Президентке еліміздегі су тасқынына дайындық туралы мәлімет берілді

13 Ақпан 2023, 18:38 1295

Бұл туралы Ақорда мәлім етті

Мемлекет басшысы Экология және табиғи ресурстар министрі Зүлфия Сүлейменованы қабылдады деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

Президентке еліміздегі гидрометеорологиялық жағдай мен су тасқыны кезеңіне дайындық барысы туралы мәлімет берілді.

Мемлекет басшысына су тасқыны кезеңінде гидротехникалық нысандардың қауіпсіз пайдаланылуын қамтамасыз ету шаралары жөнінде баяндалды. Осы мақсатта ведомство Абай және Шығыс Қазақстан облыстарында тексеру жұмыстарын жуық арада жүргізуді жоспарлап отыр.

Жалпы, республика аумағында барлығы 1806 гидротехникалық құрылыс бар. Жыл басындағы жағдай бойынша 1322 гидротехникалық құрылыс ғимараты тексерістен өткен, 471 нысан жөндеуді және жаңғыртуды қажет етеді.

Зүлфия Сүлейменова броконьерлікке және орман ағашын заңсыз кесуге қарсы күрес шаралары күшейтіліп жатқанын жеткізді. Оның айтуынша, қазіргі таңда министрлік Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша елімізде орман шаруашылығын дамыту мәселесін пысықтап жатыр.

Қасым-Жомарт Тоқаев орталық және жергілікті атқарушы органдардың көктемгі су тасқынына әзірлік жұмыстарын бірлесе жүргізуі маңызды екенін атап өтті. Сондай-ақ барлық гидротехникалық құрылыстарды құжаттау және түгендеу ісін жыл соңына дейін аяқтау қажет екенін айтты.

EL.KZ
Бөлісу: