Қалың мал мен киіт салт па, сауда ма?

8 Тамыз 2023, 13:06 1797

Қазақтың дүниетанымы, ұлттық болмысы оның салт-дәстүрлерімен біте-қайнасып жатыр. Әр әдет-ғұрыптың ізгілікке үндейтін терең мәні бар. Бірақ солардың кейбірі қазіргі қоғамда материалдық бәсекеге ұқсап бара жатқандай ма? Мәселен, қалың мал мен киіт кигізу рәсімі рәсуаға айнала бастаған жоқ па? Осы дәстүрлер төңірегінде сауалнама жүргізіп көрдік.

Қазақ — салт-дәстүрге бай ұлт. Елмен ертеден жасасып келе жатқан дәстүрлердің көбі той-думан айналасында жасалады. Солардың ішіндегі ең танымалдары — қалың мал мен киіт кигізу. Қыз алысып, қыз беріскен екі ауыл қалың беріп, киіт алмасып, "мыңжылдықтың" іргесін бекітіседі. Бұдан қазақтың меймандос, дархан, қонақжай пейілін, жаңа туысқа деген ізет-құрметін аңғарасыз. Қалың малдың қоғам дерті болып асқынып, әлеуметтік теңсіздікке әкелгенін де тарихтан білетін боларсыздар. Ал қазіргі заманда осы дәстүрлер қаншалықты маңызға ие? Өзінің түпкі мәнінен ажырап қалған жоқ па? Оған елордалық дәстүртанушы, публицист Тоғайбай Нұрмұратұлы мынадай пікір айтады.

Бұлар — қазаққа ең керек дәстүрлер. Оларды ұмытсақ, басқалары да көмескілене бастар еді. Сондықтан ұлттың жоралғыларына ешқашан жат көзбен қарамау керек. Мұны жоққа шығарғысы келетіндер бізді құндылықтарымыздан айыруды көздейді. Үнемі жаман жағын көрсетіп, келеке етіп отыратындарды теріс пиғылдылар дер еім. Қалың мал — қайтарымы бар дүние. Қыз жасауымен орны толады. Ал киіт құдалар арасында жүретін дәнекер ғой. Енді, асыра сілтеп жіберетіндер, әулет жағдайымен санаспайтындар ілуде біреу шығар. Ондай жағдайлар бұл дәстүрлерге көлеңке түсірмесе керек-ті, — дейді дәстүртанушы.

Оның айтуынша, миллион-миллиардтап қалың мал сұрайтындар қызды бергісі келмейтін ата-аналардан шығуы мүмкін. Оған бола салтты санаттан сызып тастауға, жоққа шығаруға болмайды. Қазақы әдет-ғұрып, ырым-тыйымдар туралы жиі пікір жазып жүретін әлеуметтік желі белсендісі Анаргүл Шалғынбай да осы ұстанымда.

Кеңес үкіметінен келе жатқан сыңаржақ пікір қалың мал дәстүрінен жирендіріп отыр. С.Көбеевтің "Қалың мал" романындағы малға сатылып кететін қыз байғұсты елестеді көбісі. Жоқ, олай емес. Қалың мал — қызға екі еселеніп қайтып баратын дүниесі. Себебі қыздың төсек-орын жабдығын қалың малдың құнымен апарған. Сондықтан қалың мал берілген кезеңдерде ажырасу аз болған. Ал, қазір ажырасудың көбісі материалдық жағдайдың төмендігінен болып отыр. Сондықтан мен қалың мал дәстүрін қос қолдап қолдаймын. Ал киіттің жөні өз алдына бір бөлек. Ол да аса қажет деп есептеймін, — дейді ол.

Дегенмен бұл пікірге қарсы дау айтатындар да жетіп-артылады. Мәселен, журналист, асаба Нұрқанат Бұқабаев мұның пайдасынан зияны көп деп санайды.

Бастапқыдағы мән-маңызын біз де түсінеміз. Бірақ қазір осы дәстүрлер дүниеқұмарлықтың, ысырапшылдықтың, бақай есептің, бәсекенің көрінісіне айналып барады. Бір мысал айтайын. Жақын араласатын бір бауырым елордада жүріп, бір қызға ғашық болып, көңілдері жарасты. Кейін келін қылып еліне алып барды. Жағдайлары төмендеу-тін. Қыз жақтан келген құда-құдағилар қалаған қалың малына келісе алмай, қызын жұлғандай қылып алып кетті. Не болды ал? Екі жастың обалына қалды емес пе? Менің айтып отырғаным — бір ғана мысал. Қоғамда мұндай жағдайдың мыңдап кездесуі ғажап емес қой", — дейді Нұрқанат.

Қостанайлық қаламгер, Қазақстанның құрметті журналисі Айбек Ибраев Нұрқанат інісінің осы пікірін қостайды. Бас құрап, үйлену, тұрмысқа шығу секілді өмірдің заңдылығын саудаға айналдырмау керек деген қағидаға берік.

Бастысы, балалардың бақыты емес пе? Дүниенің орны тола береді ғой. Өзім де қыз ұзатқан әкемін. Сондықтан бұндай дәстүрлер маған таңсық емес. "Келісе пішкен тон келте болмайды" демекші, өмірге келген жас отауға тілекші ата-ана ретінде дүние үшін таласып-тартысып жатпай, өзара ымыраға келсе, қандай жарасымды. Қайта, сол босқа рәсуа болатын шығынды балалардың мұқтажына жұмсаған, үй-жайын алып беруге жаратқан әлдеқайда пайдалы ғой. "Аузын аңқайтып ашып, құдаларының хал-жайына қарамастан 10-20 миллион сұрапты" дегенді біздің де құлақ шалып қалып жатады. Өз басым мұндайды құптай қоймаймын, — дейді ол.

Әрине, түптеп келгенде, қалың мал сұрау — қыз сату, киіт кигізу — байлық сынасу деген сөз емес. Ықылымнан келе жатқан ырым. Бірақ сол ырымдардың қырын кетіп қалмауы да қаперде ұсталса игі. Қазір туыстасып үлгермей жатып, бір-бірін сотқа сүйрейтін құдалардың көбейгені де жасырын емес. Оның бәрі салтты саудаға айналдырғанның салдары болар...

Бұдан көлек, көп жерде дау болып жүрген тағы бір мәселені қаузай кеткіміз келеді. Дүниеден озған адамға жоқтау айту, дауыс қылу әдет-ғұрпымызда ежелден бар. Қазақ «Жоқтау – өлімнің азаны» дейін. Оны марқұмның тал бесік пен жер-бесік аралығындағы өміріне, екі дүниеге арналған арқау жырға балайтын. Бірақ соңғы кездері жоқтаудың дінге жат екенін айтушылар көбейді.

Жалпы, өмірі де, өлімі де өлеңге айналған қазақ қашаннан жоқтауға ерекше мән берген емес пе еді. Қара жамылған отбасының қайғысын ортақтасу, қимас жанға қабырғасы қайыса өлең арнау – әлімсақтан бар дүние. Онда фольклор ғана емес, тарих, таным, тілдің кені жатыр.  Мұсылман дінін ұстанып, иманына берік болып өткен ата-бабамыз бұл салтты бұлжытпай орындап, кейінгі ұрпағына парыз етіп келді. Ел аузында «жоқтауы жақсы келіссе, тірілткенмен пара-пар» деген тәмсілдің айтуылуы да бекерлік емес болса керек.

Бірақ бүгінде жоқтау айтуға қырын қарап, оны дінге жат санап, «ширк» деп танитын жамағат көбейді. Жоқтау айтуды Алланың бұйрығына қарсы шығу деп тәпсірлеп жүрген имамдар бар. Былтыр әлеуметтік желіде осы мәселенің үлкен дау болғанын да көзіміз шалған-тын. Оған «бас мүфти Ахметтің кесенесінің ашылуына жоқтау айтылады деген соң бармаған» деген қауесет түрткі болған. Көпшілік көзқарасы екіге жарылып, сан алуан пікір айтылды. Осының ақ-қарасын біру үшін Қостанай облысының бас мешітіне хабарластық.

Әлбетте, адамға жақынынан айырылу оңай нәрсе емес. Қасиетті Құранда: «Жан иесі өлім дәмінн татады», - делінеді. Ал, енді, қимасынан көз жазған кісілерге жоқтау айтуға түбегейлі қарсылық жоқ. Сондықтан «тыйым салынады» деп жүрген кісілердің пікірінде жаңсақтық бар. Бірақ жоқтау айтудың да өзіндік талаптары бар екенін ескерген жөн. Мәселен, жоқтау кезінде Аллаға қарсы сөз айтуға, тіл тигізуге болмайды. «Мені неге алмадың?» деген ауыр сөз айту да қате деп есептеледі. Сосын, жоқтау айту салты марқұм өмірден озғаннан кейін үш күн ішінде ғана орындалуы шарт, - дейді  пәтуә бөлімінің қызметкері Дархан Манарбекұлы.  

Дәстүртанушы, Мәдениет саласының үздігі, айтыскер Әлпия Орманшина жоқтауды жоққа шығарғысы келетін дін өкілдерінің пікірімен келіспейтінін айтты. Оның пікірінше, бұл – жат ағымдарды дін деп танитындардың сөзі.

Бұл – не араб емес, не қазақ емес, дүмшелердің шығарып жүрген сандырағы. Бұл атам заманнан келе жатқан, қалыптасқан дәстүріміз емес пе! Абайдың өзі: «Туғанда дүние есігін ашады өлең, өлеңмен қара жерге кірер денең» деген жоқ па? Жоқтауға, қара дауысқа салып өлең айтуға тыйым салғысы келетіндердің «заңын» құптамаймын. Кезінде Міржақып атамыздың сүйегін елге әкелген кезде қызы, Гүлнәр апамыз он ауыз жоқтау айтып, жыламаған адам қалмап еді. Ол ел ішінде аңыз болып тарады. Өзімнің жұбайым қайтыс болғанда мен де жоқтау шығарып айтып, сол кездегі облыстың бас имамы: «Аллаға да, адамға да тіл тигізбей, сіздей керемет жоқтау айтқан адамды бұрын көрмеппін» деп еді. Ата-бабадан қалған дәстүрді жоққа шығарғысы келетіндердің сөзін құлаққа қыстырмау керек, - дейді Әлпия апамыз.

Қостанайлық тағы бір қаламгер, ақын Абылай Мауданов та баба салтын құптайтындар жағында.

Қазақта «жоқтаусыз кетті» дегеннен асқан ауыр сөз жоқ шығар. Бажайлап қарасаңыз, астарында ізделмей кетті, жоқтауы айтылмады деген мағына жатыр. Тарихымыздың өзі дінмен емес, жоқтаумен жетті ғой. Халық әдебиетінің құнары да осында жатыр. Мәселен, Ахмет Байтұрсынұлы бастырған «23 жоқтауда» қазақтың 400 жылдық тарихы қамтылады екен. Басқаны қайдам, Торғай өлкесінде бұл ғұрып әлі күнге бар. Керемет үлгілерін өзім де талай мәрте естігенмін. Өзім де азалы отбасылардың өтінішімен он шақты жоқтау жазған едім. Жалпы, әдет-ғұрыпты мойындамау әсіредіншілдіктің жемісі деп ойлаймын. Біз осы «дінге қарсы» деп дәстүрімізден жұрдай болмаймыз ба?, - дейді ол.

Оның айтуынша, жоқтау жырлары қазаққа ғана тән асыл мұра. Олай болса, «тірісі сөзге тоқтаған, өлгенін жырмен жоқтаған» қазақтың салт-санасы мен шариғатты бір-біріне қарсы қою кімге қажет? Дәстүр мен дінді бірдей ұстануға не кедергі? Сіздер қай тараптың пікірін қолдайсыздар? Ой қоса отырыңыздар.

Бейбарыс Сұлтанұлы
Бөлісу: