Президенттікке үміткерлердің өңірлік үгіт-насихат кампаниясы басталды

24 Қазан 2022, 17:40 2097

Кандидаттар үгіт-насихат жұмыстарын жүргізіп жатыр

Қазақстан Республикасының Президенттігіне «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясынан кандидат Жигули Дайрабаев өзінің өңірлік үгіт-насихатын туған ауылынан бастады, деп хабарлайды El.kz

Кампания «Сен біздің ауылдан шықтың» акциясымен ашылды. Жигули Дайрабаев Жамбыл облысы Құлан ауданы Қарақыстақ ауылының ақсақалдарымен, тұрғындарымен, бала күнгі достарымен, сыныптастарымен кездесті.  Олар кандидатқа аманат тапсырып, ақ жол тіледі.                       

Жиында ауыл өмірі басты назарда болды. Ауылдықтар заманауи ауылдың қандай болуы керектігін айтты. Кандидат назарын тек өз ауылына емес, өңірлердегі барлық 6000 ауылдық елдімекенге көмектесу керектігіне аударды.

 «Оңтүстіктегі ауылдардың жағдайы біршама жақсы, бірақ біршама ауылдар қаңырап қалды. Жастардың басым бөлігі жағдайдың, жұмыстың жоқтығынан, өмір сүру деңгейінің өте төмендігінен ауылдан кетуге мәжбүр болды. Ауыл мен ауыл шаруашылығы ажырамас ұғым. Бақуатты ауылсыз агроиндустияны дамыту, агроиндустриясыз қуатты Қазақстанды құру мүмкін емес. Осы мәселені қолға алу керек»,- деді өз сөзінде Жигули Дайрабаев.    

 

Қарақат Әбденнің сайлауалды штабы ел аймақтарын аралап, үгіт-насихат жұмыстарын белсенді жүргізуде. 24 қазан күні ҚР Президенттігіне үміткер Қарақат Әбден еліміздің индустриялық орталығы – Қарағанды қаласының сайлаушыларымен кездесу өткізді.

 

Қарағанды қаласының «Шаңырақ» көп балалы отбасыларды қолдау орталығында ұйымдастырылған кездесу барысында үміткер өзінің сайлауалды бағдарламасын таныстырды. Кездесуге Қарағанды облысынан 100 жуық көп балалы ана келді. Тұрғындар отбасы құндылықтарына қатысты мәселелерді көтеріп, рухани, мәдени-әлеуметтік даму төңірегінде сұрақ қойып, нақты өтініштері мен ұсыныстарын айтты. Қарақат Әбден өзі де көп балалы ана ретінде қазақ отбасыларының мәселелерімен жақсы таныс екендігін жеткізді. 

«Бүгінгі кездесуде президенттікке үміткер Қарақат Әбденмен қоғамдағы өзекті мәселелерді талқыладық. Жиында көтерілген маңызды сұрақтардың барлығы Қарақат Әбденнің бағдарламасында көрініс тапқаны бізге ұнады. Өзіміздей көп балалы әрі ұлттық құндылықтарды насихаттап жүрген өзіміздей ананың президенттікке үміткер болып, ел болашағы үшін еңбек етіп жүргені біз үшін үлкен қуаныш», - деп бөлісті көп балалы аналардың бірі Сандуғаш Құлмақова. 

Бүгін ҚР Президенттігіне кандидат Қасым-Жомарт Тоқаевты қолдау жөніндегі Республикалық қоғамдық штаб мүшелері, Халықтық коалицияның белсенділері еліміздің барлық өңірінде сайлаушылармен экспромт-кездесулер өткізуде.

Елордадағы «Керуен» сауда ойын-сауық орталығында сайлаушылармен экспромт-кездесу өтті.

«Үгіт-насихат жұмысына бүкіл ел бойынша 7,5 мыңнан астам белсенді қатысуда. Парақшаларды тарату, плакаттарды жапсыру сынды түрлі форматтағы жұмысты жалғастырамыз. Соның ішінде осындай экспромт-кездесулер де бар», – деді Республикалық қоғамдық штаб мүшесі Нұржан Жетпісбаев.

Алматыда сайлаушылармен экспромт-кездесу «MEGA Park» сауда ойын-сауық орталығында өтті. Халықтық коалицияның белсенділері парақшалар таратып қана қоймай, қала тұрғындарының сұрақтарына жауап берді.

Жақын арада «Есіктен есікке» акциясын өткізу жоспарланып отыр. Оның аясында Республикалық қоғамдық штаб мүшелері үй-үйді аралайды.

 

Кандидат Салтанат Тұрсынбекова нашақорлық, құмар ойындар, маскүнемдік сияқты әлеуметтік мәселелердің Қазақстан азаматтары арасында кеңінен таралуына жол беруге болмайды деп санайды. Бұл туралы ол бүгін елордада құқық қорғаушылармен кездесу барысында айтты.

Салтанат Тұрсынбекова өзінің құқық қорғау қызметімен бес жылдан бері айналысып келе жатқанын атап өтті - тұрмыстық зорлық-зомбылықтан зардап шеккен қазақстандық әйелдердің мүддесін қорғайды. Сондықтан ол құқық қорғаушылардың өздерін де, олар қорғайтын адамдарды да не алаңдатып отырғанын жақсы түсінеді.

Қатысушылар кандидаттың сайлауалды бағдарламасы аясында әлеуметтік салада жүзеге асыруды жоспарлап отырған реформалары туралы сұрақтарын қойды.

Құжаттағы негізгі бес бағыттың бірі осы тақырыпқа арналғанын айта кеткен жөн. Атап айтқанда, кандидат азаматтық қоғам институттарының тиімді жүйесін құруға және қоғамдық бақылауды күшейтуге ден қоюды көздеп отыр.

 

Бүгін Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы атынан ұсынылған үміткер Нұрлан Әуесбаев Ақмола облысы Қосшы қаласына сайлауалды науқанмен келді.

Қосшы өткен жылы қала мәртебесін алды. Бүгінде мұнда 65 мыңға жуық адам тұрады. Десе де, елді мекенде шешімін таппай жүрген бірқатар мәселелер бар. Жергілікті жылыту қазандығы көңіл көншітпейді, тұрғын үй мен бизнес нысандарын электрлендіруге қатысты мәселелер бар, жол жағдайына келер болсақ – орталық көшелердің өзі жөндеуді талап етеді.

Сапар барысында Нұрлан Әуесбаев Қосшы көшелерімен жүріп өтіп, тұрғындармен сөйлесті. Президенттікке үміткер атап өткендей, қалада бір жыл ішінде мәселелер көбеймесе, азаймаған.

Үміткердің пікірінше, қиындықтардың басты себебі жүйелі жұмыстың жүргізілмеуінде және шенеуніктердің немқұрайлылық танытуында.

Кейін президенттікке үміткер қалалық мәдениет үйінде тұрғындармен кездесу өткізіп, халықты мемлекетті басқарудың парламенттік-президенттік нысанына көшуді жеделдетуді ұсынатын өзінің сайлауалды бағдарламасымен таныстырды.

Үміткердің пікірінше, Парламентті күшейту, Сенатты тарату және сол арқылы мәжілісмендердің санын көбейту керек. Одан бөлек мәжіліс құрамының 50%-ын бір мандаттық округтардан құру қажет. Бұл, Нұрлан Әуесбаевтың пікірінше, нағыз халықтық бақылауды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Және осының арқасында инфрақұрылымды дамытуға бөлінетін қаражат нысаналы мақсатқа жұмсалатын болады.

Бөлісу: