Президентті бір мерзімге сайлау – демократияға қарай жасалған батыл қадам

16 Қыркүйек 2022, 10:58 1663

Министрдің атап өтуінше, осыған байланысты заң жобасы кейіннен қайта сайлау құқығынсыз ұзақтығы 7 жыл бір президенттік мерзім туралы ережелерді қамтиды

Президенттің мандатын қайта сайлану мүмкіндігінсіз бір мерзімге шектеу туралы норма Конституцияның ажырамас бөлігіне айналады. Бұл туралы ҚР Парламенті палаталарының бірлескен отырысында Әділет министрі Қанат Мусин айтты, деп хабарлайды El.kz.

«Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы» Заң жобасы ҚР Конституциясының 91-бабына сәйкес Парламенттің қарауына берілді. Ол Мемлекет басшысының саяси бастамаларына сәйкес, сондай-ақ Парламент депутаттарының ұсынысы бойынша дайындалды. Заң жобасы бес бапқа өзгерістер енгізуді және бір баппен толықтыруды көздейді», - деді министр заң жобасын таныстыра келе.

Оның атап өтуінше, түзетулер үш блоктан тұрады.

«Бірінші. Мемлекет басшысы ағымдағы жылғы 1 қыркүйекте өзінің «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Қазақстан халқына Жолдауында Президент өкілеттігі мерзімдерінің санын және ұзақтығын қайта қарау қажеттілігінің туындағанын атап өтті және Президент мандатына шектеу қоюды ұсынды. Депутаттар тиісті түзетулерді енгізуді жеделдетіп, оларды президенттік сайлауға дейін қабылдауды ұсынды. Әйтпесе, олардың пайымдауынша, ағымдағы жылдың күзінде Президент болып сайланатын адамға Конституцияның қолданыстағы редакциясының ережелері бойынша жеті жылдық мерзімге қайта сайлауға мүмкіндік беретін заңды жағдайлар туындауы мүмкін», - деді Қанат Мусин.

Министрдің атап өтуінше, осыған байланысты заң жобасы кейіннен қайта сайлау құқығынсыз ұзақтығы 7 жыл бір президенттік мерзім туралы ережелерді қамтиды.

«Ұсынылған Конституциялық новелла биліктің монополиялану тәуекелдерін едәуір төмендетеді және билікті қалыптастыру мен жұмыс істеуінің өркениетті қағидаттарын белгілеп, саяси тұрақтылықты, қоғамдық құрылыстың қазақстандық моделінің орнықтылығын нығайтады. Депутаттар ұсынғандай, Президенттің мандатын қайта сайлану мүмкіндігінсіз бір мерзімге шектеу осы Заң жобасы күшіне енгеннен кейін жеті жыл мерзімге Президент сайлаған адамдарға қолданылатын болады. Сондай-ақ Конституцияның Президенттің өкілеттік мерзіміне және оны қайта сайлау жөніндегі шектеулерге қатысты ережелерінің өзгермейтіндігін белгілейтін түзету көзделген. Бұл болашақта Президент өкілеттігінің еселігін немесе мерзімін ұлғайту мүмкіндігін болдырмайды. Осылайша, Президенттің мандатын қайта сайлану мүмкіндігінсіз бір мерзімге шектеу туралы норма Конституцияның ажырамас бөлігіне айналады және кейіннен қайта қаралмайды», - деді ол.

Бөлісу: