Қалтаға салмақ па, сапалы демалыс па? Шымбұлақтағы бір күн қанша тұрады

Қалтаға салмақ па, сапалы демалыс па? Шымбұлақтағы бір күн қанша тұрады

Алатаудың бөктерінде алаңсыз сырғанау қалтаны қаға ма деген сұрақты қыста Алматыға қыдырып келген әр адамнан естуге болады. Бірі бұл жерді тек қалталылар мен шетелдік туристерге арналған деп санайды, енді бірі маршутты дұрыс жоспарласа, аса қымбат емес екенін айтады. Шын мәнінде, баға қалай және қанша уақытқа келген дұрыс, бірге талдап көрелік.

Бағытты анықтап алу қажет

Шымбұлақ - Орталық Азиядағы ең танымал тау-шаңғы курорттарының бірі. Қаладан небәрі 25 шақырым жерде орналасқан, инфрақұрылымы жақсы дамыған және халықаралық деңгейдегі жарыстарды қабылдай алады. Дәл осы факторлар оның бағасына да әсер етеді.

Ең алдымен, жол шығынынан бастайық. Алматыдан Медеуге дейін қоғамдық көлікпен жетуге болады, бұл ең арзан нұсқа. Автокөлікпен келгендер үшін тұрақ ақысы бар, бірақ ол аса қымбат емес. Нақтырақ айтқанда сағаттық тұрысы үшін 1000 теңге. Негізгі шығын Медеуден Шымбұлаққа апаратын аспалы жолдан басталады. Көтерілудің өзі бір адамға 5000 мың теңге тұрады және бір бағытқа ғана арналған баға. Егер тауға достарыңызбен барсаңыз асықпай жаяу түсуге де болады. Бірақ жас ерекшеліктері мен энергия жоғалту секілді шаршауды ескерсек, көбі аспалы жолды таңдайтыны анық. Бұл бағытқа да 5000 мың теңге төлеуіңіз қажет.

Жолақтарда сырғанау құны қанша?

Енді ең бастысы шаңғы тебуге келейік. Шымбұлақтағы ски-пасс бағасы маусымға, аптаның күніне және сырғанау уақытына байланысты өзгереді. Демалыс күндері мен мерекелерде баға айтарлықтай жоғары. Курорттың барлық трассасында сырғанау құны: 10 мың теңгеден басталады. Ал таңғы және кешкі сырғанау құны 7-8 мың теңге аралығында. Толық күнге арналған абонемент курорттың барлық трассасында 9:00-ден 17:00-ге дейін сырғанауға және көтергіштерді шектеусіз қолдануға мүмкіндік береді. Егер әр жексенбіде келіп тұрамын десеңіз, жылдық абонементті 250 мың теңгеге сатып ала аласыз.

Жабдықтар әр түрлі бағада

Сырғанауға арналған арнайы жабдық мәселесі де маңызды. Егер өз шаңғыңыз немесе сноубордыңыз болмаса, жалға алуға тура келеді. Шымбұлақтағы жалға беру бағалары қалалық прокаттармен салыстырғанда жоғарырақ. Мәселен, қала ішіндегі арнайы дүкендерден толық жабдықты 15-40 мың теңге аралығында алуға болады.

Таудағы бағаның әлде қайда қымбат болатынын сноубордшы Жақсылық Нұржанұлы да растап отыр.

Қазір кәсіби түрде айналысып жатқандықтан өзіме жеке жабдықтар сатып алдым. Ал бұрындары жиі жалға алатын едік. Бір күні өзіме қызық болып, таудағы берілетін экипировканы киіп көргім келді. Бағасы қаламен салыстырғанда өте қымбат және сапасы жағынан айырмашылықтар көрмедім. Егер бір реттік сырғанауға барсаңыз, аса қымбат жабдықты алудың қажеті жоқ. Ең дұрысы 15-20 мың теңгенің айналасындағы күртешелер жарап тұр, - деді сноубордшы.

Сондай-ақ, жабдықтар мен жалға алынған құралдарға да абай болуға шақырды.

Көбісі ескере бермейтін, бірақ маңызды дүниелердің бірі – жалға алу кезіндегі келісімшартты толығымен оқып алу. Кейбір жерлерде зақым келтіріп алсаңыз жаңа құралдың бағасынан қымбатқа төлеуіңіз мүмкін. Сондықтан жалға берушімен алдын ала келісіп алу қажет. Оның үстіне жаңдан үйреніп жүрсеңіз шаңғы, сноуборд және таяқшалардың сынып кету қаупі аса жағары, - деді кәсіби сноубордшы.

Жақсылық Нұржанұлы

Ең дұрысы – өзіңізбен тамақ алып бару

Тағам мен демалысқа келсек, дәл осы жерде қалтаны қағу әсері қатты сезіледі. Курорт аумағындағы дәмханалар мен мейрамханалардағы баға өте жоғары. Салыстырмалы түрде адам басына 10-50 мың теңге аралығында. Бұл баға таудағы логистикамен, өнім тасымалымен және туристік аймақ мәртебесімен түсіндіріледі. Алайда үнемдеудің жолы бар. Тамақты өзіңізбен алып келу немесе Медеуде тамақтанып көтерілу. Жаяу жүргіншілерге арналған тауға шығу жолдарында және белгілі бір шыңның үстінде тамқтануға арналған арнайы орындықтар бар.

Қосымша шығындарды да ескеріңіз

Таудағы қосымша шығындарға инструктор қызметін, балалар мектебін, фотосурет пен түрлі ойын-сауықты қосуға болады. Жаңадан бастағандар үшін нұсқаушының көмегінсіз сырғанау қауіпті әрі тиімсіз, ал оның қызметі де арзан емес. Егер нұсқаушымен жеке үйренгіңіз келсе сағатына 22 мың теңге төлейсіз, ал топтық сырғанауда екі сағатқа адам басына 16500 теңге тұрады. Сырғанау трассасының ұзындығы 25 километрді құрайды, сондықтан нұсқаушының көмегі қажет тұстар өте көп. Бірақ барлығы өз таңдауыңызда.

Экономикалық тұрғыдан қарасақ, Шымбұлақ премиум сегментке жақын курорт. Ол жаппай арзан демалысқа емес, сапалы әрі жайлы қызметке бағытталған. Дегенмен, оны тек қымбат деп сипаттау да дұрыс емес. Егер адам аптаның жұмыс күнін таңдап, алдын ала жоспарлап, қажетсіз қызметтерден бас тартса, бір күндік сырғанау аса ауыр соққы болмайды. Жоғарыда аталған бағаларды есептеп, өз қажеттілігіңізге байланысты демала аласыз. Ең бастысы еліміздің қай курортына барсаңыз да, ішкі туризмді дамытуға қосқан үлесіңіз деп қарастыруға болады.