Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы 2026 жылға арналған мұсылман мерекелерінің күнтізбесін бекітті, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
ҚМДБ ұсынған ресми құжатқа сәйкес, қасиетті Рамазан айы 2026 жылдың 19 ақпанында басталады. Діни басқарма бұл күн – оразаның бірінші күні екенін нақтылады. Ал Қадір түні (Ләйләтул-қадр) 16 наурыздан 17 наурызға қараған түні аталып өтеді.
Мұсылмандар үшін ұлық мейрам саналатын Ораза айт 20 наурызға белгіленген. Ал Құрбан айт мерекесі 27-29 мамыр күндері өткізіледі деп жоспарланып отыр.
Оқи отырыңыз:
ҚМДБ өкілдері күнтізбе халықаралық астрономиялық орталықтардың деректеріне сүйене отырып жасалғанын атап өтті. Осыған байланысты айдың тууына қарай мерекелердің басталу уақыты бір күнге алға немесе артқа жылжуы мүмкін екені ескертілді.
Ораза – мұсылмандар үшін аса маңызды діни әрі рухани ғибадаттардың бірі. Бұл айда жамағат таң атқаннан күн батқанға дейін ішіп-жеуден ғана емес, жаман әрекеттерден, теріс сөздер мен артық ойлардан да тыйылып, рухани тазаруға ұмтылады.
Ораза ұстау – Алланың әміріне бойсұнып, сабыр мен төзімділікті арттыруға бағытталған құлшылық. Оның басты мақсаты – адамның ішкі жан дүниесін тазарту, жаман әдеттерден арылу, Аллаға деген сенім мен сүйіспеншілікті нығайту. Бұл кезеңде мұсылмандар тек ас-суға ғана емес, мінез-құлқына, ниетіне де ерекше мән береді.
Төрегелді Шарманов атындағы нутрициология кафедрасының қауымдастырылған профессоры Айгүл Қожахметова оразаға алдын ала дайындалудың маңызын атап өтті.
Оразаға алдын ала 1-2 апта бұрын күнделікті тұтынатын тағамдар көлемін азайтып, аптасына 1-2 рет жеңілдетілген (разгрузочный день) күндер жасап, яғни 1 күн бойына әр қабылдағанда 200-300 грамнан көкөніс салатын 3-4 рет, 1 кг тек алма не тәттілігі төмен басқа жемістер, сүзбе, айран сияқты өнім түрлерінің бір түрін ғана тұтынып, ас қорыту жолдарына жүктеме түсіріп, ауыр қорытылатын, майлы тағамдарды шектеп, ағзаны дайындауға болады. Бірақ ертеңіне шамадан тыс тойып, өткен күннің есесін қайтаратындай артық тамақ ішуге жол жоқ, – деп түсіндірді маман.
Сонымен қатар, ораза ұстаудың медициналық талаптары да бар. Денсаулығында кінәраты бар адамдар, әсіресе асқазанның өршімелі қабынуы мен жара ауруларына шалдыққандар оразадан босатылады.
Маман қандағы қант деңгейін бақылаудың да аса маңызды екенін ескертті.
Қандағы қант тағам арқылы және ұйқы безінің жұмысы арқылы реттеледі. Қантты көтеру үшін тәтті десерттерді, печенье, шоколад немесе газды сусындарды шамадан тыс тұтынуға болмайды. Себебі адам ағзасына тәулігіне бар болғаны 15-17 граммнан артық қант қажет емес.
Бұл мөлшерден асып кету ұйқы безіне салмақ түсіріп, шөлдеуді күшейтеді. Ал артық сұйықтық зәр арқылы ағзадағы маңызды минералдардың шайылып кетуіне әкелуі мүмкін. Сондықтан қанттың табиғи көздерін – кептірілген өрік, құрма, мейіз және жемістерді тұтыну әлдеқайда пайдалы.
Ораза кезінде кей адамдарда әлсіздік пен шаршау байқалуы мүмкін. Бұл – ағзаның тазару үдерісі мен дәрумен тапшылығына байланысты жағдай.
Ағзадағы ашығу, тазару үрдістері барысында уытты заттар бөлініп шығады, сондай-ақ дәрумен жетіспеушілігі салдарынан әлсіздік пайда болады. Бұл әсіресе В тобы мен D дәрумендерінің тапшылығына тән. Сондықтан сәресі мен ауызашар кезінде қосымша биологиялық белсенді қоспалар (ББҚ) түріндегі дәрумендер қабылданса, ораза жеңілірек өтеді, – деп толықтырды Айгүл Қожахметова.
Ораза – тек ішіп-жеуден бас тарту емес. Бұл – Алланың әміріне мойынсұнып, жан мен тәнді тазартатын, адамды сабырға, мейірім мен жауапкершілікке тәрбиелейтін қасиетті кезең.
Бұл ай әрбір мұсылман үшін өзін-өзі сынау, рухани жаңару, өзгеге көмектесу және қоғамдағы әлеуметтік жауапкершілікті терең түсіну мүмкіндігі болып табылады. Ораза арқылы адам өзінің рухани әлемін байытып, Алланың рақымы мен нығметіне жақындауға ұмтылады.