Президент университеттерде ғылыми зерттеулер сапасыз жасалатынын айтты

12 Сәуір, 13:22 683

Университет ғылымын және ғылыми инфрақұрылымды дамыту мәселелеріне баса назар аудару қажет. Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңесте айтты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі. 

Соңғы жылдары ғылым және орта білім саласында табысты реформалар жасалды. Бірақ тың өзгерістер жоғары оқу орындарынан кадрлардың кетуіне әкеп соқтырды. Ғылыми атағы бар білікті оқытушылар жалақысы көп мектептерге және ғылыми ұйымдарға ауыса бастады. Бүгінде университет профессорлары мен оқытушылары арасында ғылыми атағы бар мамандардың үлесі 40 пайыздан сәл асады. Бұл үрдіс докторант пен магистрант қана емес, бакалавр даярлаудың сапасына да кері әсер етеді. Құзырлы министрлікке нақты шара қабылдауды тапсырамын. Жалпы университеттегі кадр тапшылығы ғылыми жұмыстардың деңгейіне теріс ықпал етіп отыр. Жоғары оқу орындарындағы ғалымдардың еңбектеріне сілтеме жасау көрсеткіші өте төмен. Яғни 100 балдық жүйенің бір баллынан да аспайды, - деді Президент.

Мемлекет басшысының айтуынша, университет ғылымында қордаланған мәселелер аз емес. Беделді халықаралық рейтингтерде көрсеткіштердің төмен болуы – соның бір көрінісі. Жағдайды түзеу үшін кешенді шараларды дереу қолға алу керек.

Жоғары оқу орындарының кемшін тұсы – ғылыми зерттеулердің сапасыз жасалуы. Сондай-ақ өндіріс орындарымен тұрақты байланыс жолға қойылмаған, ал кейбір оқу орындарында мүлде жоқ деуге болады. Білім ордаларының басым бөлігі жұмыстың тиімсіз әрі ескірген тәсілдерін қолданып келеді. Жалпы университеттер мен ғылыми ұйымдар елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына зор үлес қосатын стратегиялық орталық болуы керек. Сондықтан Үкіметке арнайы бағдарлама әзірлеуді тапсырамын, - деді Тоқаев.

Ақмарал Ағзамқызы
Бөлісу: