Жас жазушылар мен ақындар үшін Президенттік арнаулы әдеби сыйлығына өтінімдер қабылдау жалғасуда, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Мәдениет және ақпарат министрлігінің мәліметінше, әдеби сыйлыққа 18-35 жасқа дейінгі қаламгерлер бұрын халықаралық және ұлттық байқауларға қатыспаған туындыларымен үміткер бола алады.
Әдеби сыйлық «Проза», «Поэзия», «Драматургия» және «Балалар әдебиеті» деп аталатын төрт номинация бойынша беріледі. Автор тек бір номинацияға ғана қатыса алады.
Сыйлықтың иегерлеріне «Қазақстандық жас жазушылар мен ақындар үшін Президенттік арнаулы әдеби сыйлықтың лауреаты» атағы беріледі, сондай-ақ диплом, төсбелгі және 4,1 млн теңге көлемінде ақшалай сыйақымен марапатталады.
Биыл жас жазушылар мен ақындарға арналған Президенттік сыйлық екінші рет беріледі. Байқаудың мақсаты – жас қаламгерлерге мемлекеттік қолдау көрсету.
Өтінімді 2024 жылғы 31 шілдеге дейін мына мекенжайға жолдау қажет: Астана қаласы, Мәңгілік ел даңғылы, 8, 13 кіреберіс, ҚР МАМ Архив, құжаттама және кітап ісі комитеті, 273 кабинет.
Барлық сұрақты +7 707 541 80 06 нөмірі бойынша анықтауға болады.