«Президенттің бес әлеуметтік бастамасын» өңірлер қызу орындауда

25 Қыркүйек 2018, 05:52 4111

«Екі жылдығын ойламаған ерден без» деп, тәмсіл қылған қазақ қашан да ертеңін қамдаған халық. Қыстың қамын жаз ойлайтынымыз секілді, болашағымыз үшін бүгін алаңдауымыз заңды.

Әйтпесе, көпдүниенің ақиқатқа айналмасына кепілдік жоқ. Әрекетсіз берекет болмақ емес. Алайда, сол қам-қарекеттің қалай өрбитіндігі алдын ала жоспарланып, жүйеленіп, бір ізге түскені құба-құп. Сонда ғана ол жемісін бермек.

Мемлекет үшін де солай. Мұқым елдің қамын күйттеген халықшыл мемлекет алыс көкжиекті көздеуі керек-ақ. Өйткені, даму ешқашан да өздігінен болмайды. Ол белгілі бір межені мақсат етіп, соған жету жолдарын нақтылайтын жоба-жоспар құрып, соның негізінде жүйелі һәм кешенді шаралар қабылдау арқылы келетін дүние. Әсіресе, дамушы елдер үшін биікке жетелейтін мұндай маңызды құжаттар, бағдарламалар ауадай қажет. Әлбетте, оның бәрі, ең бірінші кезекте, халықтың қажетін өтеудің, әлеуметтік түйткілдерін шешудің есебінен болуы тиіс.

Бұл ретте Қазақстанның жағдайында Елбасы жариялайтын Жолдаулардың, Үндеулер мен бағдарламалардың алар орны айрықша. Оның қай-қайсысын алсақ та, ел өміріне қатысты нақты өткір мәселелер көтеріліп, оларды шешу жолдары қолмен ұстатқандай етіп көрсетіліп отырады. Солардың ішінде биыл наурызда Парламенттің қос палатасының бірлескен отырысында жариялаған «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты үндеуінің маңызы зор десек қателеспейміз. Неліктен?

Себебі, аталмыш Үндеуде Елбасы үн қатқан мәселелердің қайсысын алып қарасаңыз да — өткір, өзекті. Елдің көкейіндегі күрмеулі түйткілдер. Қараша халықтың қарапайым тұрмысын жақсартуды бұл мәселелердің шешімінсіз елестету мүмкін емес. Мысалы, «үйі жоқтың — күйі жоқ» демекші, баспананың түйіні тарқамай, тұрғындардың уайымы сейілмек емес. Немесе, үндеудегі екінші, яғни, жалақысы төмен адамдардың еңбекақысын көбейту мақсатында салық жүктемесін азайту бастамасы. Нарықтың заңы халықтың қамынан алшақтап, қымбатшылық қос бүйірден қысқан бүгінгі заманда мұны оңды шешім демей көріңіз. Жарнамасы жер жарып, талапкерлерді табалдырығынан аттатып алған соң «жатақхана жетпейді» деген сылтаумен арманын арқалап келген жастарды пәтер жағалатып қою жоғары оқу орындарының қашанғы дағдысы. Елбасы үндеудегі үшінші бастамада осы ескертіліп, 2022 жылға дейін 75 мың орындық жаңа жатақханалар салу тапсырылды. Тіпті, жоғары оқу орындарына бұл мәселені мемлекет пен жеке меншіктің серіктестігі қағидасымен шешу туралы ұсыныс та тасталды. Не болмаса, шағын несие беру туралы төртінші бастама. Мұндағы ұстаным негізінен «балық бергенше, балық аулайтын қармақ бер» дегенге саятындай. Олай дейтініміз, мемлекет осы арқылы азаматтардың шағын және орта кәсіпкерлікпен айналысуына мүмкіндік жасамақ. Оның ар жағында бұл өзін өзі жұмыспен қамту мәселесінің шешімін табуына жол ашады. Қала берді, шағын және орта кәсіпкерлікті экономиканың негізгі күшіне, арқа сүйеріне айналдыру бүгінгі мемлекет саясатындағы басты бағыттардың бірі. «Президенттің бес әлеуметтік бастамасының» соңғысы елді газбен қамтамасыз ету хақында. Бұған дейін аталмыш бағытта «ешқандай жұмыстар жүргізілген жоқ» деуден аулақпыз. Елбасының еске салып отырғаны, сол жұмыстарды ары қарай жалғастыру, жандандыру. Үндеуде еліміздің 9 облысына газ тартылғаны, жалпы халықтың 50 пайызға жуығы көгілдір отынмен қамтамасыз етілгені айтылады. Әлбетте, бұл көрсеткіш аз. Қазақстанның орталығы мен солтүстік өңірлері әлі де газсыз  отыр. Оның ішінде Астана да бар. Мемлекет басшысы аталмыш аймақтарға газ тарту арқылы әлгі пайыздық көрсеткішті арттыруды шегелеп тапсырды. Бұл жерде шағын және орта бизнестің жаңа өндірістерін ашуға мүмкіндік туады әрі экологиялық мәселе де шешімін табады екен. Мұны «Газға көшу тек Астананың өзінде зиянды қалдықтардың ауаға таралуын 6 есеге немесе жылына 35 мың тоннаға азайтады» деп, Елбасы Үндеуде орынды еске салды. Бәрінен бұрын жұрт көгілдір отынның қызығын көрсе, пеш жағып, күл шығаратын азаптан құтылар еді. Оның үстіне Арқада қыстың алты айға созылатынын ескеріңіз.

