Қала ішіндегі жол сапасы. Жаңа жолдар неге бір жылға шыдас бермейді?

31 Шілде, 14:34 1061

Жол инфрақұрылымын дамыту – ел экономикасы өсуінің алғышарты. Бұл сөзді басқа-басқа емес, көлік министрі Марат Қарабаевтың өзі Үкімет отырысында айтқан. Бірақ біздегі жол инфрақұрылымы министрдің айтқанына сай ма? Бюджеттен қанша қаржы бөлінеді? Жөндеу жұмыстарының сапасы қандай? Осы сұрақтардың жауабын алу үшін El.kz агенттігінің тілшісі құзырлы орган мамандарының пікірін білген еді.

Елімізде көлік жолдарының жай-күйі - өзекті мәселелердің бірі. Қыстың беті қайтып, күн жылуымен жолдың «жыры» қайта басталады. Жолдағы, көпірлердегі шұңқырлар қайта жөнделіп, көшелер жабылады. Салдарынан қалада ұзын-сонар кептелістер туындайды.

«Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» РМК Сапаны бақылау департаментінің басшысы Елдар Әбенов жаңа жолдардың неге бір жылға шыдас бермейтінін түсіндіріп берді.

Шын мәнінде, жолдар халық ойлағандай жиі жөнделмейді. Бүгінгі күні нормативтік-техникалық құжаттарда реконструкциялаудың, күрделі, орташа және ағымдық жөндеудің әрбір түрі үшін кепілдік және жөндеуаралық мерзімдер көзделген. Мысалы, қалалар мен елді мекендердің көптеген көшесі орташа жөндеу аясында жөнделеді. Оның кепілдік мерзімі кемінде 2 жыл және 5 жыл жөндеу аралық мерзім болып табылады. Яғни, егер мұндай жолды пайдаланудың бірінші жылында ақаулар пайда болса, мердігер компания оларды өз есебінен жояды, - деп түсіндірді.

Оның айтуынша, жолдардың жиі жөнделе беруіне бірнеше себеп бар. Ең негізгісі - көлік жүктемесі. Бұл - қозғалыс қарқындылығы, ауыр және үлкен көлемді көлік құралдарының жүріп өтуі салдарынан туындайтын мәселе. Одан кейін көлік қарқындылығы, ауыр және үлкен көлемді көлік құралдарының (ауыр жүк) көп болуы. Тағы бір фактор - күтіп ұстау деңгейі: тұрақты қызмет көрсетуге қаражаттың жетіспеушілігі, күрделі жөндеу мен қайта құруды қаржыландырудың әлсіздігі. Құрылыс және жөндеу сапасы – одан кейінгі мәселе. Ол құрылыс пен жобалау кезіндегі қателіктер, сапасыз материалдарды пайдаланудан туындайды. Енді бірі - бақылау және қадағалау факторы: құрылыс барысын техникалық қадағалаудың жеткіліксіздігі, мердігерлердің жұмыстарды сапасыз орындауы. Ғылыми-техникалық тәсіл: жаңа технологиялар мен материалдарды енгізудің болмауы, жол құрылысы саласындағы ғылыми зерттеулерді жеткіліксіз пайдалану. Соңғысы - уақыт факторы, яғни уақыт өте жол жамылғысының табиғи тозуы. Осы факторлардың барлығы жолдардың беріктігі мен жағдайына белгілі бір дәрежеде әсер ететіні сөзсіз.  Оларды есепке алу өз кезегінде тиімді жол шаруашылығын жоспарлау және ұйымдастыру үшін маңызды.

Департамент басшысы жол төсемдерінің сапасына тоқталып, қаншалықты жиі тексеріліп тұратынын айтып өтті.

Қазіргі уақытта автожолдардағы жұмыстар бес сатылы сапаны бақылау принципі негізінде жүргізілуде. Бірінші саты – материалдардың сапасын үздіксіз бақылауды жүзеге асыратын және атқарушы-техникалық құжаттаманы жүргізетін мердігер ұйым. Екінші саты – күнделікті жедел бақылауды жүзеге асыратын және жасырын жұмыстар мен орындалған көлемдерді куәландыратын Техникалық қадағалау қызметі. Үшінші саты – жобалық шешімдердің сақталуын бақылайтын және қажет болған жағдайда оған өзгерістер енгізетін Авторлық қадағалау қызметі. Төртінші саты – уәкілетті орган атынан жұмыс пен материалдардың сапасына ішінара бақылауды жүзеге асыратын Ұлттық сапа орталығы. Ал, бесінші саты – жобаның іске асырылуын жалпы бақылап, мемлекеттік органдармен өзара іс-қимылды қамтамасыз етіп, орындалған жұмыстарды қабылдап, бюджет қаражатының жұмсалуын бақылауды жүзеге асыратын тапсырыс беруші,-деп тізбектеп берді.

Айта кету керек, Ұлттық сапа орталығы автожолдардағы жөндеу жұмыстарының және онда қолданылып жатқан жол-құрылыс материалдарының сапасы ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің 2015 жылғы 20 наурыздағы №305 бұйрығымен бекітілген қағидаларына сәйкес жүзеге асырылады.

Әбеновтің айтуынша, орталық тексерісті тапсырыс берушімен келісіліп-бектіліген жоспар кестеге сәйкес, кейде жоспардан тыс тапсырыс түскенде іске асырады. Бұл - бір нысанға айына, кем дегенде, 3-4 рет инспекциялық жұмыстары ұйымдастырылады деген сөз.

Жөндеуден өткен жолдардың ұзаққа шыдамауының бірнеше себеп-салдары бар. Мәселен, бірінші кезекте жобалау кезінде жөндеу жұмыстарының және конструктивті жабындардың дұрыс таңдалмауын айтуға болады. Жобалау жұмыстарына тапсырыс беруші тапсырыс береді. Қазіргі таңда жергілікті атқарушы органдардағы мамандардың біліктілігінің төмендігінен жөндеу жұмыстары дұрыс таңдалмайды. Яғни, күрделі жөндеу қажет ететін жолдарға орташа жөндеу, қайта жаңғырту элементтерін қажет ететін жерлерде күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатады. Бұл жерде ең бірінші қаржының үнемділігі, яғни аз қаржы бөліп ұзақ шақырымды жөндеу саясаты қолданылады,-деп нақтылады спикер.

Екіншіден, жөндеу жұмыстары басталғанда пайдаланылған материалдарға кіріс бақылауының болмауы әсер етеді. Бұған мердігер ұйымдардың көбісінде сол материалдарды тексеретін сынақ зертханаларының жоқ болуы себеп. Ал бұл өз тарапынан сапасыз материалдардың қолданылуына әкеледі.

Сондай-ақ, сапаны 24/7 тұрақты бақылауда алуға міндетті техникалық қадағалау қызметінің өз жұмысына жауапкершілікпен қарамауы жолдардың жиі бүлінуіне әкеледі. Көп жағдайда техникалық қадағалау өкілдері нысан басында болмайды. Өндіріс технологиясының дұрыс сақталмауы мен тиісті күтіп ұстау жұмыстарының жүргізілмеуі де кері әсерін тигізеді. Ауыр жүк көліктерінің нормадан тыс салмақты тасымалдауы да соған келіп саяды.  Сонымен қатар, өндіріс барысында технологиялық талаптардың дұрыс сақталмауынан жөндеуден өткен жолдар ұзаққа шыдамай жатады.

Сапаны бақылау департаментінің басшысы жолдарды жөндеу кезінде климаттық, геологиялық шарттар ескерілетінін алға тартты.

Иә, бүгінгі таңда климаттық және геологиялық жағдайлар тиісті ережелер мен құрылыс нормаларының жинақтарында көзделген және автомобиль жолдарын салу, реконструкциялау және күрделі жөндеу кезінде жобалық құжаттамада ескеріледі,- деді ол.

Жолдардың сапасын жақсарту бойынша кешенді жұмыс үнемі жүргізіліп отырады. Өйткені жол жамылғысының сапасы көптеген факторға байланысты. Жол құрылысында қолданылатын асфальтбетон бірнеше компоненттен тұрады. Олардың әрқайсысы жабынның беріктігі мен сенімділігін қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарады. Қазіргі уақытта инертті материалдар мен битум сияқты асфальтбетонның барлық компоненті мұқият тексерілуде. Сондай-ақ, кіріс және операциялық бақылауды қоса алғанда, ДСМ сапасын бақылаудың барлық процестерінің міндетті түрде орындалуы бақыланады. Нормативтік-техникалық құжаттаманы жетілдіру бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Елдар Әбенов осылай деді.

Ол биыл еліміздің барлық асфальтбетон зауыттарына өндірістің технологиялық процестерінің сақталуына және нормативтік-техникалық құжаттаманың сәйкестігіне тексеру жүргізілетінін айтып өтті.

Жол жөндеу жұмыстарын жүргізу кезінде технологияны сақтау да шешуші рөл атқарады. Жұмыстың әр кезеңінің дұрыс орындалуын бақылау жабынның қажетті сапасын және оның беріктігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Бүгінде біз үшін маңызды бағыттардың бірі - Superpave технологияларын зерттеу және бейімдеу. Озық технологияны енгізу бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Ол жол жабындарының сапасын арттыруға және олардың қызмет ету мерзімін ұзартуға сеп болады,-деп түсіндірді орталық басшысы.

Жолдардың сапасын анықтау үшін алдын ала мониторинг жүргізілуіне қатысты сауал да жауапсыз қалмады.

Диагностика департаменті мен облыстық филиалдар мамандары тарапынан автомобиль жолдарын аспаптық тексеру жұмыстары жүргізіп отырады. 2024 жылға арналған Автомобиль жолдары комитетімен жасалған шарт негізінде жалпы ұзындығы 15,7 мың км республикалық маңызы бар автомобиль жолдарын диагностикалау жөніндегі жұмыстарды қаржыландыру жоспарланып отыр.  Кәсіпорын 2020 жылдан бастап жыл сайын халықаралық және Республикалық маңызы бар 16 мың шақырымнан астам автожолдарға диагностика жүргізеді.

Қатқыл жол төсемесі мен жамылғысы қызметінің жөндеуаралық және кепілдемелік мерзімдері:

Қатты жол төсемелерінің қызмет мерзімі мен кепілдемелік кезеңдері:

Қатты жол төсемелерінің негізгі кемшіліктері:

Сол себепті ҚР көлік министрлігі автомобиль жолдары комитеті қатты жол төсемелерін салуды тоқтатып қойды. Департамен басшысы «неге 20 жылға дейін жөндеуді қажет етпейтін жолдар салынбайды?» деген сұраққа осылай жауап қайырды.

Көпірлер тозу, жүктеменің жоғарылауы және климаттық жағдайлар сияқты әртүрлі факторға байланысты үнемі жөнделеді. Көпірлерді қайта құру бастапқы көрінісі мен функционалдығын қалпына келтірумен шектелмейді. Ол жұмыс жүктемелері мен өткізу қабілеттілігінің артуымен де байланысты. Бұл тірек құрылымдарын күшейтуді немесе жаңаларын салуды қамтиды. Сондықтан көптеген жағдайда ескі көпірді жөндеу жаңасын салудан оңай емес дер едім. Әдетте, көлік құрылыстарын қайта құру және қалпына келтіру кезінде деформациялық жол буындарының тозуына байланысты тағы бір мәселе туындайды. Себебі өтетін автокөлік, әсіресе ауыр жүк көлігі циклдік соққы жүктемелері мен тербелістерді тудырады,-деп қорытындылады Елдар Әбенов.

Жол сапасы мәселесі әлі де өзектілердің қатарында қала бермек. Оңтайлы шешу үшін бастысы жол салу ісіндегі қалыптасқан жүйені түбегейлі өзгерту қажет.

Айнұр Оспанова
Бөлісу: