Прокурор Айжан Аймағанова «Тәртіпті өзіңнен баста!» акциясын бастауға шақырды

8 Қараша, 14:33 1469

Бүгін Астанада Қазақстан халқы Ассамблеясы Аналар кеңесінің 10 жылдығына арналған республикалық форум өтті. Аталған іс-шарада Қуандық Бишімбаевтың ісінде мемлекеттік айыптаушы болған Айжан Аймағанова сөз сөйледі, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Айжан Аймағанова алдымен Қазақстан халқы Ассамблеясы Аналар кеңесінің 10 жылдық мерейтойымен құттықтады.

Осы уақыт ішінде Аналар кеңесі еліміздегі беделді қоғамдық институттардың біріне айналды. Ұйымның өңірлерінде өз көшбасшылары мен қолдаушыларды қалыптасты. Бүгінде олардың басын біріктіретін бір ғана мүдде бар. Ол – ұлттық саулығы мен тәрбиесі, ынтымағы мен бірлігі, – деді ол.

Айжан Талғатқызы отбасы институтын сақтау мен нығайтуға, өскелең ұрпақты тәрбиелеуге, жастар арасында құқық бұзушылықтың алдын алуға арналған бастамалардың маңызын ерекше атап өтті.

Аналар кеңесінің мүшелері әрқашан қоғамдағы өзекті мәселелерге үн қатып, оны шешуге белсенді қатысуда. Оның ішінде құқықтық тәрбие беру мәселесі де бар. Өздеріңізге мәлім, кейінгі кезде жастар арасында құқық бұзушылықтың көбейуі байқалады. Зорлық-зомбылық, вандализм, бұзақылық фактілері мен балаларға қатысты қылмыстардың артуы алаңдатады, – дейді Айжан Аймағанова.

Сондай-ақ ол прокурор ретінде жоғарыда аталған істердің күнде куәсі болып жүргенін де тілге тиек етті.

Бұл бізге моральдық, психологиялық тұрғыдан өте ауыр. Бір жағынан, ана ретінде аяғын шалыс басқан жастардың болашағына уайымдаймыз. Екінші жағынан, заңгер ретінде жаның ауырады. Қалай десек те, заңды шешім шығарып, жастарды тура жолға салуға тырысамыз. Бірақ біздің балаларымыз неге заң бұзады? Неге қатігездік танытады? Осы ойлар мені көп мазалайды. Бұдан бір түйгенім, отбасында тәрбие құлдырап тұр, – деді ол.

Айжан Талғатқызы ана ретінде өз балаларының тағдырына алаңдайтынын жеткізді.  

Балалардың құқық пен бостандық сақталатын, өздерін қауіпсіз сезінетін қоғамда өскенін қалаймын. Қоғам заңның үстемдігі арқылы ғана дамитынына сенімдімін. Мемлекет басшысы дәл осыны атап өтті, – дейді.

Прокурор халықты қоғамда құқықтық мәдениетті насихаттауға белсенді атсалысуға шақырды. Осылайша, Аналар кеңесі аясында «Тәртіпті өзіңнен баста!» қоғамдық акциясын бастауды ұсынды.

Оның басты мақсаты – жастар арасында құқықтық мәдениетті қалыптастыруға үндеу, құқық бұзушылық пен тәртіпсіздіктің алдын алу, қоғамда заң мен тәртіп үстемдігін насихаттау. Осы арқылы жастарды құқық бұзушылықтан аулақ болуға тәрбиелейміз, – деп ойын жеткізді Айжан Аймағанова.

Ажар Лаубаева
Бөлісу: