7 Шілде, 12:44
Шикі сүт ішеді, етті жақсы көреді: Норвегия қаһарманына айналған Эрлинг Холанн кім?«Психологпын» дегеннің бәрі маман емес. Соңғы жылдары көбейген жалған кеңесшілерден халықты қорғау үшін Қазақстанда психологиялық қызметті реттейтін жаңа заң күшіне енді. Осыған орай, кәсіби мамандардың пікірін білдік.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жуырда «Психологиялық қызмет туралы» заңға қол қойды. Бұл – Қазақстанда психологиялық көмекті алғаш рет жеке заңмен реттейтін құжат. Заң психолог мамандығына қойылатын талаптарды нақтылап, қызмет көрсету сапасын арттыруды көздейді. Ең бастысы – психологиялық көмекке жүгінетін азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету.
Мен бұл заңды уақытылы қадам деп бағалаймын. Соңғы жылдары «психолог» деген атауды кез келген адам еш кедергісіз иеленетін жағдай қалыптасты: екі апталық онлайн-курс, тіпті кейде тек сертификат сатып алу арқылы өзін маман ретінде таныстыру мүмкін болды. Клиент үшін мұның қаупі үлкен – өйткені психикалық денсаулықпен байланысты кез келген қате араласу адамға ұзақ мерзімді зиян тигізуі мүмкін, ал бұл зиян дене жарақаты сияқты бірден көзге көрінбейді, – дейді психология ғылымдарының докторы Балабек Сақтағанов.
Оның айтуынша, жаңа заңның басты мақсаты – психологиялық қызмет көрсету саласында бірыңғай кәсіби талаптарды қалыптастыру және азаматтарды біліктілігі жоқ адамдардың қызметінен қорғау. Заңға сәйкес психологиялық қызметпен енді тек жоғары немесе жоғары оқу орнынан кейінгі педагогикалық не медициналық білімі бар, арнайы қайта даярлаудан өткен және мемлекеттік тізілімге енгізілген мамандар ғана айналыса алады. Сонымен қатар «бір күнде шешемін», «100 пайыз нәтиже кепілдігі» сияқты ғылыми негізі жоқ уәделерге тыйым салынып, психологтарға өз біліктілігі мен тіркеу нөмірін жариялау міндеті жүктелген.
Дегенмен заң – бір ғана құрал. Оның нақты нәтиже беруі бақылау механизмі қаншалықты жұмыс істейтініне, тізілім қаншалықты ашық жүргізілетініне және жауапкершілік нормалары іс жүзінде қолданылатынына байланысты болады, – дейді Балабек Сақтағанов.
«Бұл заңның мақсаты – кәсіби стандарт қалыптастыру»
Ал психолог Лимана Қойшиеваның айтуынша, жаңа заң қоғамдағы психологиялық қызметтің сапасын арттыруға бағытталған маңызды құжат.
Жаңа заң жобасын талқылауға мен де қатыстым. Бұл заңды қоғамдағы психологиялық қызметтің сапасын арттыруға бағытталған маңызды қадам деп бағалаймын. Соңғы жылдары өздерін психолог ретінде таныстырып, тиісті білімі мен кәсіби дайындығы жоқ адамдардың көбеюі халықтың сеніміне де, психологиялық көмекке мұқтаж адамдардың қауіпсіздігіне де әсер етті. Сондықтан психолог мамандығына қойылатын бірыңғай талаптардың енгізілуі уақыт талабынан туған шешім. Заңның негізгі мақсаты шектеу қою емес, кәсіби стандарттарды қалыптастыру. Заңның ең басты мақсаты халықты біліктілігі жоқ, өзін психолог ретінде таныстыратын адамдардан қорғау. Соңғы жылдары әлеуметтік желіде қысқа курс оқып немесе өмірлік тәжірибесіне сүйеніп өзін психологпын дейтіндер көбейді. Оларды ақылсатқыштар деп те айтып жүр. Адамның психикасымен жұмыс істеу үлкен жауапкершілікті талап етеді. Оған көпшілігі мән беріп жатқан жоқ, – дейді ол.
Маманның пікірінше, психолог қызметі сырт көзге қарапайым әңгімелесу сияқты көрінгенімен, оның негізінде ғылыми білім мен кәсіби дайындық жатыр.
Психолог пен коучтың айырмашылығы неде?
Қазір әлеуметтік желілерде мотивациялық курстар мен психологиялық тренингтер өткізетін коучтардың танымалдығы артып келеді. Олар көбіне жылдам нәтиже мен қысқа уақытта өмірді өзгертуге уәде береді. Ал кәсіби психологтардың жұмысы мүлде басқа қағидатқа негізделеді.
Сырт көзге психологтың жұмысы жай ғана әңгімелесу сияқты көрінуі мүмкін. Бірақ оның артында адамның психологиясы, физиологиясы, диагностикасы, этикасы, даму ерекшеліктері және ғылымға негізделген әдістер жатыр. Бірақ мұны көпшілік түсіне бермейді. Адамдар білімге негізделген психологтан көрі, әдемі сөйлейтін коучтарға сеніп қалады. Себебі олар жылдам нәтиже көрсету үшін жылдам шешім ұсынады. Ал психологтар сол шешімді адамның өзінің қабылдауына әсер етеміз. Сосын біз орындалмайтын уәде бермейміз. Керісінше адамның өзімен жұмыс істеуіне бір айға бағыт береміз. Сонда ғана нәтиже болады, – дейді Лимана Қойшиева.
Оның айтуынша, адамның психологиялық мәселесін шешу – ұзақ әрі жүйелі процесс. Сондықтан кәсіби мамандар қысқа мерзімде өмірді түбегейлі өзгертуге уәде бермейді.
Психология ғылымдарының докторы Балабек Сақтағановтың пікірінше, психология – күнделікті тілде сөйлейтін ғылым болғандықтан, көпшілік оның кәсіби қырын жете бағалай бермейді. Медицина немесе құқық салаларында арнайы терминология мен рәсімдер мамандықтың шекарасын айқын көрсетсе, психологиялық кеңес сырт көзге қарапайым әңгіме сияқты көрінеді. Соның салдарынан қоғамда «адамдармен жақсы тіл табыса алсам, психолог бола аламын» деген жаңсақ түсінік қалыптасады.
Психологиялық сауаттылық әлі төмен
Ғалымның сөзінше, эмпатия мен жақсы қарым-қатынас орната білу психолог үшін маңызды қасиеттер болғанымен, олар кәсіби маман атану үшін жеткіліксіз. Нағыз психолог диагностика әдістерін, психикалық бұзылыстардың белгілерін, кәсіби этика талаптарын және қажет болған жағдайда клиентті психиатрға жолдау қажеттігін білуі тиіс. Мұндай білім мен дағдыларды қысқа мерзімді курстар арқылы емес, көпжылдық кәсіби дайындық нәтижесінде ғана меңгеруге болады.
Коучтар мен «мотивациялық спикерлер» көбіне маркетингте мықты келеді: олар қысқа мерзімде әсерлі нәтиже уәде етеді, әлеуметтік желіде сенімді, «сәтті» бейне қалыптастырады. Бұл – эмоционалды сатып алуға негізделген модель, ал ғылыми психология баяу, кейде қолайсыз, ұзақ процесс. Адам қиналған сәтте жылдам жеңілдік іздейді, сондықтан «үш сессияда өміріңізді өзгертемін» деген уәде ғылыми негізделген, бірақ баяу жұмыс істейтін терапиядан гөрі тартымды көрінеді, – дейді Балабек Сақтағанов.
Оның пікірінше, қоғамда психологиялық көмекке жүгіну мәдениеті әлі толық қалыптаспаған. Адамдар маманды таңдағанда медициналық емдеу орталығын таңдағандай мұқият тексермейді – диплом, тіркеу нөмірі, маманданудың бағыты сияқты негізгі белгілерге назар аудармайды. Дәл осы олқылықты жаңа заң толтыруға тырысады: тізілім мен ашықтық талабы арқылы адамдарға тексеру құралын береді.
«Ыдыс жуғанда мәселеңізді де жуып жатырмын деп ойлаңыз»
Психолог Лимана Қойшиеваның сөзінше, ғылыми негізі жоқ әдістердің таралуы адамдардың уақытын ғана емес, психологиялық жағдайын да ушықтыруы мүмкін.
Өте атақты, миллиондаған аудиториясы бар коучтың әдіс-тәсілін айтып берейін. Маған келген бір клиент сол коучтың курсын алып, қатысқан. Ол он жыл бұрынғы оқиғалар ойынан кетпей, іштей қатты күйзеліске түскенін айтыпты. Сонда коуч күнде ыдыс жуған сайын сол мәселелерді жуып жатырмын деп ойла депті. Бірақ еш нәтижеге жетпепті, – дейді ол.
Маман мұндай тәсілдердің адамның нақты психологиялық мәселесін шешпейтінін, керісінше уақыт жоғалтуға әкелетінін айтады.
«Қауіпті әдістердің бақылаусыз таралуы алаңдатады»
Лимана Қойшиева психологиялық тәжірибесінде кеңес дәуірінде Мәскеудегі психотерапевтерден білім алғанын айтып, сол кездегі кәсіби дайындық пен қазіргі жағдайды салыстырды.
Мен психологиялық білімді кеңес үкіметі тұсында Мәскеудегі психотерапевтерден алдым. Сол кезде қандай сабақ өтсе де бізге қолхат жаздырып алатын. Өйткені гипноз, сананы игеру сынды тәсілдерді жеке басқа пайдалануға рұқсат берілмейтін. Одан бері 30 жыл өтті. Бұл методикалардың бәрі қазір оңды-солды оқытылып жатыр. Коучтар да, курс оқығандар да осыны меңгеріп, қарапайым халықтың санасын улап жатыр. Халық соңғы алтынын ломбардқа өткізіп, курс сатып алып жүр. Бұлардың бәрін өз еркімен істеп отырған жоқ. Жаңа заң осы мәселені шешеді деп ойлаймын, – дейді психолог.
«100 пайыз нәтиже» деген уәде күмән тудыруы тиіс
Психология ғылымдарының докторы Балабек Сақтағановтың айтуынша, психологиялық көмекке жүгінерде ең алдымен маманның кәсіби біліктілігіне назар аудару қажет. Оның пікірінше, шынайы психологты ажыратуға көмектесетін бірнеше қарапайым белгі бар.
Бірнеше қарапайым белгіге назар аударған жөн. Маман өз дипломы мен маманданған бағытын жасырмауы керек, тіркеу нөміріне сілтеме бере алуы тиіс. Күмән тудыратын нәрсе – кез келген «кепілдік» беретін уәделер: нақты психологиялық жұмыста нәтиже көп жағдайда клиенттің өз ықыласы мен процеске қосылуына байланысты, сондықтан «100 пайыз нәтиже» деген сөз өзінен-ақ ескерту белгісі. Сондай-ақ маман алғашқы кездесуде-ақ диагноз қоюға немесе күрделі шешім қабылдауға асықпайды – керісінше, алдымен сұрақтар қойып, жағдайды түсінуге уақыт бөледі, – дейді ғалым.
Оның айтуынша, жаңа заң клиенттердің де құқығын күшейтеді. Енді психологтар өздерінің әлеуметтік желідегі парақшаларында немесе кәсіби платформаларда алған білімі мен мемлекеттік тізілімдегі тіркеу нөмірін көрсетуге міндетті болады. Бұл азаматтарға маманның кәсіби даярлығын тексеруге мүмкіндік береді.
Жаңа заң бойынша психологтар енді өз парақшаларында білімі мен тізілім нөмірін көрсетуге міндетті болатындықтан, бұл ақпаратты сұрап, тексеру – клиенттің заңды құқығы. Менің ойымша, дәл осы – заңның ең практикалық пайдасы: ол тек мемлекеттік бақылау емес, әр адамға өз қолындағы тексеру құралын береді, – дейді Балабек Сақтағанов.
Біз бұған дейін адам денсаулығына зиян келтірген психологтар қалай жазаланатыны туралы жазған едік.
7 Шілде, 12:44
Шикі сүт ішеді, етті жақсы көреді: Норвегия қаһарманына айналған Эрлинг Холанн кім?7 Шілде, 10:00
Миллион жазылушы – дайын вице-президент? Қазақстан спортындағы жаңа тренд2 Шілде, 09:05
Қазақстанда кино суретшісінің еңбегі әлі де толық бағаланбайды – Бекен Нарбай1 Шілде, 17:41
Алакөлден Ыстамбұлға дейін: жазғы демалысқа қайда баруға болады?