Қалай инвестиция жасауға болады: Қаржы мамандары кеңес берді

10 Наурыз 2023, 17:11 2151

Астанада «Инвестиция әліппесі. Ақшаны қалай көбейтеміз?» атты кітаптың тұсаукесері өтті. Қаржы сауаттыллығын арттыруға көмектесетін нұсқаулық авторлары оқырманмен ой бөлісті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

«Біз үшін бұл коммерциялық жоба емес. Қаржылық сауаттылық туралы қазақша ақпарат жоқ екен. Көбісі қызығып жатыр. Қалай ақшаны сақтап, көбейтуге болады? Жеке қаржыны қалай дұрыс бөлу керек? Соның бәрін жинап өзіміздің тәжірбиемізді жинақтап, кітап етіп шығардық. Шетелдік экономикаға, қаржы сауаттылығына қатысты кітаптарды біріктіріп, барлығын беруге тырыстық. Миллиардерлерден сұхбат алдық», - деді кітап авторларының бірі Ерқанат Әбени.

Ербол Азанбек бұл кітапты шығарудағы негізгі мақсатын атап өтті.

«Кредитті қалай аламын деген деңгейден өтіп, қазір қалай жеке инвестор боламын? деген деңгейге жетті. Бұқаралық ақпарат құралдарында болсын қазақ тілді аудиторияға ақпарат аз. Қазақ тілді зәру аудиторияға арнап, кітап жаздық. Қазір қаржы алаяқтары көп қой. Қаржы алаяқтарға алданбай, өзінің жеке қаржысын басқаруды үйренсе деп осы кітапты шығардық», - деді Ербол Азанбек.

Сұрақ-жауап барысында оқырмандар бүгінде нарықта танымалдыққа ие криптавалюта туралы сұрады. «Криптавлютаның болашағы бар ма, оған қаржы салуға бола ма?» деген сауалға қаржы сарапшылары жауап берді.

«Криптавалюта бөлек әңгіме. Өзімнің жеке пікірім бойынша мен криптавалютаға сенбеймін. Криптавалютаға инвестиция салмаймын. Бірақ оның акциясын қолдаймын. Бүкіл жерде легализация болып жатыр. Әртүрлі такси түрлері шығып жатыр мәселен. Бұл осы бизнесте даму болып жатқанын көрсетеді. Криптавалютада еш логика жоқ. Оған болжам жасау мүмкін емес. Мысалы Apple компаниясына қатысты болжам жасауға болады. Оларда ақпан айында жаңа айфон шығарады. Акциялар көтеріледі деп. Мен өзім криптавалютаның тек аз ғана бөлігін алып қойдым. Эксперимент үшін. Мен өзім Илон Маскты құрметтеймін. Егер Илон Маск Марсқа үшып жатса, ол шығарған криптавалютаның бағасы көтеріледі. Бірақ оған сенім артып, ақша салуға болмайды», - Бауыржан Шурманов.

Сонымен қатар авторлар қалай ақша жинауды үйренуге болатынын айтты.

«Адам қолында дұрыс ақша ұстай алмаса, шешуі қиын депозитке ақша салуы керек. Солай ақша жинауды үйренеді. Өткен жылы казиноға барып көрдім. Зерттеу үшін. Байқап қарасам, барлығы таксистер екен. Олар ақшаны тез тауып, тез көбейтіп, байып кетсем деп ойлайды. Ондай сиқырлы таяқша жоқ. Ақшаны тез көбейту мүмкін емес», - деді Бауыржан Шурманов.

Оқырмандарды алаңдатқан тағы бір өзекті сұрақ – инвестиция жасау.

«Өткенде бізге осындай таныстырылым кезінде Glovo-да жұмыс істейтін жігіт келді. Оның 1,5 млн теңге ақшасы бар. Сол ақшасымен инвестиция жасағысы келетінін айтты. Мен одан сұрадым: «Бұл сіздің артық ақшаңыз ба? Әлде күнделікті пайдаланатын ақшаңыз ба?» деп. Ол күнделікті жұмсайтын қаражаты екенін айтты. Егер ақшаны көбейткіңіз келсе, күнделікті қажеттілігіңізден бөлек, артық ақшаны салыңыз. Ол ақша туралы ұзақ уақыт ұмытып кететіндей болу керек. Өйткені ұзақ уақыттан кейін ғана үлкен ақша жасауға болады. Әрі күнделікті жұмсайтын ақшаңызды салсаңыз, ол қажет болып, қайта алуыңыз керек болады. Ол кезде ол азайып тұрған уақыты болуы мүмкін. Тәуекел бар. Осыны қадап айтқым келеді, - деді Ербол Азанбек.

Отарбаева Бақытжан
Бөлісу: