі жауапты іс. Әр адам өзінің қанын өткізу арқылы науқастарға жаңа өмір сыйлай алады. Мамандардың айтуынша, ұдайы түрде қан өткізіп отыру арқылы адамдар тіпті өз өмірін де 5-7 жылға ұзартады.

Жалпы қан тапсыруға қойылатын өзіндік негізгі талаптары бар. Біз бүгінгі мақалада қан доноры болудың шарттарын қарастыратын боламыз.

Елімізде қанша адам қан тапсырады?

Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі «Трансфузиология ғылыми өндірістік орталығы» Донор кадрларын жинақтау бөлімінің аға дәрігері, трансфузиолог дәрігер Меруерт Жадыгердің сөзінше, жылына Қазақстан Республикасы бойынша 220 мың адам қан тапсырады екен.

Астана қаласында жылына 40 мың адам қан өткізеді. Жылына еліміз бойынша 38 мың науқасқа қан құйылады. Ол күніне алғанда 1 мың адамды құрайды, - деді ол.

Сондай-ақ Меруерт Мәлікқызы айына 3000 адам қан тапсырып отыратынын да атап өтті.

Қан орталығына күніне шамамен 120-150 адам келеді. Ол ауруханаларды қанмен қамтамасыз ету үшін жеткілікті, тапшылық жоқ, - дейді дәрігер маман.

Қан кімдерге керек?

Трансфузиолог дәрігер Меруерт Жадыгердің айтуынша, қан төмендегідей бірнеше жағдай орын алған кезде қажет болады.  

Қанды жазатайым оқиғалар мен табиғат апаттары нәтижесінде ауыр жарақат алған адамдар, күйік кезінде, жатырдан тыс жүктілік және босану кезінде немесе босанудан кейін қан кетулермен жүктілігі асқынған әйелдер қажет етеді. Сондай-ақ қан күрделі медициналық рәсімдер мен хирургиялық операциялар және қатерлі ісік ауруларынан зардап шегетіндерге керек, - дейді Меруерт Мәлікқызы.

Кімдер донор бола алады?

Меруерт Жадыгердің сөзінше, кез келген 18 жасқа толған, тиісті медициналық тексерістен өткен және ешқандай қарсы көрсеткіштері жоқ ерікті адам қан тапсырып, донор бола алады.

Донордың бойы 150 см-ден жоғары болса, салмағы кем дегенде 50 кг-нан асу керек. Гемоглобин мөлшері 120 г/л-ден төмен адамдар донор бола алмайды. Емделушіге құйылатын қан қауіпсіз болуы үшін донордың денсаулығы дұрыс болуы тиіс, - деді ол.

Қанды тапсыру алдында донор терапевттің қабылдауы мен алдын-ала медициналық зерттеуді қамтитын медициналық тексеруден өтуі тиіс.

Егер қан донорының аурулары бар болса немесе қандай да бір дәрілерді қабылдайтын болса, бұл туралы дәрігерді алдын ала ескертуі қажет. Ол қан және оның компоненттерін тапсыру жайында шешім қабылдайды. Дәрігердің тексеріп-қарауы мен донор мен дәрігердің әңгімесі – қан және оның компоненттерін тапсыру алдындағы міндетті шаралар болып есептеледі. Қан тапсыруға келген адам өзін жайсыз сезінсе, дәрігерден жасырмай, сауалнама сұрақтарына шынайы жауап бергені абзал. Сонда ғана қанның компоненттерін қажет ететін пациенттер үшін қауіпсіз болады.

Донор болуға қалай дайындалу керек?

Трансфузиолог дәрігер қан тапсыратын адам алдын ала дайындалуы қажет екенін айтады.

Донор міндетті түрде диета сақтауы керек. Қан тапсырудан бір күн бұрын майлы, ащы, қуырылған, сүрленген тағамдарды жеуге болмайды. Сонымен қатар ет, балық және сүт өнімдерін, жұмыртқа мен сары майды, шоколадты, авокадо, қызылша, банан, жаңғақтар мен құрмаларды жеуге тыйым салынады. Процедураға дейін екі күн бұрын ішімдік ішуге, үш күн бұрын қан сұйылтатын аспирин мен анальгин сияқты дәрілерлі ішуге рұқсат етілмейді. Қан тапсыруға екі сағат қалғанда темекі шегуге болмайды, - деді аға дәрігер.

Сонымен қатар ол аш қарынға қан тапсырмау керек екенін де атап өтті.

Қан тапсырар алдында суға, буға піскен тамақтарды, бананнан басқа көкөністер мен жемістерді жеуге болады. Яғни, донор майсыз, суға піскен макарон өнімдерін, ботқа жеп, қара шай, шырын, компот, минералды су ішкені дұрыс, - дейді Меруерт Мәлікқызы.

Түнгі ауысымнан келген немесе түнде ұйықтамаған адамға қан тапсыруға болмайды. Сонымен қатар емтихандардың, конкурстардың, жобаларды ұсынудың алдында және жұмыс көп кезде қан тапсыруды жоспарламаған жөн.

Қан алу алдында дәрігер донордың денсаулығын міндетті түрде тексерістен өткізеді. Сол кезде қан тапсыруға келген адам дәрігер қойған сұрақтарға шынайы жауап беріп, қабылдаған дәрі-дәрмектерін, қандай аурулармен ауырғанын жасырмай айтуы керек. 

Қан өткізгеннен кейін не істеу керек?

Донор қан тапсырған соң бірқатар талаптарды ескеру қажет.

Алдымен донор 10-15 минуттай тынығып алып, өзін нашар сезінсе қан орталығындағы қызметкерлерге жүгінуі керек. Тізесін бүгіп, аяғын көтеріп жатқаны немесе басын тізесіне қойып отырғаны дұрыс, - дейді дәрігер.

Сонымен қатар қан алған жерге су тигізбеген абзал.

Қан өткізгеннен кейін екі сағат бойы шылым шегуге болмайды. Сол күні донор көбірек сұйықтық ішіп, ауыр физикалық жұмыстардан бастартуы тиіс. Ыстық моншаға түсуге кеңес берілмейді. Екі күн бойы құнарлы тамақтанып, күніне кемінде 1-2 литр су ішуі керек, - деді  Меруерт Мәлікқызы.

Оның айтуынша, қан құрамы 5-7 күн ішінде толық қалпына келеді. Донор шырын, шай секілді сусындарды ішкен дұрыс.

Қанды жиі тапсыруға бола ма?

Трансфузиолог дәрігер қанды тапсырудың екі түрі бар дейді. Бірі қанның өзін тапсыру болса, екіншісі қан компоненттерін тапсыру.

Ерлер жылына 6 реттен көп емес, ал әйелдер жылына 4 реттен көп емес мөлшерде қан тапсыра алады. Бір рет қан тапсырғаннан кейін екінші рет қан тапсыру үшін кем дегенде 60 күн өтуі керек. Ал қан тапсырған соң қанның компонентін тапсыру үшін 30 күн өтуі қажет, - деді ол.

Қан доноры болу қауіпті ме?

Дәрігер қан доноры болу мүлде қауіпті емес деп есептейді.

Қан тапсыратын кез келген адам донация алдында міндетті медициналық тексерістен өтеді. Дәрігер терапевт қандай да бір қарсы көрсеткіш анықталған жағдайда донор болуға рұқсат етпейді, - деп жауап берді Меруерт Мәлікқызы.

Кімдер қан доноры бола алмайды?

Меруерт Жадыгер  Денсаулық сақтау министрлігінің 113 бұйрығымен жұмыс істейтіндерін айтты. Ол жерде нақты кімдерге донор болуға болмайтыны жайлы шектеулер жазылған.

Тұрақты қарсы көрсетілімдеріне мыналар жатады:

- Адамның иммун тапшылығы вирусы (АИТВ), В және С гепатиті вирустарынан туындаған ауру.

- Туа біткен немесе жүре пайда болған мерез.

- Туберкулез (барлық түрлері), бруцеллез, сүзек, Туляремия, Алапес (Гансен ауруы), Африкалық трипаносомоз, Чагас ауруы, Лейшманиоз, Токсоплазмоз, Бабезиоз, созылмалы Ку безгегі, Эхинококкоз, Филариаз, Дракункулоз.

- Адамның иммун тапшылығы вирусы (АИТВ) инфекциясынан туындаған ауру маркерлеріне қайталанған оң сынақ нәтижесі.

- В және С вирустық гепатитінің маркерлеріне қайталанған оң сынақ нәтижесі.

- Мерез қоздырғышының маркерлеріне қайталанған оң сынақ нәтижесі.

- Қатерлі ісіктер.

- Қанның, қан түзетін мүшелердің аурулары және иммундық механизмге әсер ететін жеке бұзылулар.

- Орталық жүйке жүйесінің аурулары (органикалық бұзылулар).

-. Есту және сөйлеу және көрудің толық болмауы.

- Науқасқа және басқаларға қауіп төндіретін және өршу жағдайындағы психикалық бұзылулар және мінез-құлық бұзылыстары.

- Заттарды қолданудан болатын психикалық және мінез-құлық бұзылыстары.

- Қан айналым жүйесінің аурулары.

- Тыныс алу жолдарының аурулары: бронх демікпесі, бронхоэктаз, өкпе эмфиземасы.

- Тері және тері астындағы тіндердің аурулары: асориаз, эритема, экзема, пиодермия, сикоз, пемфигус (пемфигус), дерматофитоз, фурункулоз.

Уақытша қарсы көрсетілімдерге не жатады:

- Дене салмағы 50 келіден аз болса.

- 20 жасқа дейінгі жас (2 эритроцит доноры немесе аферез суспензиясы үшін).

- Дене салмағы 70 келіден аз болса (2 эритроцит немесе аферез суспензиясы үшін).

- Гемоглобин 140 г/л-ден аз (2 эритроциттерді немесе аферез суспензиясын беру үшін).

- Дене температурасы 37 °С жоғары. Дене температурасы қалыпқа келгенге дейін (37 ° C және одан төмен).

- Пульс - минутына 55 соққыдан аз және минутына 95 соққыдан жоғары.

- Жүктілік, лактация кезеңі.

- алкоголь ішсеңіз (48 сағатқа дейін).

Донорға ақша төлене ме?

Қан тапсыpатын доноpлаp үш түpге бөлiнедi. Атап айтқанда, ақылы доноp, өтеyсiз доноp және автодоноp деген бар.

Ақылы доноpлаpға – көpсеткен қызметiне қаpай төлемақы беріледі. Яғни, қаражат олаpдың ақысы эpитpоцит, плазма немесе тpомбоцит тапсыpғанына қаpай есептеледi. Ақылы доноpлаpға 2-8 АЕК (1 АЕК – 3 692 теңге) аpалығында қаpажат төленеді.

Қазіргі таңда донорлар қан тапсыру кезінде энергия шығыны үшін өтемақы ретінде 0,25 АЕК алады, бұл – 923 теңгені құрайды.

Автодоноpлаpға ешқандай ақы төленбейдi. Себебі олаp ота жасатаpдан 2 ай бұpын өз қанын жоспаpлы түpде өткiзедi. Кейiн сол қанды өзiне құйғызады.

Қандай жеңілдіктер қарастырылған?

Трансфузиолог дәрігер өтеусіз қан тапсырған адамдарға Қазақстанда тегін қан тапсырған донорларға «Халық денсаулығы туралы» кодекске сәйкес, жұмыстан босату туралы екі күнге анықтама берілетінін айтады.

Донорға берілетін анықтаманы сол күні немесе оның қалауы бойынша бір жыл ішінде қолдануға болады. Қан тапсырған адамның орташа жалақысы сақталып, жұмыстан босатылады, - деді Меруерт Мәлікқызы.

Қан тапсырудың қандай пайдасы бар?

Бір рет қан өткізген донорлар орта есеппен 3 адамның өмірін құтқарса, тұрақты түрде қан өткізіп тұратын донорлар жылына 12 адамды аман алып қалуға септігін тигізеді.

Қан мен оның компоненттерінің донорлығы адам ағзасы үшін қауіпсіз әрі пайдалы. Атап айтқанда, ол иммундық жүйені белсендіру, қанайналым жүйесін белсендіру, жүрек-тамыр жүйесінің алдын алу, атеросклероздың алдын алу (холестерин деңгейін сақтайды), ағзаның жазатайым оқиғалар кезінде қан жоғалтуға төзімділігін өндіруге бейімделуі, тұрақты донация ағзаның жаңаруына көмектеседі, бұл ішкі ағзалардың барлық ауруларының алдын алады. Қан түзілуін ынталандыру есебінен ағза жасарып, ағза жасушаларының регенерациясы жүріп, адам өзін жақсы сезінеді. 

Ажар Лаубаева
Бөлісу: