«Қамқоршы AMANAT» проблемалық несиесі бар тұрғындардың табысын арттыруға көмектеседі

22 Сәуір, 11:19 522

«AMANAT» партиясының «Қарызсыз қоғам» жобасын жүзеге асыру жұмысы жалғасуда. Былтыр сәуір айында бастау алған жобада 100 мыңнан астам адам қаржылық сауатын арттырды. Жобаның екінші кезеңінде партия «Қамқоршы AMANAT» қорын құрып, аграрлық кооперативтер арқылы «Қарызсыз қоғам» түлектерінің табысын арттыруға ниетті, деп хабарлайды  El.kz ақпарат агенттігі.

Осы мақсатта «AMANAT» партиясы ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігімен, «Halyk Bank» және «Банк Центр Кредит» банктерімен тиісті меморандумға қол қойды.

Өз кезегінде ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі төрағасының бірінші орынбасары Нұрлан Әбдірахманов партия ұсынатын барлық іс-шараларды, халықтың қарызын азайтып, табысын арттыру жөніндегі бастамаларды белсенді қолдайтынын атап өтті.

Агенттік қарыз мәселесін реттеу алгоритмін қабылдады. Жаңа кезеңде қарыз алушы ауылдарда, қалаларда, облыстарда орналасқан аймақтық жобалық кеңсеге жүгініп, қарыз мәселесін реттеу жоспарын жасай алады. Мұнда көптеген қарыз алушыны оңалту олардың табыс деңгейіне байланысты екенін түсінеміз. Сондықтан, партия ұсынған табысты арттыру жөніндегі екінші кезең азаматтардың қарыз деңгейін төмендетіп, ресми несиелік айналымға оралуына көмектеседі, - деді Нұрлан Әбдірахманов.

Агенттікке проблемалық несиесі бар адамдарды оңалту тетігін әзірлеу тапсырмасы берілген. Атап айтқанда, қарыз алушы 12 ай бойы кестеге сәйкес кредиттерді өтесе және оның мерзімі өткен міндеттемелері 30 күннен аспаса, Кредиттік бюро «Оңалтудан өту» мәртебесін береді деп көзделген. Осылайша, қарыз алушының жағымсыз кредиттік тарихы жабылады және уақытылы төлемдері ғана сақталады. Бұл адамдардың қалыпты шарттармен несие алуы үшін жасалған.

Проблемалық несиесі барлардың табысын артыру үшін «Қамқоршы AMANAT» аясында Жамбыл облысы Меркі ауданында «Агросауат» атты алғашқы орталық ашылды. Бұл орталықта тілек білдірушілер теориялық білім алып қана қоймай, ауыл шаруашылығының түрлі бағыты бойынша тәжірибелік дағдыларды игере алады. Қатысушылар үшін тәжірибелі зертханалар мен жобаларды толық жүзеге асыруға қажет барлық құрал қолжетімді болады.

Меркі ауданына жасалған скрининг тұрғындардың ауыл шаруашылығымен белсенді айналысатынын көрсетті. Халықтың 75,6% мал мен құс асырайды, ал 70,2% - қызанақ, картоп және қияр өсіретін бақшалары бар. Алайда, халықтың 1 пайызы ғана жеке қосалқы шаруашылықтарында өсірген өнімді сатады. Экономикада бұл «жоғалған пайда» деп аталады. Қолда бар әлеуетті 1% тұрғын ғана пайдаланып отыр. Ал несие қаражатына жүргізілген зерттеу ақшаның тұрмыстық техникаға, үй-жайын жақсартуға жұмсалғанын көрсетеді. Яғни ешкім бизнес үшін несие алмаған, - деді «Қарызсыз қоғам» жобасының жетекшісі Ақмарал Бекмұрзаева.

Оның айтуынша, «Қамқоршы AMANAT» қоры жеке-қосалқы шаруашылықтарды кооперативтерге біріктіріп қана қоймай, мал мен тұқым сатып алуға, машина-трактор стансаларын ұйымдастыруға, өнімді сертификаттауға және өткізуге көмек көрсететін, қайта өңдеу жобаларын дамытатын, өнім сақтау қоймаларын салуға ықпал ететін тұтас экожүйе құруға мүмкіндік береді.

Екінші деңгейлі банктер де халықтың несиеленуі мен табысын арттыру мәселесіне бей-жай қарамайды және мұндағы қаржы секторының маңызды рөлін түсінеді. Өткен жылы «Halyk Bank» «Қарызсыз қоғам» оқыту жобасына демеушілік көрсеткен еді.

2023 жылы жеке тұлғаларға кредит беру көлемі 25 пайызға өсті. Бұл көрсеткіш негізінен 30 пайыздан астам өскен тұтынушылық қарыздардың өсуі есебінен құралды. Парламентте, қоғамда халықты несиелендіру мәселесі бірнеше рет көтерілді, несиелеу шарттарын қатаңдату бойынша заң жобасы әзірленді. Жеке тұлғалардың банкроттық механизмі алғаш рет енгізілді. Көптеген проблемалы қарыз алушылар банкроттықты қарыздан құтылудың жолы деп санайтын. Банкроттық мәселені түгел шешпейді. Енді «Қамқоршы AMANAT» қорын құру арқылы қиын несиелік жағдайына тап болған отандастарымызға көмектесе аламыз, - деді «Halyk Bank» Басқарма төрағасының орынбасары Ертай Сәлімов.

Несиесі бар адамдарды біріктіру және оларға болашақта ақша табуға мүмкіндік беру идеясы қарызды біртіндеп өтеуге ғана емес, тапқан ақшаларын үнемдеуге және қаржылық қор қалыптастыруға да мүмкіндік береді. Мұның бәрі сайып келгенде, мемлекеттің әл-ауқатын нығайтуға септігін тигізеді.

Банк Центр Кредит» те ел экономикасының дамуына белсенді қатысады, біз кәсіпкерлікті дамыту тұрғысынан екінші орында тұрмыз. Біз тұтынушылық несиеге көп басымдық бермейміз және ипотека, авто және бизнес секілді мақсаттарға көбірек көңіл бөлеміз. Шағын және орта бизнестің экономикадағы үлесінің өсуін өте маңызды деп санаймыз. «Қарызсыз қоғам», «Қамқоршы AMANAT» жобалары біздің тұрақты даму мақсаттарымызбен үндес және алдағы уақытта кәсіпкерлер саны арта түседі деп үміттенеміз, - дейді «Банк Центр Кредит» вице-президенті Анастасия Овсянникова.

Ақмарал Ағзамқызы
Бөлісу: