Президент Ұлттық музейдегі өнер туындылары көрмесін тамашалады

6 Маусым, 15:02 581

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елордадағы Ұлттық музейге арнайы барып, отандық және әлемдік бейнелеу өнері туындыларының көрмесімен танысты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Президентке өнертанушы Ольга Батурина қазақстандық талантты қылқалам шеберлерінің туындылары жинақталған «Дала кескіндемесі: рәміздер, бояулар, бейнелер» атты көрмені таныстырды.

Қасым-Жомарт Тоқаевқа әйгілі италиялық суретші Леонардо да Винчидің «Әдемі ханшайым» (La bella principessa) картинасының түпнұсқасы көрсетілді. Танымал туындының көрмесі Ұлттық музейдің 10 жылдығына орай Италияның «Scripta Maneant» баспасымен бірлесе ұйымдастырылған.

Жоғары Ренессанс дәуіріне жататын бұл құнды жәдігер Еуропадан тысқары жерге алғаш рет шығарылып отыр. Көрме еліміздің Мәдениет және ақпарат министрлігінің, Италияның Қазақстандағы елшілігінің және Италия мәдениет институтының қолдауымен өтіп жатыр. Елорда тұрғындары мен қонақтары Леонардо да Винчидің осынау бірегей туындысын 4 тамызға дейін тамашалай алады.

Ақмарал Ағзамқызы
Бөлісу: