Қасиетті Рамазан айындағы ең маңызды түндердің бірі – Қадір түні. Құранда бұл түннің мың айдан да қайырлы екені айтылған. Сондықтан мұсылман қауымы осы сәтті бос өткізбей, құлшылық жасайды. Қадір түнінде қандай амалдар жасаған дұрыс? Оны үйде өткізген абзал ма, әлде мешітке барған дұрыс па?
Қадір түнінің маңызы ерекше. Бұл түні адамдар жүректеріне иман, көңілдеріне медет тілеп, Жаратушыдан кешірім сұрап, дұға жасайды. Дінтанушылардың айтуынша, дәл осы түні жасалған дұға мен құлшылықтың сауабы еселеніп жазылады.
Биыл елімізде қасиетті Қадір түні наурыз айының 16-сынан 17-сіне қараған түнге сәйкес келеді. Ал Ораза айт 20 наурызда басталады.
Қазақта «қадір» сөзі үлкен мәнге ие. Сол себепті халық арасында Рамазан айын – айлардың сұлтаны, жұманы – күндердің қадірлісі, ал Қадір түнін – түндердің төресі деп атайды. Ислам деректерінде бұл түні жасалған ғибадаттың сауабы мың айға, яғни шамамен 83 жылға тең келетіні айтылған.
ҚМДБ Шариғат және пәтуа бөлімінің маманы Елбек Тасболатұлының айтуынша, Қадір түні – ізгі амалдардың бәрі жасалатын ерекше уақыт. Бұл түнде нәпіл намаз оқу, Құран оқу, дұға жасау, зікір айту, садақа беру секілді құлшылықтардың барлығы сауапты.
Бұл түні көп дұға жасап, Алладан кешірім тілеп, намаз оқу – ең абзал істердің бірі. Өйткені хадистерде айтылғандай, сол сәттерде періштелер дұғамызға «әумин» деп тұрады. Оның үстіне бұл түнде жасалған амалдың сауабы еселеніп жазылады, – дейді Елбек Тасболатұлы.
Сондай-ақ имам Қадір түні садақа берудің де ерекше сауапты екенін атап өтті. Оның айтуынша, бұл күні тек жеке садақа ғана емес, қоғамға пайдалы істерге үлес қосу да құпталады.
Қадір түні жария садақа жасау да жақсы амалдардың бірі. Мысалы, көпшілікке пайдалы құрылыс нысандарына, игі жобаларға қолдау көрсету – өте құпталатын іс. Мұндай садақаның сауабы да мол, – дейді.
Ал Қадір түнін қай жерде өткізген дұрыс деген сұраққа ол нақты бір ғана орынмен шектелмейтінін айтады.
Қадір түнін мешітте де, үйде де өткізуге болады. Ең бастысы адамға қайсысы қолайлы әрі ыңғайлы болса, сол жерде құлшылық жасағаны дұрыс. Кейбіреулерге мешітте өткізу ыңғайлы болуы мүмкін, ал енді біреулерге үйде тыныш отырып құлшылық ету қолайлырақ, – дейді ол.
Имамның айтуынша, Қадір түніндегі құлшылық ерлер мен әйелдер үшін бірдей. Дегенмен әйелдерге қатысты бір ескерту бар.
Әйел адамның Қадір түнін өткізуі ер адамдармен бірдей, яғни амалдарында айырмашылық жоқ. Бірақ әйел кісілерге бұл түнді көбіне үйде өткізгені дұрыс әрі сауаптырақ болады, – дейді Елбек Тасболатұлы.
Қадір сөзі араб тілінен аударғанда «қасиетті», «құдіретті», «тағдыр», «өлшем» деген мағыналарды білдіреді. Бұл түннің артықшылығы жөнінде Құранда:
«Қадір түні мың айдан да қайырлы» деп айтылған.
Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.):
«Кім Қадір түнін иманмен және сауап тілеп, намазда тұрумен өткізсе, оның өткен күнәлары кешіріледі», – деген.
Ғалымдардың айтуынша, бұл түні жасалған әрбір игі амалдың сауабы ерекше.
Имам Мужаһид:
«Қадір түнінде жасалған амал – намаз, Құран оқу, садақа беру – мың ай ішінде жасалған амалдан да қайырлы», – деген.
Ал Хафиз Ибн Ражаб:
«Қадір түнін жіберіп алғандарымды толықтыру үшін қолданамын, өйткені бұл түн тұтас бір өмірге тең келеді», – деген.
Суфиян Сәури де бұл түнде дұға жасаудың маңызын ерекше атап өткен. Сонымен қатар Қадір түнін міндетті түрде ұйықтамай өткізу шарт емес. Айша анамыздың айтуынша:
«Алла елшісі таң атқанша түннің барлық бөлігін намазбен өткізген емес».
Сондықтан мұсылман адам бұл түнді барынша құлшылықпен өткізуге тырысқаны жөн. Ал шаршап қалса, аз уақыт тынығып алудың айыбы жоқ.
Алладан жан байлығын әрі материалдық байлықты сұрайтын дұға
«Я, Алла, расында, мен сенен сенің басшылығыңды, тақуалықты, (күнәдан жаман қылықтардан) пәктікті және байлықты сұраймын».
Алладан амандық сұрайтын дұға
«Я, Алла, сенен мен осы дүние және ақыретте жарылқау мен есен-амандықты тілеймін. Уа, Алла, сенен мен дінімде, тұрмыс-тіршілігімде, отбасым мен мал-мүлкімде жарылқау мен есен-амандық тілеймін. Уа, Алла, менің әбүйірімді өзің бүркеп қойғайсың, мені қорықыныштан аман еткейсің. Уа, Алла, мені алды-артымнан, оң жақ-сол жағымнан және төбемнен де Өзің сақтағайсың. Сондай-ақ кенеттен қиянатқа ұшырап, өліп кетуден өз ұлылығыңнан пана сұраймын».
Алладан кешірім өтінгенде, ең жақсысы былай деп дұға айту:
«Я, Алла, сен менің Раббымсың, сенен басқа құлшылыққа лайықты құдай жоқ. Сен мені жараттың, ал мен сенің құлыңмын. Meн күш-құдіретім жеткенше саған деген уәдемді, әрі сертімді сақтаймын. Әрі жасаған істерімнің жамандығынан өзіңе сыйынамын. Маған берген нығметтеріңді мойындаймын, әрі күнәларымды да мойындаймын. Мені жарылқай гөр! Шын мәнінде, сенен өзге күнәларды жарылқаушы ешкім жоқ!».
Кешірім сұрау дұғасы
«Я, Алла! Шын мәнінде, мен өзіме аса көп зұлымдық жасадым. Күнәларды кешіретін өзіңнен басқа ешкім жоқ. Өз жарылқауыңмен мені кешір де, маған рахым ет. Расында, сен аса Жарылқаушы, ерекше Рахымдысың!».
Қарызға, уайымға батқан кісінің дұғасы
«Я, Алла, расында мен саған уайым-қайғыдан, әлсіздік пен жалқаулықтан, сараңдық пен қорқақтықтан, қарыздың ауыртпалығынан әрі адамдардың жәбірлеуінен сыйынамын. Аллаһуммә инни ә’узу бикә мин әл-һәмми уәл-хазәни, уәл-’ажзи уәл-кәсәли, уәл-бухли уәл-жубни, уә далә’ид-дәйни уә ғаләбәтир-рижәл».
Ісіңе береке сұрау
«Я, Алла, сенің рахымыңа үміт етемін. Мені бір мезетке болса да өз нәпсіме тастама, әрі менің барлық жұмыстарымды оңда, сенен басқа құлшылыққа лайықты Құдай жоқ! Аллаһуммә, рахмәтәкә әржу, фә лә тәкилни илә нәфси тарфәтә ‘айнин, уә аслих ли шә’ни кулләһу, лә иләһа иллә Әнта!».
Шипа сұрау
«Маған бір пәлекет келді. Ал сен мейірім етушілердің ең мейірімдісісің. Әнн-нии мәс-сә-ни-иәд-дур-ру уә әңң-тә әр-хә-мур-роо-хи-миин».
Ата-ана үшін жасалатын дұға
«Раббым, мені кішкентайымнан бағып, тәрбиелеп өсіргеніңдей оларға мейірім ет. Роб-бир-хәм-һу-мәә-кә-мәә роб-бә-иәә-нии со-ғии-роо».
Ризық сұрау
«Я, Алла, көбейте гөр, кемітпе, сыйлы қыл да, бейшара қылма, бере гөр де, тыя көрме, бізді таңда да, құр қалдырма. Уа, Алла, барлық істерімнің соңын жақсарт. Дүние қорлығынан және ақырет азабынан құтқар. Аллаһумма зиднә уә лә тәнқуснә, уә әкримнә уә лә туһиннә, уә аътыйнә уә лә тәхримнә, уә әсирнә уә лә ту-әссир ъаләйнә. Аллаһумма әхсин ъақибәтәнә фил-умури куллиһә, уә әжирнә мин хизид-дуния уә ъазәбил-әхира».
Ықылaс cүресін – 100 рет
«Бисмилләһир рахмәнир рахим. Қуль һу уаллаһу аһаді. Аллаһус самаді. Ләм иәлиді, уә ләм иуләді. Уә ләм иәкуль ләһу куфууән ахаді».
Қадыр сүресі – 100 рет
«Бисмилләһир рахманир рахим. Иннә әңзәлнәһу фи ләйләтил қадыр. Уә мә әдракә мә ләйләтул қадыр. Ләйләтул қадри хайрум минәл фи шәһр. Тәнәззәлул мәләикәту уәр руху фи һә биизни раббиһим мин кулли әмр. Сәләмун һиә хатта мәт ләғил фәжр».
Тілді кәлимаға келтіріп, шәхәдәні – 100 рет
«Лә иләһә иллаллаһ, Мухаммәдур расулуллаһ. Қазақша мағынасы: Алладан басқа Тәңір жоқ, Мұхаммед оның елшісі».
Әшһәду әллә иләһә иллаллаһ, уә әшһәду әннә Мухаммәдән ғабдуһу уә расулуһ – 100 рет.
Қазақшасы: Алладан басқа ешбір тәңір жоқ және Мухаммед Оның Елшісі және құлы екендігіне куәлік беремін.
Астәғфируллуһ – 500 рет.
Қазақша мағынасы: «Алладан кешірім сұраймын».
Қадір түні – мұсылман үшін ерекше мүмкіндік берілген қасиетті уақыт. Бұл түні жасалған құлшылық пен дұғаның сауабы еселеніп жазылады. Қасиетті түнді мешітте де, үйде де өткізуге болады. Ең бастысы – шынайы ниетпен Жаратушыға бет бұрып, ізгі амалдар жасау.