Мемлекет басшысы «Жасанды интеллект туралы» заңға қол қойып, жасанды интеллект жүйелерінің қызметін реттейтін негізгі қағидаттарды енгізді, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.Ресми ақпаратқа сәйкес, енді жасанды интеллект ақпараттандыру саласының жеке нысаны ретінде танылады.
Құжатта жасанды интеллект адамның белгілі бір міндеттерді орындауына көмектесетін құрал ретінде қарастырылатыны атап өтілген. Осыған байланысты жауапкершілік пен бақылау тетіктері заңмен бекітіліп, жүйенің меншік иелері мен пайдаланушылары өз рөліне сай жауап бере отырып, тәуекелдерді басқару, жүйенің қауіпсіз әрі сенімді жұмыс істеуін қамтамасыз ету және қолдау көрсету міндеттерін орындайды.
Заңда сондай-ақ заңдылық, әділдік, тең мүмкіндіктер, ашықтық, түсініктілік, адам мүддесін басым қою, дербес шешім қабылдау еркіндігін сақтау, деректерді қорғау, құпиялылық, қауіпсіздік және қорғаныс сынды қағидаттар бекітілді.
Азаматтар мен ұйымдардың құқықтарын сақтау және құқықтық тәртіпті нығайту мақсатында Қазақстан аумағында жасанды интеллекттің бірқатар қауіпті немесе заңнаманы бұзатын түрлерін әзірлеуге және пайдалануға тыйым салынды. Бұған тұлғаның санасына әсер етуге бағытталған немесе жеке деректер туралы заңды бұза отырып ақпарат жинайтын технологиялар да кіреді.
Жасанды интеллекттің көмегімен жасалған өнімдер мен қызметтерге арнайы белгі қойылуы міндеттелді. Бұл тұтынушылардың ондай нәтижелердің қалай алынғанын түсінуіне мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, әлемдік тәжірибені ескере отырып, ұлттық жасанды интеллект платформасының құқықтық негізі қалыптастырылды. Бұл платформа белгілі бір уақыт ішінде жасанды интеллект модельдерін әзірлеуге, оқытуға және сынауға мүмкіндік беретін орта ретінде пайдаланылады.
Заңдағы түзетулердің алғашқы бөлігі қолданыстағы нормативтік актілерді жаңа Заң талаптарымен сәйкестендіруге бағытталған. Екінші бөлігі басқа заңнамалық салаларды жетілдіруді қамтиды.
Атап айтқанда, қамтамасыз етілмеген цифрлық активтердің Қазақстан аумағында айналымы реттелді. Бұрын бұл активтер тек АХҚО шеңберінде ғана айналыста бола алатын.
Жеке деректерді қорғауды күшейту мақсатында оларды өңдеуге берілетін келісімнің мерзімі деректерді жинау мақсатына жету үшін қажетті уақытпен шектелетін болды. Деректер субъектісі немесе оның өкілі кез келген уақытта келісімді кері қайтарып ала алады.
Бөлшек сауда субъектілеріне қатысты тауарларды таңбалау процесі де жаңартылып, есепке алу операциялары енді идентификациялық құралдарды оқитын бақылау-касса машиналары арқылы жүргізіледі.
Сондай-ақ, ақпараттық қауіпсіздікке қатысты да бірқатар талаптар бекітілді.