Әсіресе, құжаттағы бірінші бастамаға арқау болып отырған баспана жайы. Онда оған қол жеткізудің жаңа мүмкіндіктерін қарастыру сөз болып, пәтер алудың «7-20-25» бағдарламасы ұсынылған. Айта кетерлігі, тұрғын үй түйткілін тарқатамыз деп, Үкіметтің ұсынбаған бағдарламасы жоқ. Соның бірі «Қолжетімді баспананың» өзі соңында халық үшін қолжетімсіз болып шықты. Ілгеріректе іске қосылған «Нұрлы жер» бағдарламасы да халықтың тұрғын үйге деген мұқтаждығын азайтуды міндет етіп қойған-ды. Бір сөзбен айтқанда, мемлекет тарапынан бұл бағытта тиісті құжаттар қабылданып, жұмыстар жасалып-ақ жатыр. Мәселен, бір ғана 2017 жылы 11 млн шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға берілген. Оған дейін де берілгені қаншама. Бірақ, соған қарамастан, «өз үйі — өлең төсегіне» қол жеткізе алмай жүргендердің қарасы жетерлік.

Мемлекеттік бағдарламар халықты неліктен баспанамен толық қамтамасыз ете алмай жатқанын бір ғана сөзбен түсіндіру қиын. Бұл арада түрлі факторлар бар. Нарық заңына ілесе алмай жатқан халықтың тұрмыс түйткілі де сол себептердің қатарында жоқ емес. «Қолжетімді» дегенмен, ипотекаға үй алу үшін қойылатын шарттардың көпшілік үшін ыңғайлы бола бермейтіні тағы бар. Оның пайыздық мөлшерлемесін бәрінің бірдей қалтасы көтере бермейді. Немесе, бастапқы жарнасының көлемі көңілдерді күпті етіп келді. Президент Нұрсұлтан Назарбаев ұсынған бағдарламада осы олқылықтар ескеріліп, олардың мөлшері азайтылды. Яғни, бұл бастапқы бағдарламаларда кеткен кемшіліктерді түзей келе жасалған жаңа бағдарлама.

Тарқатып өтсек, несие мөлшерлемесі 7 пайыздан, бастапқы жарна баспана құнының 20 пайызынан аспауы керек және төлем мерзімі бұрынғыдай 15 емес, 25 жылға дейін ұзарады. Соның есебінен бағдарламамен үй алған тұрғынның ай сайынғы төлейтін ақшасының мөлшері азаймақ. Бағдарламаның «7-20-25» деп аталуының сыры, міне, осында.

Елбасының бұл міндеттемесін жүзеге асыру бойынша тиісті орындарға тапсырмалар беріліп, қазір ол бойынша өтініш қабылдау еліміздің әр өңірінде басталып та кетті. Банктер 1 шілдеден бастап ипотекалық несие беруді қолға алды. Бас-аяғы төрт кезеңнен тұратын бағдарлама негізінде берілетін ипотекалық несиенің шекті мөлшері де белгілі болған-ды. Ол Астана, Алматы, Атырау мен Ақтау қалалары үшін 25 млн теңге, басқа қалаларда 10 млн, өңірлерде 7 млн теңгеге дейінгі көлемде болмақ. Алда-жалда алғашқы аталған қалалардың бірінен 25 млн теңгеге ипотекалық несие рәсімдей қалсаңыз, ай сайын 170 мың теңге төлейсіз. 25 млн теңгеден бөлек, алуға бекінген пәтеріңіздің құнының 20 пайызын бастапқы жарна ретінде құюыңыз қажет. Сондай-ақ, кірісіңіз ай сайынғы төлемнен екі есе көп болуы керек. Мәселен, айына 170 мың теңге төлейтін болсаңыз, табысыңыз 340 мың теңгеден кем болмауы тиіс. Мұның бәрін аталмыш бағдарлама жарияланған соң-ақ Ұлттық банк төрағасының орынбасары Олег Смоляков тәптіштеп түсіндірген-ді.

Енді аймақтардағы ахуалдан бірер мысал келтіре кетсек, жазда ғана «облыс орталығы» деген мәртебесін Түркістан шаһарына беріп, «республикалық маңызы бар қала» санатына үшінші болып қосылған (Алматы мен Астанадан кейін) Шымкентте «7-20-25» бағдарламасы бойынша 500 мың шаршы метр тұрғын үй құрылысы жүргізілмек. Бұл 8333 пәтер салынады деген сөз. Ең басты жаңалық, шым шаһардың тұрғындары баспананы 20 пайыз емес, 10 пайыздық бастапқы жарна құйып ала алады. Өйткені, Шымкентте мұның алдында «Баспана» ипотекалық ұйымы жас отбасылар мен бюджеттік сала қызметкерлері үшін бастапқы жарнаны 10 пайызға дейін азайту жөнінде жергілікті атқарушы органдармен келісімге келген болатын. Өз кезегінде жергілікті билік облигациялар шығару арқылы бастапқы жарнаның жартысын субсидиялайды. Мұндай шешімге келуге себеп болған – мемлекеттік қызметкерлер мен жас отбасылар үшін баспана құнының 20 пайызын бастапқы жарна ретінде жинаудың өзі айтарлықтай қиындық тудыруы. Нәтижесінде, «Баспана» ипотекалық ұйымы АҚ басшысы Қайрат Алтынбеков пен Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахымов өзара меморандумға қол қойды. Осылайша, шаһар әкімдігі алдағы екі жылға екі мыңдай жас отбасы мен бюджеттік сала қызметкерлерінің бағдарлама бойынша баспана алуына бастапқы жарнасының жартысын төлеу үшін 2 млрд теңге қаражат бөлуге дайын екендігін жеткізді. Құптарлық және Елбасы жариялаған «Президенттің бес әлеуметтік бастамасындағы» бірінші міндетті қолдап әкеткен бастама десек, артық айтқандық емес.

Ал, Павлодар өңірінен осы бағдарлама бойынша алғашқы ипотекалық несие алушы Астанадан пәтер алуға өтініш білдірген. Оған 14 млн теңгелік несиені 20 жылға «Банк ЦентрКредит» АҚ рәсімдеген.

Ақтөбе облысында «7-20-25» бағдарламасы бойынша үй алуға берілген 76 өтініш мақұлданған. Аймақ басшысының орынбасары Серік Төленбергеновтің айтуынша, Ақтөбе облысы аталмыш бағдарлама шеңберінде баспана алуға өтініш білдірушілердің саны бойынша республикада 4-ші орында тұр.

Алматы өңірі де қара жаяу емес. Президент ұсынған жаңа бағдарлама негізінде аумағы 35 мың шаршы метр болатын 17 тұрғын үйді қолданысқа бермек. Ол үшін облыстық қазынадан 5,4 млрд теңге бөліп те қойған. Осыған дейін екінші деңгейлі банктер 472 млн теңгеге 40-тан астам өтініш қабылдаған. Ендігі жерде жергілікті билік бұл көрсеткішті көбейту үшін халық арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізуге күш салмақ. Бүгінгі күні бағдарламаны жүзеге асыру үшін облыстың Талғар, Қарасай, Іле, Панфилов аудандары мен Қапшағай, Талдықорған қалалары аумағынан арнайы жер телімдері бөлінген. Жоспар – сол жерлерге жалпы көлемі 3,5 млн шаршы метр тұрғын үй салу.

Мұндай мысалдарды өзге де аймақтардан көптеп келтіруге болады және оның бәрі бір нәрсені айғақтайды. Ол — Елбасы тапсырмасын орындау ел көлемінде қызу қолға алынып жатқандығы. 

Бөлісу: