"Пыш-пыш" әңгімеге нүкте қойды". Бас бапкер Мырзағали Айтжанов өзіне айтылған сынға жауап берді

28 Қараша 2023, 13:30 5852

Бокстан өткен Спартакиададан кейін ұлттық құраманың бас бапкері Мырзағали Айтжанов Сәкен Бибосынов пен Санжар Тәшкенбайдың жекпе-жегіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі "Egemen Qazaqstan" басылымына сілтеме жасап.

Мырзағали Айтжановтың айтуынша, Сәкен Бибосынов Санжар Тәшкенбайдан мықтылығын дәлелдеді.

51 кг салмақта Сәкен Бибосынов пен Санжар Тәшкенбай арасындағы жекпе-жек көптің көңілінен шықты. Екі әлем чемпионының жұдырықтасуы өте керемет өтті. Үш раунд­та да Сәкен жоғары деңгейде өнер көрсетті. Сәкен­нің финал­дағы кездесуі 2021 жылы Сербия өткен әлем чемпионатында америкалық Роско Хиллмен өткен жекпе-жекке ұқ­сады. Ол бекерге Олимпиаданың қола жүлдегері болмағанын тағы бір мәрте дәлел­деді. Ендігі мақсат – Олимпиада ли­цен­зиясын иемденіп, Парижде топ жару, - деді ол.

Ел арасында "Сәкен Бибосыновтың бапкері Мырзағали Айтжанов болғандықтан, оған басымдық беріледі" әңгіме айтылып жүрген еді. Бұған қатысты бапкер пікір білдірді.

Жалпы, біз ешкімді бөлмейміз, бар­лығына дұрыс қараймыз. Бірақ соңғы кезде "Азия ойындарына ананы апару керек еді, мынаны апару керек еді" деп, өз пікірін айтатын "мамандар" көбейіп кетті ғой. Сол "пыш-пыш" әңгімеге Сәкен нүктесін қойды. Негізі бапкерлер ақымақ емес, кімге қай салмақ қо­лайлы екенін біледі. Сондықтан мән-жайды білмей, бапкерлерге орынсыз сын айтудың қажеті жоқ. "Бөлінгенді бөрі жейді" дейді ата-бабамыз. Ең бастысы, бізге ауызбірлік керек. Қолдау керек. Ниеттес, тілектес адамдар көп болса, сонда ғана үлкен белестерді бағын­дырамыз, - деп айтты Мырзағали Айтжанов.

Айта кетейік, бокстан еліміздің еңбек сіңірген жаттықтырушысы Жұмабек Өмірзақов Мырзағали Айтжановты бас бапкерліктен алып тастау керек екенін айтып, El.kz тілшісіне сұхбат берген еді.

Ақмарал Ағзамқызы
Бөлісу: