05.12.2025
14:41
429
Президент желіде сағаттап отыратын жастарға кеңес берді

Президент желіде сағаттап отыратын жастарға кеңес берді

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Алтын сапа» және «Парыз» сыйлықтарының лауреаттарын марапаттау рәсімінде, сондай-ақ «Қазақстанның үздік тауары» республикалық байқауының жеңімпаздарын құттықтау барысында сөз сөйледі.

Мемлекет басшысы қазіргі геоэкономикалық тұрақсыздық жағдайында бизнес өкілдерінің жасампаздығы мен отаншылдығы ерекше маңызға ие екенін атап өтті.

Президенттің айтуынша, кәсіпкерлердің табанды еңбегі мен еліміздің болашағына деген сенімі Қазақстанның экономикалық әлеуетін нығайтуға тікелей үлес қосады.

Сапалы өнім шығару, сапалы қызмет көрсету – бәсекеге қабілеттіліктің көрсеткіші әрі еліміздің өркендеуіне қосылған нақты үлес. Ел президенті ретінде кәсіпкерлерге шынайы құрметпен қараймын. Олардың іскерлігіне, адамгершілігіне және мемлекетіміздің игілігі үшін атқарып жатқан еңбегіне сенім артамын, – деді Тоқаев.

Сондай-ақ президент жастарға ерекше үндеу жасады. Ол әлеуметтік желіде уақытын босқа өткізіп, пессимизмге бой алдырмауға шақырды.

Ертеден белгілі: әрекетсіз, құлықсыз, іші тар адамдар жетістікке жетпейді. Мұны әсіресе әлеуметтік желіде сағаттап отыратын жастар білуі керек. Тіпті ең қиын жағдайдың өзінде үлкен мүмкіндік бар. Үміт үзбей, жаңа жолдар іздеп, табысқа жетуге ұмтылу қажет, - деп кеңес берді мемлекет басшысы.