Президент Жолдауынан кейін «Жаңа Қазақстанда» не өзгерді?

16 Наурыз 2023, 15:28 1056

Осыдан тура бір жыл бұрын 2022 жылдың 16 наурызында Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа Қазақстан: жаңару және жаңғырту жолы» атты Жолдауын жариялады. Baigenews.kz тілшісі бірі жыл ішінде Жаңа Қазақстанда қандай өзгерістер болғанына шолу жасады.

Президент Жолдауының алғашқы тармағында қаңтар оқиғасына қатысты айтылды. Тоқаев бұл оқиғаның «мемлекеттілігіміз үшін зор сынақ болғанан» және барлық кінәлілер жазаланатынына уәде берген.

...кімнің қандай лауазым иеленіп отырғанына, қоғамдағы орны қандай екеніне қарамастан осы қайғылы оқиғаларға кінәлі адамдар түгелдей лайықты жазасын алатынына уәде беремін. Сол күндері қатаң әрі шұғыл шара қабылдаудан басқа  амал қалған жоқ. Мен ең шешуші сәттерде елім үшін қолымнан келгеннің бәрін жасадым. Бұл – менің президенттік әрі перзенттік борышым, - деді сол кезде Мемлекет басшысы.

Содан бері елде қауіпсіздік шаралары күшейтілді. Әскери күш рейтингінде Қазақстан әлемде 63-орынға дейін көтерілді.

Ал қанды қантарға қатысты тергеу әлі де жүргізіліп жатыр. Құқық қорғау органдары ұрланған қаруларды іздестіруде.

Жоғары лауазымды шенеуніктер арасында Қорғаныс министрі болған Мұрат Бектанов жауапқа тартылып, кейін 12 жылға сотталды. Сол кездегі ІІМ басшысы Ерлан Тұрғымбаев, Алматы облысы ПД басшысы Серік Құдебаев және бірнеше шенеунік қызметтен шеттетілді.

Дегенмен жауапсыз қалған сұрақтар әлі де аз емес. Төңкерістің басты ұйымдастырушысы деп айыпталған Кәрім Мәсімовтің артында кім тұр? Нұрсұлтан Назарбаевтың қаңтар оқиғасына қатысы бар ма? деген сұрақтар халықты әлі де мазалайды. Бас прокурор Берік Асылов тергеу құпиялығына байланысты бұл сұрақтарға жауап бермеді. Самат Әбіштен де тек куәгер ретінде жауап алынғаны айтылды.

EL.KZ
Бөлісу: