Прокурорлар 1,5 жылдың ішінде кәсіпкерлерге салынған жалпы сомасы 1,5 млрд теңге болатын айыппұлдың күшін жойған. Бұл туралы ҚР Бас прокуроры Берік Асылов бизнес өкілдерімен кездесуде мәлім етті, деп хабарлайды El.kz.
«Мемлекет басшысының тапсырмалары аясында бизнесті заңсыз тексеруден және әкімшілік кедергілерден қорғау, кәсіпкерлерді қылмыстық орбитаға негізсіз тарту фактілерінің жолын кесу, - осы салаларды цифрландыру бағыттары бойынша жүйелі және дәйекті жұмыстар жүргізілуде.Оның нәтижесі де бар. Ең әуелі тексерулерді 7 есе қысқарта алдық», - деді Бас прокурор.
Оның айтуына қарағанда «Тексерілетін бизнес субъетілері мен объектілерінің бірыңғай тізілімі» автоматтандырылған жүйесі арқылы жыл сайын мыңға жуық заңсыз тексерудің жолы кесіледі.
«Сонымен бірге әкімшілік жаза қолданудың заңдылығына мониторинг жүргіземіз. Бір жарым жылдың ішінде прокурорлар 35 мың кәсіпкерге салынған 1,5 млрд теңге әкімшілік айыппұлды алып тастады», - деді Берік Асылов.