Мемлкет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің екінші форумында жайылым мәселесіне ерекше назар аударды. Президент жерді тиімді игеру жайлы бірқатар тапсырмалар жүктеді, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Мемлекет басшысының айтуы бойынша, халық жерден нақты пайда көруі керек. Бұған дейін заңсыз иеленген немесе игерілмей қалған алқаптарды мемлекет меншігіне қайтару жөнінде тапсырма берілгені белгілі. Министрліктің мәліметінше, 2022 жылдан бері 14 миллион гектардан аса жер қайта алынған.
Президент бұл учаскелерді іс тындыра алатын және еңбек етуге ниетті азаматтарға беру қажеттігін еске салды. Дегенмен, бұл жұмыс баяу жүргізіліп жатқандықтан, қайтарылған жерлерді келесі жылдың ортасына дейін толық айналымға енгізу туралы тапсырма берілді. Әкімдіктердің жоспарлары қағаз жүзінде қалып қоймай, нақты іске асуы тиіс. Ең маңыздысы - жер қайтадан бос жатпау керек.
Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев Үкімет әзірлеп жатқан мал шаруашылығын қолдау жоспарына тоқталды. Жайылымдар ең алдымен ауыл тұрғындарына және нақты жобасы бар инвесторларға ұсынылуы қажет. Бұл бағыттағы шешімдер келесі жылдың ортасында қабылданатын құжатта анық көрсетілуі тиіс.
Президент жердің кепілдік құны мәселесіне де тоқталды. Қазіргі кадастрлық бағалар нарықтағы шынайы жағдайға үйлеспей отыр. Осыған байланысты Үкіметке бағалау әдістемесін қайта қарау тапсырылды. Сонымен бірге, ол Жер ресурстарының бірыңғай цифрлық картасын әзірлеу туралы бұған дейін берген тапсырмасын еске салып, жауапты министрліктерден жеті күн ішінде атқарылған жұмысты баяндауды талап етті.