13.11.2025
18:34
553
Қалай тәлімгер табуға болады? Пайдалы кеңестер

Қалай тәлімгер табуға болады? Пайдалы кеңестер

Тәлімгерлік – кәсіби тұрғыдан өсуге, тұлғалық дамуға және айналадағы адамдармен берік, сенімді қарым-қатынас қалыптастыруға мүмкіндік беретін ең тиімді жүйелердің бірі. Бұл процесс ментор мен ментиге бірдей пайда береді: тәлімгер өз тәжірибесін жаңа деңгейге шығарып, өзгені дамыту арқылы рухани қанағат табады, ал менти бағыт алып, қателіктерді қайталамай, мақсатқа сенімді қадам жасайды.

Тәлімгерлік – тек кеңес беру немесе біреуді үйрету емес. Бұл — екіжақты серіктестік, тәжірибе мен білімнің ортақ алаңы, адамның ішкі әлеуетін ашуға бағытталған жүйелі жұмыс. Дұрыс ұйымдастырылған менторинг кәсіби дағдыларды нығайтып қана қоймай, адамның өзін-өзі тануына, сенімділігін арттыруға, жаңа мүмкіндіктерді көруге жол ашады.

Біз төменде тәлімгерліктің қалай жұмыс істейтіні, тиімді тәлімгерді қалай табуға болатыны, сондай-ақ өзіңнің тәлімгер атану үшін қандай дағдылар мен қасиеттер қажет екені туралы жан-жақты тоқталамыз.

Тәлімгерлік – кәсіби өсуге жол ашатын, айналаңмен берік қарым-қатынас орнатуды жеңілдететін әрі ментор мен шәкіртіне бірдей өмірлік қанағат сыйлайтын тиімді жүйе.

Тәлімгер деген кім және ол не үшін қажет?

Тәлімгер –белгілі бір салада тәжірибесі мол, білімі терең, бағыт-бағдар көрсете алатын маман. Ол өз шәкіртіне (ментиге) кәсіби де, жеке өмірде де дамуға көмектеседі, шабыт береді, дұрыс шешім қабылдауға жетелейді.

Мысалы, стартап негізін қалаушылар инвестор тартқысы келсе, тәлімгерге жүгінеді. Тәлімгер идеяны нақты сандармен дәлелдеуге, компанияның даму жоспарын құруға, сондай-ақ инвесторлармен байланыстыратын қажетті таныстарымен бөлісуге көмектеседі.

Кәсіпкерлікті жаңадан бастаған адамдар көп нәрсені білмейтінін өзі де білмейді. Мұндайда тәлімгер жағдайды биіктен қарап бағалайды, шәкіртін үдерісқа тартып, жеке үлгісі арқылы алға ұмтылуға ынталандырады. Тәлімгер нақты нұсқаулық беріп, мәселелерді шәкірттің орнына шешпейді, ол менти өз күшімен табысқа жететін орта қалыптастырады.

Endeavor ұйымының зерттеуіне сәйкес, Нью-Йорктегі табысты технологиялық стартаптардың 30%-ында тәлімгер болған. Ең жоғары нәтижеге жеткен негізін қалаушыларды өздері сияқты тәжірибелі кәсіпкерлер оқытқан. Мұндай тәлімгерлік моделі бүгінде әлемнің түкпір-түкпіріндегі бизнес орталарында кеңінен қолданылады. Тіпті Стив Джобс қайтыс болғаннан кейін Марк Цукерберг оның өзін үшін баға жетпес тәлімгер болғанын атап өткен. Ал Dropbox негізін қалаған Дрю Хьюстон мен Араш Фирдоусиді Кремний аңғарындағы белгілі сериялық кәсіпкерлер Әли мен Хади Партови тәлімгерлік етеді.

Тәлімгерлер тек кәсіпкерлерді ғана қолдамайды. Тәжірибелі мамандар ескі әдеттерден арылуға, жаңа дағдыларды қалыптастыруға, отбасылық мәселелерді шешуге, команда құруға және түрлі жобаларды іске қосуға бағыт-бағдар береді.

Кімдер тәлімгер бола алады?

Тәлімгер болу үшін міндетті түрде атақты кәсіпкер немесе белгілі маман болудың қажеті жоқ. Ең бастысы – белгілі бір саладан жиналған тәжірибе және өзгеге көмектесуге деген шынайы ниет. Көптеген тәлімгерлер өз еңбегі үшін ақы алмайды. Олар үшін бұл –тәжірибе алмасу, өз білігін кеңейту және кәсіби құзыреттілігін дамыту мүмкіндігі. Табысты менти мысалдары тәлімгерге бедел, сенім және кәсіби ортадағы құрмет алып келеді. Кейде шәкірті тәлімгеріне жаңа компаниядан үлес беріп немесе кеңесші ретінде жұмысқа шақырып, еңбегін қайтарады.

Тәлімгерліктің түрлері

Тәлімгер (Mentor)

Тәлімгер шәкіртімен ұзақ мерзімді қарым-қатынас орнатып, оның дамуына қолдау көрсетеді және күнделікті мәселелерді шешуге бағыт-бағдар береді. Негізгі мақсаты –адамның жан-жақты өсуіне көмектесу. Ол коучтың, тренердің және фасилитатордың әдістерін біріктіріп қолданады.

Коуч

Коучтың міндеті –подопечныйға алдын ала келісілген нақты кәсіби немесе өмірлік мақсаттарға жетуге көмектесу. Тәлімгер секілді ол да процессті ұйымдастырады, кеңес береді және тәжірибесімен бөліседі.
Мысалы, компания қызметкері бөлім басшысы болуды қаласа, коуч оның қазіргі мінез-құлық моделін, әдеттерін, білімін және дағдыларын талдап, сол мақсатқа жетуге бағыттайды.

Тренер

Тренер нақты дағдыларды қалыптастыруға бағытталған және нәтижесі айқын болатын оқу үрдісін жүргізеді. Ол аудиторияның сұранысына сай алдын ала дайындалған тренинг бағдарламасымен жұмыс істейді. Мысалы, компанияның маркетологтары жаңа жарнама тәсілдерін таба алмай жатса, бейресми білім беру тренері креативті әдістер арқылы идея генерациялауды үйретіп, сол идеяларды қалай дамыту керегін көрсетеді.

Фасилитатор

Фасилитатордың міндеті –қатысушыларды өз тәжірибесі мен жұмыс стиліне сүйене отырып, мәселенің шешіміне алып келу. Ол процесс барысын дұрыс ұйымдастырып, сессия кезінде ең қолайлы құралдарды таңдайды. Нақты шешімді алдын ала білмейді.
Мысалы, ірі компанияның топ-менеджменті кадр тұрақсыздығы мәселесін шеше алмай жатса, фасилитатор оларды проблемаға терең бойлату арқылы ортақ шешім шығаруға бағыттайды.

Тәлімгер мен менти міндеттері

Тәлімгерлік қарым-қатынас нәтижелі болуы үшін екі тарап та белсенді болуы керек.

Менти (шәкірт):

  • Процесті өзі басқарады, кәсіби немесе жеке мақсаттарды анықтайды;
  • Әр кездесуге дайын келіп, сол мақсаттар бойынша ілгерілеуін талқылауға әзір тұрады;
  • Жұмыс бағытын айқындап, өз дамуына жауапкершілікпен қарайды.

Тәлімгер:

  • Қауіпсіз, жылы атмосфера қалыптастырып, ментидің күрделі немесе жеке сұрақтар қоюдан қорықпауын қамтамасыз етеді;
  • Шәкірттің сұрауы бойынша шынайы әрі объективті кері байланыс береді;
  • Жұмыс бағытын сақтайды, шекараларды айқындайды;
  • Қажет болған жағдайда тараптар ережелерді қайта қарастырып, жаңа формат енгізе алады.

Тәлімгерліктің мәні туралы

40 жылдық тәжірибесі бар ұстаз Рита Пирсон мұғалімдерді балалармен бірге болашақты бірге құру үшін нағыз тәлімгер болуға шақырады.

Тәлімгердің басты жауапкершілігі

Тәлімгердің ең маңызды міндеті – тәлімгерлік қарым-қатынастың алғашқы қадамдарын дұрыс қалыптастыру және оның шекараларын сақтап отыру. Ол бүкіл процесс бойы шәкіртіне тұрақты қолдау көрсетіп, оның жетістіктерін бақылап, даму динамикасын белгілеп отырады.

Тәлімгер мыналарды атқарады:

  • өз тәжірибесі мен уақытын бөліседі;
  • ментидің сұрақтары, қажеттіліктері мен мақсаттарын басты назарда ұстайды;
  • сөзбен де, іспен де қолдау көрсетеді;
  • шыдамдылық танытып, назарын бөліп мұқият тыңдайды;
  • сындарлы кері байланыс береді және соны қабылдай да алады;
  • нақты нұсқаулық жасамай, бағыт-бағдар көрсетеді;
  • қажет болған жағдайда сыртқы ресурстар арқылы да қолдау ұсынады;
  • келісілген ережелер мен құпия ақпараттың бәрін сақтайды;
  • шәкіртінің уақытын құрметтейді;
  • ашық, адал, сенімді және қамқор болады.

Ментидің жауапкершілігі

Шәкірт (менти) тәлімгерлік үдерістің толыққанды қатысушысы. Оның міндеті – өз мақсаттарына жету үшін белсенді жұмыс істеу, дамуға ашық болу және тәлімгермен жүйелі байланыста болу. Менти тәлімгердің кері байланысын қабылдап қана қоймай, қажет болғанда өзі де пікір білдіреді.

Ментидің міндеттері:

  • оқу мен дамудың нақты мақсаттарын анықтайды;
  • өз өсуіне уақыт пен күш арнайды;
  • қателіктері мен сәтсіздіктерін жасырмай, олардан сабақ алуға дайын болады;
  • әр кездесуге алдын ала дайындалып келеді;
  • маңызды сұрақтар қояды;
  • тәлімгерден кері байланыс сұрайды және қажет кезде өзі де кері байланыс береді;
  • өз күшті және әлсіз жақтарын объективті қабылдайды;
  • тәлімгердің көмегін бағалайды және құрмет білдіреді;
  • жаңа тәжірибеге, жаңа дағдыларға, жаңа әдеттерге ашық болады;
  • келісілген құпияны сақтайды;
  • тәлімгердің уақытын қадірлейді.

Қысқасы, табысты тәлімгерлік – екі жақтың да тең дәрежеде жауапкершілік алып, ашықтық, сенім және жүйелі әрекет арқылы құрған ортақ еңбегі.

Халықаралық Теодор Хойс атындағы Коллегияның тренері және фасилитаторы, EU4Youth Alumni Network ұлттық тәлімгері Нурана Мамедова тәлімгерлік қарым-қатынаста жиі кездесетін қателіктер туралы былай дейді:

«Көп жағдайда менти тәлімгерді команда мүшесі сияқты толық қолдау көрсетеді немесе тіпті оның орнына белгілі бір жұмысты атқарады деп ойлайды. Ал тәлімгерлердің өзі де кейде қателік жіберіп, ментидің шешіміне ықпал етуге, өз идеясын күштеп өткізуге тырысады.

Тәлімгер де, менти де менторингтің мәнін дұрыс түсінуі маңызды. Тәлімгерлік – тәжірибе алмасу үдерісі. Тәлімгер шәкірт бастан өткеретін жолдан бұрын өткен адам. Ол кеңес бере алады, білімін, байланыстарын, инсайттарын бөлісе алады. Бірақ соңғы шешім әрқашан ментидің қолында.

Тәлімгер жоба нәтижесіне немесе ментидің жеке өсуіне тікелей жауап бермейді. Оның міндеті – осы мақсаттарға жетуге қажетті қолдауды ұсыну. Менторлықтың нақты мәнін түсіну екі тарапқа да артық күтуді болдырмауға және өзара дұрыс үміт қалыптастыруға көмектеседі. Менторлық – екіжақты оқу процесі.»

Тәлімгерлік қалай жұмыс істейді

Тәлімгерлік үдерісінің кезеңдері ментор мен ментидің өзара келісіміне байланысты өзгеруі мүмкін. Мысалы, жаңа қызметкерге бекітілген тәлімгер мен стартап командасымен жұмыс істейтін тәлімгердің форматы бірдей болмайды.

Дегенмен, жалпы дамытуға бағытталған классикалық тәлімгерлік бірнеше негізгі фазадан тұрады. Бұл модельде тәлімгер шәкіртке идея ойластыруға, жобаны бастауға, оны толық аяқтауға және нәтижеден кейінгі қадамдарды анықтауға жәрдемдеседі. Мұндай жоба бірнеше күннен бірнеше жылға дейін созылуы мүмкін –бәрі мақсат пен дайындық деңгейіне байланысты.

  1. Тәлімгерлік жұптың анықталуы

Тәлімгер мен менти жұмысқа белгілі бір сұраныстан бастайды:

  • тәлімгер өзі қолдау ұсынуы мүмкін,
  • немесе менти көмек сұрап жүгінеді.

Ең бастысы –екі тарапқа да бірге жұмыс істеу ыңғайлы болуы, бір-бірін тыңдай алуы және ашық қарым-қатынас орнатуға дайын болуы. Тәлімгерлік сенім мен жайлы атмосферадан басталады.

Алғашқы кездесу

Алғашқы кездесуде тараптар бір-бірімен танысып, ментидің жағдайына, сұранысына, мәселелеріне терең бойлайды. Осы сәтте тәлімгер мен шәкірт өзара қарым-қатынастың мақсаттарын айқындап, нәтижені қалай өлшейтінін анықтайды.

Олар кездесу кестесін, жиілігін, ұзақтығын белгілейді. Қарым-қатынастағы шекаралар, құпия болатын тақырыптар және тек екеуінің арасында қалатын ақпарат нақты келісіліп алынады. Қандай байланыс арнасы ыңғайлы болатыны, кездесулер қалай ұйымдастырылатыны да осы кезеңде шешіледі.

Тараптар арасында «виртуалды келісім» жасалады –онда екі жақтың күтуі, мақсаттары және міндеттері жазылады. Бұл құжат тәлімгерліктің бағдаршамы іспетті.

  1. Жобаны әзірлеу және талдау кезеңі

Бұл кезеңде менти өз жобасының идеясын әзірлейді, нақтылайды. Тәлімгер жобаның мақсаттарын ментидің мүмкіндіктерімен салыстырып талдайды, қажет болса жоспарды түзетеді.

Тәлімгер:

  • бағыт-бағдар береді,
  • маңызды кеңестермен бөліседі,
  • ресурстар тізімін ұсынады,
  • жобаны жүзеге асыруға көмектесетін құралдарды көрсетеді.

Бұл фаза – идеяны құрылымды, іске асатын жоспарға айналдыратын маңызды саты.

  1. Өнімділік және араласу деңгейін реттеу

Бұл –тәлімгерлік жұмыстың өзегі.

Процесс бірде тыныш бақылаумен, бірде қысқа кездесулермен, бірде белсенді қолдаумен жалғасуы мүмкін. Ең күрделі нәрсе –тәлімгердің араласу деңгейін дұрыс реттеу:
ол көмектесуі тиіс, бірақ жобаны ментидің орнына жасауы тиіс емес.

Сондықтан тәлімгер үнемі өзін-өзі сұраққа тартады:
«Мұнда менің белсенді араласуым қаншалықты қажет?»

Менти осы уақытта жобаны іске қосады, өзінің дағдысын сынайды, қиындықтарды өзі шеше бастайды. Қажет болса, тәлімгерден кеңес сұрайды. Өз-өзіне қояр сұрағы:
«Бұл менторлық маған өз бетімше әрекет етуге қалай көмектеседі?»

Дәл осы жерде шекаралар жиі бұзыла бастайды:

  • менти жауапкершілікті тәлімгерге ысырып тастауы мүмкін,
  • тәлімгер жобаны өзі жасап беруге бейім болуы мүмкін.

Мұндай жағдайға жол бермеу үшін шекаралар мен міндеттер алғашқы кездесуде анық келісіліп, қажетті жағдайда қайта еске салынып отыруы тиіс.

  1. Қорытынды және рефлексия

Соңғы кезеңде тәлімгер белсенді әрекеттен бақылаушы рөліне ауысады. Ол ментидің дамуын, жобаның нәтижесін, қалыптасқан дағдыларды және адамның жеке өсімін сырттай бағалайды.

Тараптар:

  • бүкіл процестің қорытындысын шығарады,
  • бір-біріне тікелей әрі шынайы кері байланыс береді,
  • бастапқы «виртуалды келісімдегі» мақсаттар орындалған-орындалмағанын тексереді.

Бұл –тәлімгерліктің аяқталуымен қатар, ментидің жаңа деңгейге көтерілгенін мойындау сәті.

Қалай тәлімгер болуға болады

Философия докторы, психолог және тәлімгерлік жөніндегі кеңесші Линда Филлипс-Джонс тәлімгерлікке қажетті дағдыларды үш топқа бөліп қарастырады:

  1. жалпы негізгі дағдылар,
  2. тәлімгерге тән арнайы дағдылар,
  3. ментиге тән дағдылар.

Тәлімгерлік нәтижелі болуы үшін ментор да, менти де төрт негізгі қабілетті дамытуы тиіс:

  • белсенді тыңдау,
  • сенім қалыптастыру,
  • ынталандыру және қолдау,
  • өз мақсаттары мен жағдайын дұрыс түсіну.
  1. Белсенді тыңдау –тәлімгерліктің басты дағдысы

Белсенді тыңдау тәлімгерлік қарым-қатынастың негізін қалайды. Ол екі тарапқа да бірін-бірі естуге, түсінуге және терең сенімге негізделген байланыс орнатуға мүмкіндік береді.

Белсенді тыңдауды дамыту үшін:

  • ойлы, толыққанды жауап беріңіз;
  • әңгімелесушіні бөлмеңіз;
  • жест, мимика, дауыс ырғағы сияқты вербалды емес белгілерді қолданыңыз;
  • сұхбаттасыңызға шынайы қызығушылық танытыңыз;
  • айтылған ойды қорытып, негізгі тұстарын атап, әңгімеге нүкте қойып отырыңыз.

Ең бастысы –әңгімені өз тәжірибеңізге бұра салып, тез шешім ұсынуға асықпау. Алдымен тыңдаңыз, содан кейін ғана пікір білдіріңіз.

  1. Сенім қалыптастыру

Тәлімгер мен менти арасындағы сенім неғұрлым жоғары болса, жұмыс соғұрлым нәтижелі болады. Өзара сенім –әрбір менторлық қатынастың өзегі.

Сенімді нығайту үшін:

  • құпия болып қалуы тиіс ақпаратты ешқайда таратпаңыз;
  • кездесу үшін жеткілікті уақыт бөліңіз;
  • берген уәдеңізді орындаңыз;
  • тәлімгердің, ментидің және олардың шекараларының бәріне құрметпен қараңыз;
  • қателік жіберсеңіз, мойындап, түзетуге дайын болыңыз;
  • келіспеген жағдайда оны сыпайы, уақытында және ашық айтып үйреніңіз –шынайылық сенімнің ең мықты тірегі.
  1. Қолдау және мадақтау

Линда Филлипс-Джонс зерттеулеріне сәйкес, мадақтау – тәлімгерліктің ең құнды дағдысы. Бұл – серіктесті тану, оның еңбегі мен қасиеттеріне шынайы оң пікір білдіру, жетістігін атап өту. Дұрыс мадақтау ментидің назарын мақсатқа шоғырландыруға, ішкі мотивациясын арттыруға және сенімділігін күшейтуге көмектеседі.

Тиімді тәлімгер дер кезінде және орынды мадақтай отырып, өзара сенімді нығайтады әрі шәкіртті үнемі дамуға ынталандырады.

Мадақтауды меңгеру үшін:

  • ментидің нақты жетістіктері мен әрекеттерін мадақтаңыз;
  • оның мінезіндегі жақсы қасиеттерді атап өтіңіз (мысалы, табандылық, жауапкершілік, адалдық);
  • қажет жағдайда оны басқалардың көзінше мақтаңыз –бұл сенімділігін арттырады;
  • шынайы алғыс білдіріңіз;
  • жігерлендіретін хаттар немесе дауыс хабарламаларын жіберіңіз;
  • ментидің сізге қалай көмектескенін, оның әсерін айтып отырыңыз.

Ең маңыздысы –мадақ шынайы болуы керек. Жасанды, шамадан тыс немесе керісінше тым аз мадақ сенімді әлсіретеді.

Адам дамуы бойынша мамандар бір түзету ескертуіне шамамен төрт-бес шынайы мадақ келуі керек деп кеңес береді. Бұл эмоционалды тепе-теңдікті сақтауға және дамуға қолайлы жағдай жасауға көмектеседі.

  1. Өз мақсаттарыңды және нақты жағдайыңды түсіну

Тәлімгер болсын, менти болсын –ең маңызды дағдылардың бірі – өз өмірлік және кәсіби мақсаттарын, арманын, бағытын және қазіргі жағдайын айқын түсіну. Бұл қабілет тәлімгерге –ментиге не қажет екенін дұрыс сезінуге, ал ментиге –нақты бағытталған сұраныс қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Өз-өзіңді түсіну дағдысы екі тарапқа да қажетті қолдауды дәл табуға, дұрыс шешім қабылдауға және даму жоспарын құруға көмектеседі.

Бұл дағдыны дамыту үшін:

  • өзіңіз үшін шынымен маңызды нәрсені анықтаңыз;
  • күшті және әлсіз жақтарыңызды нақты бағалаңыз;
  • кәсіби және жеке өмірдің қай салаларында мықты екеніңізді белгілеңіз;
  • 1–5 жылға арналған жеке және кәсіби мақсаттар қойыңыз;
  • қазіргі жағдайдағы мүмкіндіктеріңіз бен шектеулеріңізді анық, нақты сипаттаңыз.

Үздік тәлімгерлер мен менти не істейді?

Тиімді тәлімгерлер де, шәкірттер де өзін-өзі тану мен рефлексия дағдыларын үнемі дамытып отырады. Олар:

  • басқалардан пікір және кері байланыс сұрайды;
  • өз әрекеттерін, мінез-құлқын, дағдыларын бақылап отырады;
  • эмоцияларын түсініп, олардың шешімге қалай әсер ететінін талдайды.

Массачусетс технологиялық институтының профессоры Питер Сенге өзінің «Бесінші тәртіп» («The Fifth Discipline») кітабында бұл дағдыларды «жеке шеберліктің» ажырамас бөлігі деп сипаттайды.

Қалай тәлімгер табуға болады

Тиімді тәлімгер табу үшін ең алдымен өз қажеттіліктеріңізді, мақсаттарыңызды және нақты сұранысыңызды анықтап алыңыз. Сізді шабыттандыратын, өзіңіз дамығыңыз келетін салада тәжірибесі мол адамды іздеңіз. Мысалы, шағын компанияны басқарғыңыз келсе, кәсіби конференцияларда сөйлегіңіз келсе немесе жұмысыңыздан шынайы қанағат алуды үйренгіңіз келсе –сол жолдан өткен адамдарды қарастырыңыз.

Халықаралық тәлімгер Нурана Мамедова жобалық жұмысқа тәлімгерді дәл сондай жобаларды бірнеше рет жүзеге асырған адамдардың арасынан іздеуді ұсынады. Ал жеке даму үшін –өзіңіз дамытқыңыз келетін дағдылар мен қабілеттер бойынша тәжірибесі бар мамандарды қарастыруға кеңес береді. Жобалық менеджерлер мен тренерлер тәлімгерлікке жиі дайын келеді, себебі олар ақпаратты қалай, қандай формада беру керегін жақсы біледі.

  1. Жақын орта

Өзіңізбен бірге жұмыс істейтін, оқитын немесе араласатын адамдарға назар аударыңыз.
Кейде ең қолайлы тәлімгер дәл қасыңызда жүреді.

  • Достарыңыз бен таныстарыңыздан кеңес сұраудан қорықпаңыз.
  • Әрбір кандидатқа арналатын бірнеше бірдей сұрақ дайындап қойыңыз.
  • Мүмкін болатын тәлімгерлер тізімін құрып, олардың байланыстарын, қабілеттерін және жауаптарын белгілеп жүріңіз.
  1. Іс-шаралар мен конференциялар

Тәжірибесі бар адамдар өзара тәжірибе алмасу үшін кәсіби шараларға жиналады.
Осындай ортадан тәлімгер табу жиі нәтижелі болады.

  • Спикерлерге немесе белсенді қатысушыларға назар аударыңыз.
  • Мұндай іс-шараларда адамдар жұмыс туралы, мақсаттар және жоспарлар жайлы ашық сөйлеседі.
  1. Медиа және әлеуметтік желілер

Кәсіби тәжірибесімен бөлісетін мамандарды бірқатар платформадан табуға болады.

  • rbc.trends –футурология, білім, экология, бизнес салаларының сарапшылары.
  • vc.ru –стартаптар, маркетинг, кәсіпкерлік.
  • habr.com –IT, технологиялар.

Сондай-ақ жеке блогтарды, сарапшылардың әлеуметтік желілердегі жазбаларын бақылаңыз.
Олардың ұсыныстары, ойлары, тәжірибесі сізге үлкен бағдар болуы мүмкін.
Тіпті жеке жұмыс істемесеңіз де, сұрақ қойып, шабыт алып, кеңестерін қолдана аласыз.

  1. Курстар, лекциялар, мектептер

Тақырыптық курстар, интенсивтер, білім беру бағдарламалары –шынайы ментор табуға ыңғайлы орта.

  • Спикер немесе оқушы сізге тәлімгер бола алады.
  • Ұзақ оқыту барысында студенттер бір-біріне қолдау көрсетіп, дамуға көмектеседі.

Бұл әдіс тәлімгерліктің негізін түсініп, оны тәжірибеде сынап көруге мүмкіндік береді.

  1. Тақырыптық қауымдастықтар

Өз мамандығыңызға немесе қызығушылық саласына қатысты қауымдастықтарды зерттеңіз.

  • Дизайнерлер, иллюстраторлар және суретшілер жұмыстары мен пікірлерін Behance платформасында бөліседі.
  • Кәсіби топтар мен чаттарға қосылыңыз.
  • Талқылауларға қатысыңыз, пікір білдіріп, желі аясын кеңейтіңіз.

Тіпті арнайы тәлімгерлік алаңдар да бар, мысалы –My Mentor.

Ең маңыздысы – ниетіңізді түсіну

Тәлімгер сізге не үшін қажет екенін және сіз тәлімгерге не бере алатыныңызды нақты біліңіз.

  • Жұмысқа адал болыңыз.
  • Қолдау көрсетіңіз.
  • Әрқашан ашық және шынайы қарым-қатынас жасаңыз.

Тәлімгерлік –екі жақтың да еңбегі. Егер мақсат айқын, коммуникация таза болса, нәтиже міндетті түрде болады.

Тәлімгерлік табысты болуы үшін

  • Өзіңізді шабыттандыратын, күш-жігеріңізді оятатын тәлімгерді таңдаңыз.
  • Мақсаттарыңыз бен қорқыныштарыңызды ашық бөлісіңіз.
  • Тәлімгер сіздің мәселелеріңізді шешіп береді немесе жұмысты сіз үшін атқарады деп күтпеңіз.
  • Дәл және нақты нұсқаулық күтпеуге тырысыңыз –тәлімгер бағыт көрсетеді, шешімді сіз қабылдайсыз.
  • Қателіктеріңіз бен сәтсіздіктеріңіз туралы жасырмай айтыңыз –бұл дамуға көмектеседі.
  • Тәлімгердің кеңестерін тыңдап, өз тәжірибеңіз арқылы өткізіп, іс жүзінде қолданыңыз.
  • Өз тәлімгеріңізді немесе ментиіңізді дер кезінде мақтап, қолдап отырыңыз.
  • Тәлімгердің таныстары, ұйымы немесе серіктестері сізге автоматты түрде қолдау көрсетеді деп ойламаңыз –тәлімгерлік қарым-қатынас екі тараптың жеке еңбегіне негізделеді.

Тәлімгер туралы ең маңыздысы

  • Тәлімгер –білімі мен тәжірибесі мол маман. Ол ментиге (шәкіртке) кәсіби және жеке өмірде дамуға бағыт береді, бірақ оның орнына мәселені шешпейді.
  • Тәлімгерлік кәсіпкерлерге де, мамандарға да, өз даму жолын іздеп жүрген кез келген адамға жарайды. Ол ескі әдеттен арылуға, жаңа дағдылар қалыптастыруға және мақсаттарға сенімді қадам жасатуға көмектеседі.
  • Коучтан айырмашылығы: ментор адамның тұлғалық, жан-жақты дамуына басымдық береді, ал коуч нақты, алдын ала анықталған мақсатқа жеткізуге бағытталады.
  • Тәлімгердің міндеттері: қауіпсіз орта қалыптастыру, шынайы кері байланыс беру, тәжірибе және ресурстармен бөлісу, қолдау көрсету және келісілген шекараларды сақтау.
  • Ментидің міндеттері: мақсаттарымен белсенді жұмыс істеу, қиындықтарын ашық айту, кездесуге дайын келу, тәлімгердің уақытын құрметтеу.
  • Тәлімгерлік үдерісі төрт кезеңнен тұрады: жұп пен мақсаттарды анықтау; жоспар әзірлеу және талдау; белсенді жұмыс пен араласу деңгейін реттеу; қорытынды және рефлексия.
  • Негізгі дағдылар: белсенді тыңдау, сенім қалыптастыру, шынайы мадақтау, өз мақсаттарың мен жағдайыңды түсіну.
  • Тәлімгерді қайдан табуға болады: өз ортаңнан, кәсіби іс-шаралардан, әлеуметтік желілерден, курстар мен мектептерден, кәсіби қауымдастықтардан –ең бастысы, сұранысыңды нақты тұжырымдау.
  • Қалай тәлімгер болуға болады: тәжірибесі бар, өзгеге көмектесуге дайын кез келген маман тәлімгер бола алады –бастысы, тәлімгерлікке қажет негізгі дағдыларды дамыту.